Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы әнші-сазгер Роза Әлқожаның орындауындағы «Ақберен» әні ел назарына ұсынылған сәттен-ақ, шоқтығы биік әндердің қатарына қосылды. Ән жұртшылыққа «Жылатқаның неткенің?» деген атпен жақсы таныс.
«Ақберен» немесе «Жылатқаның неткенің?» - өз тыңдарманын ой тұңғиығына терең батыратын ән. Бұл әннің әуенін де, сөзін де белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаева жазған. Ән ойда-жоқта туылған ән емес. Айтыскер ақын өз сезімін хат арқылы жеткізуді көздеген құрбысының өтінішін орындау мақсатымен «Ақберен» әнін дүниеге әкелген. Ақынның құрбысы өксігін тамағына жұтып, бар мұңын ақ параққа түсірген екен. Шер тарқата отырып, ол хатында мазалап жүрген ойларын айтып, сан мыңдаған сұрақтарға жауап іздейді. Қара сөздің құдіретін ұғынған ақын қыз сезімін өлең мен әуен арқылы өреді. Сезімге толы сөздер мен әуен біртұтас болып осылай өмірге келген.
Айтыскер ақын Ақмарал Леубаева
Әнші Роза Әлқожа бұл әнді бір кездесуде бас қосқанда автордың өз орындауында естіген екен. Адам бойындағы көңіл-күйді дөп басқан ән әншіге бірден ұнап қалып, жадында сақталып қалады. Келесі күні әнші өнердегі әпкесіне хабарласып, әнді орындауға рұқсат беруін өтініп сұрайды. Өнердегі сіңлісі әрі рухани серігінің өтінішін ән авторы қуана-қуана қабыл алады. Ән екі күнде жазылып, бір жетінің ішінде бейнебаяны түсіріледі. Радио мен телевизиялық бағдарламалардан беріліп, талай тыңдарманның жүрегіне жол тапты.
«Ақберен» немесе «Жылатқаның неткенің?» - ғажайып сезімге бөленіп, ащысы мен тәттісін бастан өткізген жанның шынайы бейнесі мен ішкі сезімін толық сипаттай алған ән. Әннің көптің көкейінен шығуы, бәлкім, осы себептен шығар.
Жылатқаның неткенің
Әні мен сөзін жазған: Ақмарал Леубаева
Орындаушысы: Роза Әлқожа
Ей, оқтаулы ақ берен, сен ұшқан құсқа епті едің.
Торыңа түстім, ойнадың, сен тойғанша сайрадым.
Өткен соң жұрттың өткелін, «Сендей бұлбұл көп» дедің.
«Көлімді тастап, теңізге ұша алмаймын, жоқ» дедің.
Алдымды Аллам біледі-ай, өзіме аян өткенім.
Қайырмасы:
Болмысы бөтен құс едім, теңім-ау сен де текті едің.
Кінәлі сезім, сонан соң, кеш гүлдеген көктемім.
Уыстап беріп уыңды, ұнатқаның неткенің?
Жарда тұрған тағдырды құлатқанын неткенің?
Жұбату үшін келдім деп, жылатқаның неткенің?
Мен үшін уайым шекпедің, сезімнен мықты деп пе едің?
Жағасын тістеп, шыдадым, төзімнің киіп шекпенін.
Өзіңмен өтті ау көп керім, жарқ еткен кезім, сәттерім.
Уақыт – емші, жазылар, орыны нала өкпенің.
Өткенді қалдым парақтап, бітірмей кеткен мектебім.
Қайырмасы:
Болмысы бөтен құс едім, теңім-ау сен де текті едің.
Кінәлі сезім, сонан соң, кеш гүлдеген көктемім.
Уыстап беріп уыңды, ұнатқаның неткенің?
Жарда тұрған тағдырды құлатқанын неткенің?
Жұбату үшін келдім деп, жылатқаның неткенің?
Суреттер: azattyq.kz, alashainasy.kz
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/Spxp7EKtxdA?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});