- Негізгі бет
- Музыка
- Қарлығаш Әбдікәрімова: "Кәсібилік...
Қарлығаш Әбдікәрімова: "Кәсібилік пен әділдік бірінші орында!"
Назарларыңызға Бибігүл Төлегенованың VII халықаралық вокалистер байқауының үйлестірушісі Қарлығаш Әбдікәрімовамен болған әңгіме-сұхбатымызды ұсынамыз.
- Ең алғашқы байқаудан бері басы-қасында жүрсіз. Осы байқаудың тарихына аз-кем тоқталып өтсеңіз.
- Ең алғаш бұл байқауды ойлап тауып, ұйымдастырған авторы әрі жетекшісі – Бибігүл Төлегенованың қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәриямгүл Төлегенова. Бибігүл Ахметқызы менің қанатымдағы «Бозторғай» халықаралық балалар фестивалінде 1999 жылдан бастап төрелік етіп келген еді. Халықтың бұлбұлы ғой, ол кісінің атында байқау болады дегенде, іске бірден кірісіп кеттім. Ең алғашқысын Алматыда өткіздік, өте керемет өтті. Ол байқауда біздің Талғат Мұсабаев жеңімпаз атанып, қатты қуанған едік. Содан бері, яғни 2001 жылдан осы күнге дейін байқаудың басы-қасында еңбек етіп келемін. Ереже бойынша бұл байқау әр 3 жыл сайын ұйымдастырылуы керек, дегенмен, арасында жоспардан тыс ұйымдастырған кездер болды. Екінші байқаудан кейін, өкінішке қарай, Мәриямгүл ханым өмірден озды. Содан бері байқаудың үйлестірушісі өзім.
- Байқау қатысушылар үшін үлкен мектеп қой?
- Әрине, бұл байқау үлкен мектеп, алғашқы баспалдақ біреулер үшін. Тәжірибелі мамандар үшін де шыңдалу алаңы деуге болады. Шет елдерде көп байқауларда төреші болып бардым, солармен салыстырсам, біздің байқаудың деңгейі аса жоғары. Мұнда кәсібилік пен әділдік бірінші орында. Төрешілерді алыс-жақын шетелдерден шақыруымыздың да себебі: әділдікті алға қоямыз.
- Шетелдік әншілер қазақ әндерін орындауы керек деген талап қоясыздар. Қазақ әнін өзге ұлт өкілдері орындағанда ерекше мақтаныш сезімі кеудені кернейтін шығар?
- Әрине, ол сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мысалы, оңтүстік кореялық Соң Ван Куң есімді қатысушымыз «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да» әнін шырқағанда ерекше күйге бөлендік. Арнайы сыйға да ие болды. Ресейден келген әншілер «Бұлбұлды» шырқағанда қатты таңқалдық. Бұл тұрғыда үміткерлер өте жоғары дәрежеде дайындықпен келеді.
- Қанша жылдан бері осы байқаудың басы-қасында жүрсіз ғой. Есте қалған қызықты оқиғалар бар ма?
- Ондай оқиғалар өте көп. Бәрі де есте қала бермейді ғой. Әр байқауда неше түрлі қызықтар болып тұрады. Қолайсыз жағдайлар да кездесіп жатады. Мәселен, кейбір қатысушыларымыз өздері келіп, жүктері келмей қалады. Ол қатысушыға шұғыл түрде киім іздеуге тура келеді. Науқастанып қалатындары бар. Оларды жедел түрде дәрігерге апарамыз. Ноталарын жоғалтып алғандар да болды. Немесе, қаланың ішінде адасып қалғандар бар. Іздестіреміз, тауып, алып келеміз.
- Ең алғашқы байқаудағы және осы жылғы байқауларда жүлде қоры қандай?
- Алғашында 300 мың теңге болған еді, қазір 1 миллион 900 000 теңге (10 мың доллар). Жүлде қоры едәуір өсті. Бұл да, әрине, заман талабы.
Жалпы, қаржы тапшы. Көмек беріп жатқан азаматтар бар, әрине, мемлекет тарапына да қолдау бар. «Самұрық Қазына», «ПетроҚазақстан», «Шеврон» компаниялары қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Дегенмен, жүлде қорынан тыс, ұйымдастырушылық шараларға қаржы тапшы болады. Шетелдердегі байқауларға барып, қызығып қайтамын. Оларда қатысушылардың жатын орны мен тамағын шақырушы жақ қамтамасыз етеді. Бізге тек жол шығыны қалады. Ал біз, әзірше мұндай жағдай істей алмаймыз. Өкініштісі сол, кейбір алыс шетелдерден дарынды музыканттар осы шығындардың себебінен байқауымызға жете алмай жатады.
- Сұхбатыңызға рақмет! Сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: www.azattyg.org
Қ. Бүйенбай