Қазақ эстрадасындағы көшірме әндер отандық сазгердің жағасын ұстатты

"Хабар" телеарнасындағы "Қызық Times" бағдарламасы белгілі композитор Арман Дүйсеновті отандық эстрададағы көшірме әндермен таңғалдырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қонаққа шақырылған Арман Дүйсеновпен бағдарлама жүргізушілері Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек "Әуенді тап" ойынын өткізеді. Ойынның шарты бойынша, қонақ ойнатылған әуеннің орындаушысын немесе әннің атауын табуы тиіс болады. Алайда, қазақ эстрадасында орындалып жүрген белгілі әндердің авторы немесе орындаушысы шетелдіктер болып шығады да, композитор елімізде хитке айналған әндердің төл туынды болмағанына таңғалысын жасырмайды. Мәселен, бірінші әуен орындалғанда Арман Дүйсенов композициядан Төреғали Төреәлінің "Төрешің" әнін таниды таниды, бірақ жүргізушілер бұл әнді румынның Fly Project (Hello) деген топтың әншілері орындайтынын айтады.

Келесіде сазгерге Әлішер Кәрімов, Серік Ибрагимов пен "Лашын" тобы, "Алау" тобы, Дильназ Ахмадиева мен Мақпал Исабекова, Дастан Оразбеков, Марсель, Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртастың орындап жүрген әндері ұсынылып, әннің түпнұсқа нұсқалары ойнатылады.

"Бір қарағанда күлкілі нәрсе сияқты, дегенмен қасірет жағы да жоқ емес екен. Мен пікір айтар едім, баяғыда Феликс Эдмундович Дзержинский деген кісі біреуге айтқан екен: "Бостандықта жүргеніңіз сіздің жетістігіңіз емес, ол біздің жұмысымыздың әлсіздігі" депті. Осы тұста бұл қазақ композиторларының "көбірек ұйықтайтынынан" туған мәселе шығар деп ойлаймын. Бұл бағдарлама студиядағы барлық сазгер, орындаушы бауырларымызға құлаққағыс болатын шығар деп ойлаймын", - деп бөліседі әсерін сазгер Арман Дүйсенов. 

Ал желі қолданушылары бағдарламаның әзілге құрылғанына қарамастан, үлкен мәселе қозғалып отырғанын пікір ретінде жазған. "Марат, Еркебұлан, жарайсыңдар. Бұл күлетін нәрсе емес, бірақ сіздер осы ащы шындықты күлкімен жеткезіп, кей әнші, кей композиторлардың бетін аштыңыздар" дейді қолданушылардың бірі.