Қазір қазақ эстрадасы жақсы дамып келе жатыр. Онымен бірге бәсекелестік те артып келеді. Бәсеке қарыштаған сайын әншілерге қойылатын талаптар та күшейеді: керемет дауыс иесі болу, сапалы бейнебаян түсіру, сырт келбетпен жұмыс істеу, мағыналы мәтін жазу және жұрттың аузында жүретін есім ойлап табу. Әрине, көпшілік өзінің аты мен тегін алып жатады. Бірақ қазақ эстрадасында ойлап тапқан есімімен ерекшеленетін жеке әншілеріміз бар. Ендеше, олардың сахналық есімі қалай пайда болғаны туралы қызықты ақпарат ұсынамыз.
Ochooou
Қазақ этрадасындағы жеке әншілер арасында ең ерекше есім Ochooou десек қателеспейтін шығармыз. Оның шын есімі – Олжас Жанабеков. Олжас – әнші әрі актер. Оны актер ретінде көпшілік "Аға әлде неке" (Брат или брак) фильмі арқылы таниды. Очоу – Олжастың балалық шақтағы лақап аты. Бұл лақап атты оның әкесі ойлап тапқан. Кейін басқалар да солай атап кеткен. Олжас ән айтып бастағанда өзіне осы лақап атты алуды ойлайды. Ғаламторға "Очоу" деп жазғанда, басқа елдерде ондай есімдердің барын байқаған. Ал тағы да екі "о" қосып, "Очоооу" деп іздегенде, ештеңе табылмаған. Мінекей, бізге таныс Ochooou есімі осылай пайда болған.
Бүркіт
Қазақстандық танымал әнші Бүркіттің шын есімі – Айбек Сейітов. "Бүркіт" лақап атының халық құлағына сіңіп кеткені соншалық, оны Айбек деп атау "біртүрлі" көрінеді. Бұл лақап ат Айбек продюсер Евгений Жагалтаевпен бірге жұмыс істеп бастағанда ойлап табылған. Бүркіттің әйелі Аишаның шын есімі Виктория екенін айта кетейік.
Кентал
Әнші Кенталдың шын есімі – Талғат Кенжебұлатов. Ол бір сұхбатында өзінің лақап атының пайда болуы туралы былай дейді: "Маған кішкентай кезімде әнші әрі актриса Дженнифер Лопес ұнайтын. Ол бір кездері өзін Ло деп атай бастағанда мен де ата-тегімді қысқартып, тәжірибе жасап көргім келді. Тегім мен есімімнің бастапқы үш әрпін қосқанда КенТал деп шықты".
Qara Bala
Superstar.kz жобасын көрген адамдардың барлығы Нұржанның лақап аты қалай пайда болғанын біледі. Шашы бұйра қара бала Нұржанды алдымен әділ-қазылар, содан соң көрермендер де "кап-карашка" деп атап, ол сол атпен танымал болып кетті. Ел аузында оны көпшілік "кап-карашка" деп атағанмен, ол сахнаға Нұржан Керменбаев деп шығып жүрді. Ал соңғы бейнебаяндарында оның Qara Bala деген лақап атты алғанын байқадық.
Луина
Луинаны 2010 жылы Х-фактор жобасын көргендер Луиза Каринбаева деп таниды. Осы жобадан соң оны продюсер Жомарт Сүлейменов өз орталығына шақырып, Луина жобасын бастайды.
Аша Матай
Халық құлағына сіңіп кеткен лақап аттың бірі – Аша Матай. Аша Матай – атақты әнші, тележүргізуші және актриса. Ол лақап атын ата-анасымен және продюсерімен бірге ойлап тапқан. Ақботаны жақындарының бәрі "Боташа" деп еркелететіндіктен, сол сөздің "Аша" деген соңғы үш әрпін алған. Ақботаның руы найман және оның ішінде матай екен. Осылайша, құлаққа жағымды Аша Матай лақап аты пайда болған.
Kaliya
Әнші Калияның шын есімі – Ақмаржан Күшербаева. Ақмаржанға продюсерлері мен жетекшілері сахнаға арналған лақап ат ойлап табуға кеңес берген. Калия – Ақмаржанның анасының есімі. Ол сахналық есім ретінде осы атты алуды жөн көрген.
Say Mo
Мөлдір – Ресейдегі "Песни" жобасымен танылған жұлдыз. Ол өзінің ерекше рэп оқу стилімен тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. Мөлдірдің шоу-бизнестегі лақап аты – Say Mo. Оны жақындары мен достары көбіне Молли немесе Моля деп атайды екен. Сондықтан ол бастапқыда "Call me Molly" деген лақап атты қолданады. Бұл лақап ат ұзақ болғандықтан "Call me" сөзін "Say" сөзіне ауыстырып, "Molly" дегенді "Mo" деп қысқартады. Яғни, "Say Mo" – "мені Мо деп шақыр" немесе "Мо деп айт" дегенді білдіреді.
Ayree
Айгерим Рақыш – шығармашылыққа жақын отбасыда дүниеге келген жас әнші. Оның ата-анасы Сымбат Рақышов пен Әлия Рақышева – танымал кәсіби музыканттар. Ayree – көптеген халықаралық конкурстардың қатысушысы. Ал қазір ол өзін q-pop жанрында сынап жүр. Ол Айри лақап атын ата-тегін қосу арқылы шығарғанын айтады.
C.C.Tay
Айгерім Мергенбай – Баян Алагөзованың "Сиситай" фильміндегі басты рөлдердің бірін ойнаған жас актриса. Айгерім осы фильм түсірілімінен кейін q-pop жанрында ән айтуды қолға алады. Оны көпшілік кейіпкерінің есіміне сай Сиситай деп атап кеткендіктен, осы атауды сахналық лақап аты ретінде қалдыруды жөн көрген. Айгерімнің айтуынша, бұл есімді лақап ат ретінде бекітпес бұрын Баян Алагөзованың рұқсатын алған.
Сіз бұл тізімге кімді қосар едіңіз?