"Қарақат көздер-ай" - қазақтың қаракөз қызына арналған ән

Қазақ эстрадасының белгілі әншісі Ақылбек Жеменей қалың көпшілікке «Қарақат көздер-ай» әнімен танылған-ды. Бұл ән әншінің бағын ашқан әндердің бірі. Аталмыш атпен әнші алғашқы концертін беріп, тұңғыш күйтабағын жұртшылық назарына ұсынған болатын.

«Қарақат көздер-ай» әнін Ақылбек Жеменейдің ұстазы сазгер Марат Ордабаев, ал сөзін ақын Қыдырбай Тұрмағанбетұлы жазған. Марат Ордабаев көпшілікке «Сен келерсің», «Аяулым» сияқты әдемі әндермен кеңінен таныс. Ал «Қарақат көздер-ай» сазгердің алғашқы әні. Ән сазгердің жары Ұлзираға арналған. Бозбала шағында сазгер болашақ жары Ұлзираны алғаш кездестіргенде оның қап-қара көзіне тәнті болады. Бұрымды қыздың қарақаттай көздеріне ғашық болған сазгер ән жазуға бел буады. Әуен дайын болған соң, сазгер «ән мәтінін жазып бер» деп ақын Қыдырбай Тұрмағанбетұлына жолығады. Ән мәтінінде, міндетті түрде, «Қарақат көздер-ай» деген сөз тіркесінің болу керектігін айтады. Ақын сазгер досының базынасын аяқ асты етпестен, «Қарақат көздер-ай» деген өлең жазып береді. Бұл әнді сазгер қасы-көзі қап-қара сұлу қызға арнай отырып, оны қолына қондырады. Сазгердің «Аяулым» әні де жары Ұлзираға арналған екен.

Араға біраз жылдарды қалдыра отырып, сазгердің «Қарақат көздер-ай» әнін шәкірті Ақылбек Жеменей орындайды. Әнші бастауыш мектепте оқып жүрген шағынан бастап сазгерден тәлім алып, көз алдында өскен. Шәкіртінің жетістігі мен бойындағы қабілетті байқаған ұстаз оған «Қарақат көздер-ай» әнін көпшілікке жеткізсін деген ниетпен ұсынады. Осы әнмен әнші күллі жұртшылыққа танылып, қазіргі таңда өз тыңдарманы мен ерекше дауысы бар әншілердің қатарынан көрініп жүр.

Қарақат көздер-ай

Әнін жазған: Марат Ордабаев

Сөзін жазған: Қыдырбай Тұрмағанбетұлы

Орындаушысы: Ақылбек Жеменей

Іздеймін, іздеймін мен,
Үмітті үзбеймін мен,
Қарақаттай мөп-мөлдір сол көздердің.
Өртеніп жанармын да,
Ұмыта алармын ба,
Бақыт болған бал дәурен сол кездерді.

Қайырмасы:

Қарақат көздер-ай,
Бақытты кездер-ай,
Оралшы қайтадан көктем болып.
Көздер-ай мөлдіреген,
Көрген жан елжіреген,
Сен, аққу, келерсің көктем болып,

Наздана қарай-тұғын,
Жаныма балай-тұғын,
Қара көздер мөп-мөлдір, қайдасыңдар.
Жүректен жарып ұшқан,
Жаралған сағыныштан,
Жанарларың жүрекке жайғасыңдар,

Қайырмасы:

Қарақат көздер-ай,
Баққытты кездер-ай,
Оралшы қайтадан көктем болып.
Көздер-ай мөлдіреген,
Көрген жан елжіреген,
Сен, аққу, келерсің көктем болып.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: hittv.kz, vk.com

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/2rb5BfgC6jg?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});