Қайрат Нұртастың "Ауырмайды жүрек" әні

Қайрат Нұртастың "Ауырмайды жүрек" әні

«Саз әлемі» бағдарламасында үздік деп танылған Қайрат Нұртастың орындауындағы «Ауырмайды жүрек» әні жарыққа шыққан бойда көптің көкейінен орын алған-ды. Әсерлі әннің сөзін жас ақын Олжас Отар, ал әуенін белгілі сазгер Бауыржан Есебаев жазған.

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртастың айтуынша, бұл ән оның өтінішімен дүниеге келген. Ол өзінің тыңдармандарына, өнеріне жанашырлық танытатын жандарға арнап ән жазғысы келеді. Себебі, Қайраттың шығармашылығын жоғары бағалап, өнеріне ғашық жандар өте көп. Олардың әрқайсысының іштегі мұң-шерін түсінуге тырысатынын алға тартып, тыңдармандардың іс-әрекеттерін Бауыржан Есебаевқа айтып береді. Өз кезегінде сазгер әнші басынан өткен оқиғаларды жаңа әнге арқау етіп, ақын Олжас Отардан сөз жазып беруін өтінеді.

Олжас Отар дайын әнді бірнеше мәрте тыңдап барып, сөз жазуға кіріседі. Ақын жалындаған жастық шағындағы басынан өткен күндерді еске түсіреді. Студент кезінде бір қызға ғашық болып, бір жылдай уақыт кездесіп жүреді. Өкінішке орай, көп ұзамай екеуі бір арнада тоғыспастан, екі жаққа кете барады. Артта қалған сол сезім негізінде ән мәтіні жазылады.

«Ауырмайды жүрек» әнін Бауыржан Есебаев «Көз жасың көмектеспейді» деген әлі жарыққа шықпаған жаңа фильмнің саундтрегі ретінде жазған. Алайда, әнші продюсерінің шешімімен ән халыққа фильмнен бұрын шыққан.

Жаңа әнге көп ұзамай бейнебаян түсіріледі. Бейнебаян сценарийін Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Үсенқызын жазған.

Ауырмайды жүрек 

Сөзін жазған: Олжас Отар

Әнін жазған: Бауыржан Есебаев

Жастықтың жалынды бір күні еді,тым ерекше атты таңғы арай,

Көздеріңе көзім байланғанда, жүрек тулап оттай жанғаны-ай.

Неге ояттың мені жүрмедің бе, ой-санамды мәңгі жауламай,

Неге ғана маған кездестің сен, ғашық болдым қалай аңдамай.

Қайырмасы:

Ауырмайды жүрек,ауырмайды, сенсіз өткен күндер болмаса,

Ауырмайды жүрек, ауырмайды, сені ойлатқан түндер болмаса,

Ауырмайды жүрек, ауырмайды, мөлдіреген көзің болмаса

Ауырмайды жүрек, ауырмайды, сүйем деген сөздер болмаса.

 

Жалындаған сол бір жаздың әнін, күз нөсері енді жалғасын,

Ауырады жүрек, ауырады, ауырады жүрек болғасын

Бізді емес ол жақ жылы дей ме, самғай бер қанатың талмасын,

Жылатасың-дағы, жұбатасың, әрбір сөзің атқан қорғасын

Қайырмасы:

Ауырмайды жүрек, ауырмайды, сенсіз өткен күндер болмаса

Ауырмайды жүрек, ауырмайды, сені ойлатқан түндер болмаса

Ауырмайды жүрек, ауырмайды, мөлдіреген көзің болмаса

Ауырмайды жүрек, ауырмайды, сүйем деген сөздер болмаса..

Суреттер: muz-fresh.ucoz.kz, megamuz.com

Ғ. Ұзақ