Алматы қаласының күніне орай өткен Muzzone арнасы ұйымдастырған ЕМА-2014 марапаттау салтанатында жүлдегерлердің есімі белгілі болды. Үш кезең арқылы анықталған жүлдегерлерді бірінші, екінші кезеңде халық дауыс беру арқылы таңдаса, үшінші кезеңде қазылар алқасы сыннан өткізді.
ЕМА-2014 жүлдесінде Қайрат Нұртас финалға шыққан Әли Оқапов пен Айқынды басып озып "Үздік орындаушы" атағына лайық деп танылды. Қайрат жүлдені алуға өзі келе алмай, көрермендерге видеосәлем жолдады. Ал Серік Ибрагимов "Жаңа тыныс", Әлішер Қайратұлы "Көрермен көзайымы", Луина "Үздік әйел орындаушы", "Орда" тобы "Үздік ер тобы", "Город А" "Үздік әйел тобы", Домино "Үздік ұжым", Дервиши/ Rash "Үздік дуэт", Mysterions "Неге Yндемедiң" әнімен "Үздік ән", Kaliyaa "Жүрегім сен деп соғады" бейнебаянымен "Үздік видео", Da Gudda Jazz "Жылдың үздік хип-хоп жобасы", "Формат" тобы "Махаббат" әнімен "Ең үздік махаббат әні" атақтарын жеңіп алды.
Muzzone арнасының Еуразиялық музыка жүлдесі осымен үшінші рет өтіп тұр. Бұл жолы басты қонақ ретінде «Евровидение-2012» сайысының жеңімпазы, швециялық Лорин өнер көрсетті. Одан басқа украиналық Ани Лорак пен Қырғызстаннан келген әншілер алматылық өнерсүйер қауымды мерекемен құттықтап, кешке көтеріңкі көңіл-күй үстеді.
Автор: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: vk.com