- Негізгі бет
- Музыка
- «Қара пима» -...
«Қара пима» - талайдың жанарына жас ұялатқан ән
Белгілі әнші Алма Аманжолованың «Қара пима» әнін естімеген жан жоқ шығар, сірә. Қолына қара домбырасын алып, 10 минуттық жырды төгілте шырқаған қаршадай қыз көпшілікке осы әні арқылы танылған-ды.
Алма Аманжолова
Жастайынан өнерге жақын өскен Алма Аманжолова ауыл, облыс сахнасында ән айтып жүреді. Үлкен сахнаға шығуды мақсат тұтқан қыз күндердің күнінде Алтынбек Қоразбаев қазылық еткен Кенен Әзірбаев атындағы байқауға қатысып, бірінші орынды иеленеді. Дәл сол кезде Алтынбек Қоразбаев жас орындаушыларды жинап, класс ашқан екен. Жас Алманы көрген бойда ол оны класына шақырып, өзіне шәкірт етіп алады. Алтынбек ұстаз болып жүріп, өзі шығарған әндерін шәкірттеріне беріп жатады. Алма да өзге шәкірттер сияқты ұстазының бірқатар әндерін шырқай бастайды. Алайда, «Қара пима» әні ерекше орынға ие.
Алтынбек Қоразбаев
Бұл әнінің шығуына көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасы түрткі болған. Поэма өте мұңлы әрі мағыналы болғандықтан, Алтынбек Қоразбаев оған ән шығаруға бел буады. Бірақ, ұзақ әрі күрделі ән орындаушысы табылмайды. Сазгер әнін ұсынатын әнші іздеп, біраз жүріп қалады. Содан қол астындағы шәкірті Алмаға әнді: «Өзіңе сенім артамын, әнді елге әдемі жеткіз» деп ұсынады. Алғашында ән ауыл, аудан, облыс сахналарында ғана шырқалып жүрді. Кейін 1996 жылы сазгердің Республика Сарайында өткен «Сырғалым» ән кешінде орындалды. Халық бұл әнді бірден жылы қабылдады. Ән әншіні, әнші әнді танытты. Содан бері «Қара пима» әні Алма Аманжолованың төлқұжатына айналды. Әнші қай жаққа бармасын, өнерсүйер қауым одан «Қара пиманы» орындап беруін өтініп сұрайды екен. Көп ұзамай «Қара пима» әнінің желісімен шағын фильм де түсірілді.
Ұлықбек Есдәулет
Қалың жұртшылықтың көз жанарына жас ұялатқан «Қара пима» әні талайдың тағдырымен ұқсас келетін шығар. Себебі, ғасыр дертіне айналған маскүнемдіктен бірталай тағдырлар тәлкекке ұшырап, бірталай өмірлер қиылды. Заманымыздың айықпас ауруының салдарын жырлайтын «Қара пима» көпшілікке ой тастап, тура жолдан адастырмаған болар.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: alashainasy.kz, thenews.kz, kzhelp.org, medicini.info
Ғ. Ұзақ