Қазақ әнді қалай тыңдаған?

Қазақ әнді қалай тыңдаған?
Фото: murzin.kz

Өткенде мың қатпарлы қазақ сөзінің бірлі-жарымының бұрынғы және қазіргі қолданылуы жайында бір мақала жазып едік. Жұрт бейне бір жоғалғанын тауып алғандай өте жылы қабылдады. Жалғасуын сұрады. Қалың елдің қалауынан шығып жатса қолда тұрған қазынамызды неге қаза бермеске! Осы жолғы сөзіміз бабаларымыздың байырғы бір әні жайындағы әңгімемен басталып кетті.

Талдан таяқ жас бала таянбайды

Қазақтың өте көне әндерінің қатарына жататын «Бір бала» дейтін әні бар ғой, соның сөзі ғажап енді! Жалпы, аталарымыз әнді қалай тыңдайды? Ән айтылып жатқанда оның әр сөзіне байланысты, сол сөзді әуеннің екпіндетіп, сызылтып құбылтуына байланысты, оны әншінің тамылжытып, сорғалатып, түрлендіре, егілдіре, төгілдіре салуына байланысты өз қиялын қыр асырып, көңіл қыранын аспан кездіріп, әр қиырға көз салдырып шарықтатып, шабыттанып, шалқымай ма?! Кейде ауыр ойға беріліп күрсінбей ме, тереңінен маржан сүзіп тебіренбей ме?! Сол «Бір бала» әнін аталарымыз тыңдап отыр делік. Әннің сөзі басталып айтыла бергенде-ақ оның мән-мағынасы тыңдаушы санасында жусандай бұрқырап шыға келеді. «Талдан таяқ жас бала таянбайды…», — деп ақырын ғана әуелеп барады. Ол не деген сөз?

Біраз қазақ білсе керек, әсіресе Жетісу өңірінен көбірек байқаймыз, кісі қайтыс болғанда марқұмның туыстары есік алдында таяқ таянып тұрады. Белге түскен қайғыны таяққа сүйеніп әрең көтеріп тұрғандай бейнеде еңкіштеп, күрсініп көңіл айта келген кісілермен бет көріседі. Ал, бала деген аппақ әлем, оның қайғыруына болмайды, оны қайғыртуға болмайды.

Бала күнімізде қолымызға қапелімде бір таяқ ұстай қалсақ үлкендер, «таста» деп ұрсатын. Бұл, бала таяқ ұстаса кісі өліп қалады дегеннен емес, қайғырудың балаға жат екенін сезіндіру. Жетім қалып бара жатқан бала көңіліне де қапелімде қайғы түсіп кетпеуінің қамына қылған іс болса керек. Енді осы ғұрып бір қажетті жерінде әннің сөзіне айналып отыр ғой. Әнге зер сала қарасаңыз, әнді шығарушы сол топтағы бір балаға ән салдыру үшін айтып отырғандай елестейді. Қазіргі тілімізбен айтқанда бірінші жол: «Сен жассың, баласың ғой, ендеше, мұндай топта жалыңды жығып, көңіліңді пәс етпе, ал, әнге сал!» дегенді айтудың алғашқы емеуріні емес пе!? Міне, әнді тыңдамаққа отырған аталарымыздың құлағына жеткен осы бір жол өлең оларға іштей де сырттай «иә, жөн-ау!..» дегізіп шынтақтап жатқан орнынан қозғалақтатып, малдас құрғызады ғой!

Бала бүркіт түлкіден аянбайды

Құсбегінің қолында не ұшып жүрген кезінде ау, тор, қақпан құрып ұстаған бүркіт болады да, не жұмыртқа жарып, әлі ұшпаған кезінде ұядан алған бүркіт болады. Алғашқысын түзден ұстаған соң «түз бүркіт», соңғысын балапан күнінде ұядан алған соң «қолбала», «бала бүркіт», «балапан құс» деген атаулармен атайды. Кей бүркітшілер екеуін қатар ұстайды. Себебі, екеуінің аң алу тәсілі екі түрлі болады.

Ұшуды, аң аулауды қанша дегенмен ұябасар мен саршадан (аталығы мен аналығы) табиғи түрде үйренген қу ғой, түз бүркіттің аң алуын кәсіби деңгей деп түсініңіз. Қалай ұстайды? Тұра тұрыңыз, оның аңды қайтып ұстауының алдында адамға қалай үйірлесетіні жайында мынадай бір қызықты әдіс туралы қысқаша айта кетейін.

Ырғаққа отырғызу. Түз бүркітті ұстап әкелген бетте қолға үйрету мүмкін емес. Аспанның ерке серісі емес пе, жанына адам жақындаса шалқалай шырылдап жаны шығып кете жаздайды. Сондықтан оны үйге әкелген күні «ырғаққа» отырғызады. Үйдің ішіне арқан керіп сол арқанның ортасына бүркіттің шеңгеліне толатындай келтек ағаш байлайды да соған отырғызады. Басына томағасын кигізген соң көзі де жабылады ғой, енді керулі арқанға бір жіпті байлап, арқанды қозғайды да отырады. Көзі таңылған бүркіт құлап кетпес үшін әлгі келтекті барынша сыға түседі. Арқанды қозғайтын жіптің ұшын бір балаға ұстатып қойып ауылдың шалдары әңгіменің көрігін қыздырады-ай кеп. Жаратқан иеміз бүркіттің бүкіл күшін аяғына берген ғой, кей бүркіттер әлгі ағашты кештен таң атқанша сығады бар күшімен. Сөйтіп, әбден әлі құрып, шамасы таусылғанда ырғақтан құлап түседі. Кәдімгі өліп қалған секілді жатады. Сол кезде иесі өзінің тер иісі сіңген күпісін жауып қояды. Әбден сілелеген бүркіт сағаттап жатып ақырын есін жинай бастайды. Өте әлсіз халден біртіндеп қозғалып көзін ашады. Міне, ол енді адамзат ортасында екінші рет өмірге келіп жатыр. Осы кезде иесі оны сылап-сипап қасында болады. Таңнан кешке дейін сылап-сипап, жем бере отырып өзін қабылдаттырады. Бұған апталаған уақыт кетеді. Одан ары түлету, қайыру, шырғалау деген сатылармен тәрбиелей береді…

Сонымен, түз бүркітпен қансонарға шығайық. Томағасын сыпырып қалғанда алдында қашып бара жатқан түлкіні көрген қыран ең алдымен жер жағдайын аңдайды. Қашып бара жатқан түлкінің алдыңғы жағы қайқаң болса, бүркіт алдымен биікке көтеріліп алады да, қалқи ұшып, түлкі қайқаңға жетіп баяулай бастағанда барып басып қалады. Жан бермек оңай ма, кей түлкі бүркітке қарсы атылып керіп («керіліп» емес «керіп» деп айтады, бүркітшілердің өз тілі) тұра қалады. Ондайда түз бүркіт бір шеңгелді түлкінің тұмсығын бүре тұмашалай салады да, екінші шеңгелмен өкпеден қысып қана жанын үзіп жібереді. Ал түзу қашып бара жатқан түлкі болса таңынан іліп, түлкінің өз екпінімен тоңқалаң астырып жығады да, шеңгелді және де өкпеге салады. Болды. Сондықтан қолыңда түз бүркітің болса түлкіге кез келген жерден жібере бересің, ыңғайын өзі тауып ұстайды. Ал бала бүркіт ше?

Оны түлкі қашады-ау деген жерлерді болжағаннан кейін немесе көре қалғанда атпен шауып оңтайлы жерден жіберуге тырысады. Өйткені, түлкі жаңағыдай қайқаңға қарай қашып бара жатса бала бүркіт соның соңынан ере қуады. Алғашында төмен ұшып алғаннан кейін қайқаңға барғанда түлкіге жете алмай, түлкің не, төбеге жете алмай қалбалақтап қапталға қонады. Ондайда «Қол бала салған қор болады» деген осы» деп бір кіжінеді бүркітшілер. Қоянға түскенде де бала бүркіт тура қуып, енді жетіп ұстаймын дей бергенде қоян жалт бұрылғанда қолбалаңыз қопаң етіп орнына түсіп қалады. Түз бүркіт қоянның үстінен биіктеу ұшып, шалғының ұшымен екі жағынан қайырмақтай аударыла қуып, әбден шаршатады. Шаршаған соң қоян бейбақ өзінің анау-мынаудан құтылып кететін «қоянбұлтағына» сала алмай қалады. Екі құлағы салпиып бұғып жата кетеді. Енді екі көзі қанталап қылғып жұтардай жұтынып келе жатқан қандыбалақ қыранға жатқан қоянның үстіне қона салу қиын боп ба? Сыңар аяқтың шеңгелі де жетіп жатыр. Уыстай салады ғой.

Ал сонда ләж болса бала бүркіт салып әуре болмай бүркітшілер тек түз бүркіт ұстамай ма? Деген сұрақ туады ғой. Жо-о-қ, бала бүркіт салудың да өз қызығы жетіп жатыр.

Түз бүркіт әккі ғой. Сәл тоқ болса, еті көтеріңкі семіз болса немесе түлкіні алыстан көрсе, көңілі шаппай ерінсе, айдаладағы шоқыға барып қонып кербезденіп, сыланып отырып алады. Аса қажеттілік болмаса өзін онша қинағысы келмейді. Мұндайда иесі «Шіркін-ау, ұшса жетер еді ғой, әттең қолбаланы әкелмеген екем, қуып жүріп індетсек те екі жақтап жүріп бірдеңе ғып ұстар едік қой!», деп кіжінеді. Ал бала бүркіт онша бап тілемейді. Заты қыран болса болды, көрсеткен түлкіңді қуып, жетсе жетті, жетпесе оны көресің. Реніш, өкініш жоқ. Ол тіпті түз бүркіт құсап қия бет, қиын жартаста қашып бара жатқан түлкіні етекке түсіріп басайын демейді. Жеткен жерінде аяғы ілінген жерінен ұстап жабысып, аяғын шайнатып алғанына да қарамай, қия беттен түлкімен бірге домалап қан-жоса болса да бір қиырдан шапқылап иесі келгенше айырылмай отырады ғой байқұс! Мінеки, «бала бүркіт түлкіден аянбайды» деп отырғаны осы. Түлкіні соғып өзін биялайына қондырғанда тұмсығын иесінің иығына сүртіп-сүртіп алады бала бүркіт. Онысы енді мақтанғаны. Мұндайда оның топшысы мен балақ жүнін еркелете сыйпап қою сізге де міндет боп қалады.

Әлгі әнді айтам-ау. Екінші тармағы айтылғанда тыңдап отырған аталарымыздың өн-бойын бала бүркіттің осындай адал да, таза, жанкешті де ерке жан әлемі бір шарпып өтетін шығар-ау! Мұндайда әнге ене, екілене түседі ғой тыңдарманы. Сонда айтушы қалай құйқылжытпасын? Қалай сорғалатпасын, қалай егілдіріп, төгілдіріп, әр сөздің қойны-қоншын ақтара тінтіп тұла бойыңды тітірете салмасын әнді?

Таңбасы жоқ, ені жоқ бурылтайдың

Тағы да солай. Біржан салдың бұл әнінің алғашқы жолы айтылғанда-ақ, «е,е, рас-ау…» дейді шалдар. Не рас? Бурылтай деп отырғаны қалқасы ғой Біржанның. Қанша ынтық болғанмен оны айттырмаса, ықтиярын алып, қалыңын бермесе, таңбасы жоқ, ені жоқ емей не? Таңбасы жоқ, ені жоқ болса кім алам десе, таласың бар ма? Рас қой. «Сағасы өткел бермейді терең сайдың». Сол қалқаны жар етуге қойылған тосқауыл ғой бұл. Кім? Жақын туысы ма, өз жары ма, ағасы ма, болыс па, қыздың әкесі ме? Әркім білгені, естігені бойынша, өткел бермеген терең сайды әрнеге балап күрсінеді ғой. «Құба жонға шоқытып шыға келсем» дейді-ау сонда! Ғашыққа асыққан ынтық көңілді бұдан артық қалай бейнелеп, қалай жеткізетінін білмедім, осындағы «шоқытып» деген сөз естілгенде тыңдаушының құлақтүбі терлеп кетеріне күмәніңіз болмасын. Ал ары қарай не болады?

Құба жонға шоқытып шыға келсе.., «жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың». «Күрсінттің ғой, Біржан-ау!», «Арманыңа жет асыл ер!». Бұл әрине әннің қайырмасына жетпей жатып-ақ шалдардың аузынан атылып шығар шын сөздері. Енді бұдан кейінгі қайырмадағы «Ақау бикем жар-жар, Алма мойын ақсұңқар, Бір күн ауру бір күн сау, Таба алмадым бабыңды-ау» деп келетін жолдарға шатырлатып шапалақ соға алмайсың. Тек шапалақ соғасың, алдыңғы жағындағы сөздерден дым түсінбегенде немесе қайырманың алдыңғы жолдарға қатысы жоқ деп есептегенде. Сонда да «бір күн ауру, бір күн сау» күйге қол шапалақтау қалай болады өзі? Тіпті бір сөзін түсінбейтін шетел тілінде тыңдап, музыка екпін алғанда кілт есін жинап қол соғып қозғалақтап қойғанымызда не ләззат алдық? Не ой түйдік?

Абай атамыз айтады:
«Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің, ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Жаманға “жар” деген-ақ ән көрінер,
Жақсы әнді біле айтуға кім ерінер?
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер» дейді. Еш талдауды қажет етпейді. Қалай дәл! Қандай жанды?!

Біз ән туралы осынша талдау жасағанымызда ән сөзінің мәні туралы ғана айтып жатырмыз ғой, Абай атамыз ол жағын өз алдына бір қайырып қойып, «үннің мәніне» үңіледі. Жоқ, ол жаққа еңкейіп көруге біздің жүрек дауаламайды. «Үннің мәнін» күймен дау шешкен Бейсенбі күйші, сол кездегі құныкер мен даугерлер білетін. Біз бейбаққа арық ешкінің шарбы майындай алабұлттап жұқанасы жеткен, сонымен де дәулескер күйші шерткен кейбір күйдің әр жерінен бір бас изеуге жарағанымызға мәзбіз.

Конфуций жарықтық айтқан екен: «Бір елді жаулау үшін ән-күйін қара. Ән-күйін тыңдағанда жылап-сықтап, езілетін болса оны жаулау қиын емес. Ән-күйін тыңдағанда құтырынып тұрса оны да жаулау қиын емес. Ал ән-күйін тыңдағанда ойланатын болса, ол елді оңай жаулаймын деп ойлама!» деп. Сол соңғысы біз едік қой! Жоғарыда басын шалып өткен алты тармақ өлеңді қармап қалып, мәні жаныңа әсер етіп, одан ой түйіп, рахат алу үшін қаншалықты парасат пайымың, ұшқыр қиял, жүйрік көңілің қанша аумақты шарпып жатуы керек екенін түсінгенде ғана барып аталар биігінің анау-мынау ойлағандай аласа дүние емес екендігіне көзің жете түседі-ау.

Біз қамалған тұйық

Баяғыда ағылшындардың отарында болған бір қауым жұрттың сан санауға да санасы жетпейтін уақыты болған екен. Кейін оларға санды саусағын санатып үйретіпті. Олар онға дейін санап, ары қарай «11» десе, ештеңені түсінбей көздері алақтап тұрып қалады. Саусағы таусылып қалған соң, көз алдында жоқ нәрсені, еш елестете алмаған ғой. Сөйтіп, ең алғаш тест деген пайда болып, ештеңені түсінбесе де жаттата берген екен.

Бұған өзімізше жағамызды ұстап таңғалған кейіп танытқанмен аталарымыздың танымы (оны жай танып қана қоймай ұстанғаннан соңғы ұстанымы) жөнінде бұл күнде біздің жайымыз да Абай атамыз айтқан кеп: «Көзінен басқа ойы жоқ». Ой-қиял шектелген. Еді оның ой-қиялына өлшеп қана сөз жазылып, ой-қиялына өлшеп қана әуен жазылып орындалуы керек. «Алаң да алаң алаң жұртқа» салып кеп жіберші, көздері саусағы таусылып қалған әлгі бір қауымның көздеріндей алақтап аздан кейін есіней бастайды. Сөйте тұра оны менсінбегендей сыңай танытады. Алда-жалда осы күнгі әндердің ортасына баяғы қазақтардың бірі түсіп қалды делікші, терезе ашық тұрғанда аңдамай үйге кіріп кеткен торғайдай топалаң күй кешеді. Қабырғаға соғылып, әйнекке ұрылып есі шыға ентігеді. Ашық терезеге туралап шығарып жіберіңізші, домбыраны екпіндете екі-үш қағып жіберіп «Базарың құтты болсын, ардақты елім, ардақты елеееееммм…» деген Біржан салдай самғап береді.

Бүгінгі жас ұрпақ та ән тыңдайды, бірақ ол әннен жанына азық таба алмайды. Қысқа уақытқа рахат күй кешкендей немесе мұңымен мұңдасқандай болғанымен, сөзі мен әуенінде тереңдік жоқ жалаңаш болғаннан кейін әсері бойға тарап, ой қозғарлық қуаты жоқ, минутқа жетпей қардай еріп жоқ болады. Қазақтың шендестіре, салыстыра, бейнелей айтылатын сөздері айтылған жерде-ақ адасып қаламыз. Қай қиырдан қалай айтылып отырған сөз екенін түйсініп жетерге түйсік – шабан, ой – тұйық. Әдетте, өз-өзіне қол жұмсайтындардың ойы тұйықталып, ақылы айналып өтер жол таппай қалғанда сондай әрекетке еріксіз барады деп пайымдайды екен ғалымдар. Біздегі бүгінгі отбасылық ұрыс-керіс, қабарған қабақ сол бір генетикалық жадының сұранысының қанағат таппай, тар тұйыққа қайта-қайта қамалып шиыршық атқан жан қысылысынан болса керек. Ал, өзін өлімге қиған көп жастарымыздың құлақжіпке байланып таңнан кешке дейін эстрада тыңдайтыны көп сөз болады, бұл тегін емес.

Қазір біздің санамызда заттардың атауларын білдіретін тіл бар болғанымен ұғымдарға жетелейтін сөз азайған. Сол сөзбен бірге ұлт та болмысынан айырылады. Ахаң айтқан әлгі сөз тағы алдымыздан шығады. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады». Тіліміз бола тұра сөзіміз жоқ болуы мүмкін. Кеңес уақытынан бері қарай бізде өз сөздеріміздің аясынан шығып, өзге ұлттың сөзінің (ұғымдарының) ішіне енуге талпыныс жүрілді. Алайда, өзге ұлттың тілін қанша үйренгеніңмен жаныңды тербер сөзіне ене алмайтының заңдылық екен. Оның әзіліне дәл өздеріндей рахаттана күле алмайсың. Біз ортада қалдық. Күлкіміз, қуанышымыз өзіміздікі (жанымыздікі) емес, жасанды болуға мәжбүр болды. Себебі сөз генетикалық жадымен жапсарласып жатқан дүние. Өзге тілден жетпіс жеті атаңнан бері беліңе беріліп, түйсіктеріңнің терең қатпарларында бұғып жатқан генетикалық жады сұранысына толық жауап таба алмайсың. Ол келіп мінезге әсер етпек. Ата-әжелеміз айтатын «орысша оқыған, мінезі тік» дейтін сөзде бір мән бар. Бұл құрсауды жарып шығар тұлға некен-саяқ болатынын өмірдің өзі көрсеткен.

Алла Тағала алапат талант берген Олжас Сүлейменовтің генетикалық жадысының қуатты қалауы оны сонау түркілік дәуірдің сөз әлеміне сүйрелеп, ақыры адамзат мәдениетінде айрықша құбылыс «Аз и Я» өмірге келген жоқ па?! Ал, жұрттың бәрі Олжас па? Олжас – біреу ғой!

Тілі бар да сөзі жоқ

Сөздегі кеңдік – санадағы кеңдік. Ол өз кезегінде мінездегі кеңдік, өмірдегі ұстамдылыққа алып келер жол емес пе? Аспан құлап кетсе де аңғармайтын аталарымыздың салмақты тұлғасы мен қазіргі шыбық тимей шыңқ етер шыжбалақ ерлерімізді салыстыра қарасақ, сықпытымыз сын көтермес. Біз жоғарыда адам баласы өз генетикалық жадысының алапат сұранысына лайықты жауап бере білмесе, ол жегі құртқа айналып жан әлемін іштен кеміретіні туралы айтып едік, енді әні өзгерген, сөзі жалаңаштанған жұрттың мінез, болмысы да өзгеретінін көріп отырмыз.

Біраз бұрын бір басылымда «Шала қазақтар» біліп жүріңдер, «нағыз қазақтар біздің бауырымыз емес» деген мақал жарияланып, автор «нағыз қазақтар» деп өзі бөліп алған топты біраз күстаналаған екен. «Нағыз қазақтар» жемқор болады» деп те сілтеген екен. Анығында «нағыз қазақ» ұғымы биік ұғым. Ол жемқор қазақтың тілінде сөйлегенмен, сөзіне амал етпейтін қазақ есептелінеді. Себебі, нағыз қазақтар қалдырған «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген сөз бар. «Жасама» демейді, «жүрмейді» дейді. Қиянат жасасаң, кесірі алдыңнан шығады, өз алдыңнан шықпаса, балаңның алдынан, тіпті күндердің күні («күндердің күні» деп хиямет күнін айтады. Патшалардың патшасы – император деген секілді бүкіл күндердің қорытынды күнін осылай атаған ғой) алдыңнан шығады дейді. Міне, осы сөз бойында бар, хал-қадірінше амал еткен қазақ мемлекет «халық ісіне жұмса» деп аманаттаған ақшаға қиянат жасар ма еді? Аталарымыз танымы осылай еді. Мұндай сөздер тұғырына қона бастаса қазақ өз болмысына қайта бастады деп есептей беріңіз. Былайынша қазақтың тілінде сөйлеген адамның бәрін «нағыз қазақ» деп атап, оның кемшілігін анау аталарымызға жабуға мүлде болмайды.

Бүйректің сираққа қандай қатысы бар?

Сауап. Қазақтың екі дүние арасын жалғап жатқан «сауап» дейтін сөз бар еді, тәуелсіздік алып, дінімізге қайта орала бастап едік, бұл сөз де тағына отыра бастады. Әйтпесе, бұл сөздің көрмегені жоқ. Кеңес кезінде мазаққа да ұшырады. Біреу мас болып бір іске душар болса «сауап болыпты» дейтін едік. Сауапты емес күнәлі іс еді ғой. Бейнелеп айтқанда бұл молланы қинап арақ ішкізгендей іс еді. Шүкір, қазір олай айту жоғалып, өз мағынасында қолданылып жүр. Иә, біз кейбір сөзді мазақ қылғанмен кейбір сөз біздерді де мазақ қылды. Бұл біз жоғарыда айтқан қазақ сөзінің жалаң мағына емес, астарлы келетінін, оның адам санасын кеңдікке жетелейтін ғажайып қуат екенін кейбір «жаман сөздерінің» де бойын жасырып сәлихалы жиналысқа кіріп кеткенінен көруге болады.

Бүйректен сирақ шығару. Осы бір тұрақты тіркесті маңызды жиналыс, той-томалақтың бәрінде бір керемет сөздей-ақ қолданамыз ғой. Асылында, бұл ондай жерде айтуға болмайтын басқа мағынадағы сөз еді. Бала күнімде көрші ақсақалдың осы сөз шыққанда «Өй жаман сөз айтпаңдар» дегені есімде. Ол кезде «оттама, қыртпа» дегенді де жаман сөзге жатқызушы еді ғой, сондайдың бірі шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, онан да қиындау сөз болып шықты. Әп-әдемі, тып-тыныш өтіп жатқан кеңес, жиналыстың шырқын бұзып, айқайға басып кететін бір адамдар болады ғой, бұл сөз сондайларға қаратып айтылған боқтық сөз екен. Бала күнімізде жұрт «Жақайдың апасы» атап кеткен, сөздеріне әдейі боқтық қосып сөйлейтін қырсық, елден ерекше бір кемпір болатын. Бірде сол кісінің келіні осы сөзді айтып қалды. Сонда апамыз, «Ойбай-ау келін, маған тартып, жаман сөзді сен де жіберетін болыпсың ғой» демесі бар ма? Сол кезде дастарханда отырған бір жігіт әдейі ме, шын білмеді ме, «Апа, сонда ол жаман сөз бе?» деп сұрады. Сөзінің жартысы әлгіндей сөзден тұратын апамыздың көзі жайнап кетеді мұндайда. Мырс етіп бір күліп алды да, «Бүйрек деп тақымыңдағы екі тасты айтып отыр, енді сирақты менен сұрамайтын шығарсың» деп қарқылдап тұрып күлсін кеп. Шәй құйып отырған келіннің екі беті өрттей қызарып далаға шыға жөнелді. Жігіттер мәз. «Әй апам-айлап» шек-сілесі қатып, күлкіден өле жаздады. Содан бері бір кісі салихалы отырыста осы сөзді айтып қалса еріксіз мырс ететінім бар. Ыңғайсыз-ақ енді.

Қыздың жасы – он сегіз. Бұл сөзді қырық-елуді еркін аралаған әйелдерге қарата да айта беретін болдық. Тайдан кейін құнан/байтал деген секілді он сегізден кейін «отырған қыз» атанатын бұрын. Сондықтан осы сөзге қалмас үшін қызды ертерек қиясына қондыруға асығатын еді аталарымыз. Жиырма бесті көрмей қыз тұрмысқа шықпайтын кейінгі уақытта бұл сөз де амалсыз ішін алмастырып ел ішінде аман жүр әйтеуір.

Қыздың жолы – жіңішке. «Қыз он беске келгенде шашынан көп жаласы» дегендей, көлденең сөз, көп өсекке қалмас үшін, жіңішке жолдан тайып кетпес үшін абайлап жүруді ескерткен сөз еді бұл. Оны тойда төрт еркек бір әйел тілеу айтуға шықса, «Қыздың жолы жіңішке» деген сіз бастаңыз» деп микрофон ұсынамыз. Сөзіміз дұрыс-ақ, бірақ ісіміз керісінше.

Пайғамбар жасы. Алпыстан асқан, анығы 63-ке келген кісіге «Пайғамбар жасыңыз құтты болсын» дейміз. Ал қазақ пайғамбар жас деп 40 жасты айтқан. Себебі, пайғамбарлық міндет жүктелген, жауапкершілікті арқалауға әбден жарайтын жас дегенді білдіру үшін. Пайғамбарымыз 63 жасында қайтыс болды ал, сонда анау кісіге, «енді сіз де сол жасқа келіп қалдыңыз…» деген сөз бе сонда? «Ал арғы жаққа кететін уақытыңыз болып қалды енді…» деген құттықтау бола ма? Қандай ыңғайсыз? Жоқ, олай емес. Қазақ 25 жасты ерекше айтатыны, оған дейін ауыр қылмысы болмаса жігіттікпен артық-кем қылған ісіне  көп адам оған кешіріммен қарайтын еді. Одан өткеннен кейін ескеуіл сөз, оғаш қылығыңның бәріне тиісінше жауап бересің. Құдды заңдық жауапкершілікке тартылатын жас секілді. Міне, мұның бәрінде мән-мағына, болмыс жатыр. Бәрі біздің өмір салтымыз, жүріс-тұрысымызды белгілеп беріп отыр. Мысалы, «Әнші Мейрамбек биыл пайғамбар жасына толды» деп айтсақ еш ерсі көрінбеуі керек. Қайта Мейрамбектің салмағына салмақ қосып, нағыз ел үшін еңбек етудің белесіне шыққанын сезіндірер еді өзіне.

Қақы. Кеңес үкіметі тұсында қазақ миына қаншама терминдер шегедей қағылып, танымын атала қылды. Соның бірі – «Құқық» сөзі. Ол Кеңес үкіметіне дейінгі қазақтың сөздік қорында жоқ сөз екеніне дәлел келтіріп жатпай-ақ қоялық. Қазақта оның орнында «Қақы» деген сөз бар еді. Ол өзгелердің алдында Сіз тарапынан өтелетін міндеттерді меңзейтін еді. Баланың ата-ана алдындағы қақылары, ағайынның бір-біріне қақылары, қысқасы Сіз айналаңыздың қақысын берсеңіз, айналаңыздағылар өз айналасындағылардың қақысын берсе соның ішінде Сіз де барсыз. Міне тепе-теңдік! Міне қазақтың демократиясы!

Құқы. Ал, қазақтың миына шегедей қағылған «Құқық» сөзіне келейік. Ол өзгелердің Сіз тарапына өтелетін міндеттерді меңзейді. Мұнда Сіздің өзгелер алдындағы міндет емес, өзгелердің Сіздің алдыңыздағы міндет бірінші кезекке шығады. Ал, енді өзгенің алдындағы міндетіңді ысырып қойып «Құһқым» деп қылғынасың кеп. Оның кімге керек? Кім мойындап жатыр?! «Қызмет қыл да міндет қыл» дейді қазақ. Алдымен Оның қақысын бер, қайтарым – сенің қақың. Асырып айтсам айып көрмессіздер қазақтың осы күнге аман жетуіне бір себеп осы «қақы» танымы.

Балаларға өзгенің алдындағы қақысын емес, құқысын үйретіп өркөкіректендірдік. Қазіргі әлемдік жүйе солай. Немереңдей қыз «Көке, бұл менің құқым!» десе болды, жасың жетпістен, сақалың белуардан асып отырса да аузыңды жабасың. Сосын ойнақтап жүріп от басып, оқу бітірмей жатып оң жақта отырып жаманатты болып жатқаны. Басына іс түспей тұрғанда ерсі қылығына налып ағалық ақылын айтқан адам болса «Бұл менің құқым, өзім білем, қай заманда жүрсіз көке-ау» деп миығынан күлер еді-ау. Сонда ағайындық, туыстық, дос-жарандық қақысын берейін десе, соны алуға қауқарымыз қалмаған ба?  Енді барлық ауыртпалық – бір басында. Шаршау, жалғызсыру, депрессия, ашу, отбасылық жанжал, өмірден безінуге дейін апаратын қиындықтармен торланған мағынасыз өмір.

Сөз сағасы

Бір нәрсені жаңсақ түсінбеуіміз керек. «Бұл мал бағып, көшпенді күн кешкен бұрынғын заман емес, ғылым-білімнің заманы» деп ақтала көрмеңіз, бұл қағидалар барлық уақытқа жарамды заңдылықтар негізіне құрылған. Оған ғасырлар бойғы тәжірибені қосыңыз. Сен оны керек қылмағаныңмен ол өз орынында мызғымай тұра береді. Былайынша таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі дегендей зиян шегетін – өзіміз.

Бір анығы қазақ өз болмысына бүгінгі күн тұрғысында қайта қауышуға мәжбүр. Ептеп бет бұрып та келеді. Солай болғанда ғана аталарымыз айта беретін «ұшпаққа» шығамыз. Салт-дәстүріміздегі бұрынғы даналық пен қазіргі шалалықтар һәм өзгерген ұрпақ өкініштері жайында бұйырса, алдағы уақытта айта жатармыз.

Ұларбек Нұрғалымұлы

Дереккөзі: «Егемен Қазақстан» газеті

Н. Айдархан