- Негізгі бет
- Музыка
- Караокені кім ойлап...
Караокені кім ойлап тапты?
Караокенің біздің өмірімізге сіңіп үлгергеніне де аз болған жоқ. Алғыр да, білгіш жапон музыканты Дайсуке Иноуэ болмаса, караоке өмірге сәл кештеу келер ме еді. Кім білсін... Әйткенмен мұның да өз тарихы бар. Дайсуке Иноуэ бір күні жергілікті барлардың бірінде өнер көрсетеді. Дайсукенің өнеріне тәнті болған сондағы әнқұмарлар оның туындысын жазба етіп басып алуға рұқсат сұрайды. Олар оның орындаған туындысын басып алып, сол арқылы өздері де үйренгісі келеді. Онымен қоса, басылған дыбыспен концерт жүргізуді де көздейді. Бұл істен қаржылық кірістің боларын түсінген музыкант фонограмманың өндірісіне қызу кіріседі. Осыдан біраз уақыт бұрын ол қалтасын аз қалыңдатпайтын музыкалық автоматтар шығарумен де айналысқан.
Айтпақшы, «караоке» сөзінің бүкіл әлемнің сөздігінде орын алғандығын айта кету керек. Ол екі жапон сөзінің қосындысынан құралған.«Kara» - «karappo» сөзінен шыққан. Ол «бос» деген мағынаны білдіреді. «Oke» сөзі «okesutura» сөзінен қысқартылып алынған. Демек караоке «бос оркестр» деген мағынаны білдіреді. Ал караокені күншығыс елдері нари-баны деп атайды. Нари-баны бірнеше кішірек кабиналарға бөлінеді. Кішігірім әр кабинада ән айтуға келген топ отырады.
Караокенің өмірге келгендігі жөнінде екі пікір үнемі жарысып жүреді. Алғашқысы караокенің Жапонияда 20 ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Кобэ қаласында өмірге келгендігін растайды. Ал екінші нұсқаны жақтаушылар караокенің Отаны АҚШ деп сенеді. Олардың ойынша, караоке атауының жапонша болуы жәй сәнге байланысты деп түсіндіріледі. (Мәселен "судоку" ойынының атауы да жапонша. Бірақ ол ойын 1979 жылы АҚШ-та ойлап табылған).
Караокеге арналған құрал-саймандар ол өмірге келген күннен бастап, күннен-күнге дами берді. Алғашқы караокенің саймандары теледидарға көбірек ұқсаған. Өйткені оның бетінде әннің мәтіндері мен музыка жүріп отырды. Әйткенмен қазіргі таңда караокенің құрылғысына деген талғам тым биіктеп кетті. Тіпті оның түр-түрі шыға бастады. Олардың үйге арналған DVD құрылғысымен жалғанатын түрлері мен акустикасы тым жоғары түрлері де бар.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
А. Әбілхан