- Негізгі бет
- Музыка
- «Қамажай» әнін орындаған...
«Қамажай» әнін орындаған бельгиялықтар әнші қазақ қызын іздейді
«Қамажай» әнін аспапқа салған бельгиялық топ осы әнді орындайтын қазақ қызын іздеп жатыр екен. Бұл туралы Еуропа мен Азия мәдени бірлестігі Culture Connection ұйымының директоры Таир Азизов Tengrinews.kz тілшісіне хабарлаған.
«Ол қандай топ?» деп ойлауларыңыз әбден орынды. Ендеше, толығырақ тарқата кетейік. Әңгіме қазақтың халық әнін – «Қамажайын» еуропалық мақамға келтірген бельгиялық Julien Jaffres тобы жайында болып отыр. Орындаушылардың сөзіне сенсек, өңделген жаңа композицияны француздар мен бельгиялықтар жақсы қабылдапты. Және бейнебаянның түсірілімін де қолға алып, туындыны халыққа ұсыну үшін тек орындаушы қыздың жетіспей тұрғанын да жасырмаған.
Енді ат басын осы жаққа қарай бұрсақ:
«Бізге «Қамажай» нақышына келтіріп орындайтын әнші қыз керек. Және олардың саны бірнешеу болуы да мүмкін. Әзірге ештеңені дөп басып айта алмаймын. Тіпті, мынадай қыз немесе қыздар керек деп сипаттай алмаймын. Бірақ, бір нәрсені жақсы білемін, біз оны алғаш көрген сәтте-ақ танимыз. «Қамажай» – бұл біздің алғашқы ұшырған қарлығашымыз. Біз бәрінің ойдағыдай болатынына сенімдіміз. Бұл – ұлы шығарма, оның ұлылығы сол – басқа аймақтағы адамдарды да қызықтырып жатыр. Және бұл тек аспаптағы нұсқасы ғана, ал ол дыбысталғанда одан әрі биікке өрлейтініне сенімдімін. Ерекше тіл, басқаша орындау мәнері, ерекше биге азиялықтардың сұлулығын қосыңыз, еуропалықтардың қос қолдап шапалақ ұрудан басқа амалы қалмайды-ау. Біз тапқан аруға қарап, тыңдармандар Қазақстан жайлы көбірек білгілері кеп, қазақ әнінің құдіретін сезінеді. Біз қазақылылықты сезіндіре алатын әнші қызды іздейміз. Егерде, қол ұшын беремін деген ниеттегі продюссерлер табылып жатса, құба-құп»,- дейді Таир.
Оған қоса, Таир әннің авторлық құқығын да тілге тиек етті. Оның айтуына қарағанда, Бельгияда авторлық құқықты бұзғаны үшін қомақты айыппұл өтеу керек екен. «Қазақстанда да бұл мәселе көтерілген екен. Біз Қазақстанның мәдениет Министрлігіне хабарласып, «Қамажай» халық әні және оны орындауға мүмкіндігіміз бар екендігі туралы ресми жауап алдық», - дейді Таир.
Бельгиядағы мәдениет орталығында қызмет атқарып жүрген соң, Таир Азизов түрлі халықаралық фестивальдерге көптеген елдерден қатысушылар келетінін айтты. «Бірақ,- дейді ол,- африкалықтар, мароккалықтар, үндістер, қытайлықтар, тағы басқа ұлт өкілдері ағылып келіп жатады. Орта Азия республикаларынан мысалы, Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Түрікменстаннан, Әзірбайжаннан өнерпаздар сирек келеді. Осы Culture Connection атты Еуропа мен Азия мәдениетінің орталығын құруға осы жағдай себеп болды", - деп ағынан жарылды Азизов.
Сөз арасында Julien Jaffres тобының жетекшісі Жульен Жафрес топтың құрылуы туралы да айта кетті. «Төрт жыл бұрын осы музыка бағытына жанымыз жақын болғандықтан, топ құруға бел буып, шешім қабылдадық. Көпшілік қауым бізді жақсы қабылдап, әндерімізді сүйіп тыңдайтын болды, әуенімізді қосыла шырқап, бірге билейтін болдық. Алғаш рет «Қамажайды» естіген кезде бірден ұнаттым. Бұл – адамды еріксіз мас қылатын, тыңдарманға күшті әсер беретін әуен», - дейді Жафрес, - Әріптестерім де «Қамажайға» ғашық болды. Бұл ән арқылы қазақ халқының фольклорын, мәдениетін және елдің өзін тануға үлкен мүмкіндік туғызды. Оған қоса, біз Қазақстанда болып көрмегенбіз және барғымыз келеді». Музыканттардың сөзіне қарағанда, олар әзіргі таңда ағылшын тіліндегі дәстүрлі әндерді шырқап жүр екен.
Естеріңізге сала кетейік, «Қамажай» әнін түрік қандастарымыз шырқаған екен. Ол өз өнерін YouTube-қа салып, әлеуметтік желі арқылы әлемге тез таралған болатын. Алайда, оның мақамы сәл жылдам еді. Оның сөзіне сенсек, қандасымыз Қазақстанға келіп, осы әнмен өнер көрсеткен екен. Сол кезден бастап, қазақтың төл мәдениетіне қызығушылық танытыпты.
Сурет: live-on-the-edge.fr
Е. Жұмабайұлы