«Қазақстан дауысы» танымал жобасының үшінші маусымы басталуына бірнеше күн қалды. Бұл жоба шоу-бизнес пен музыка әлеміндегі басты жаңалықтың бірі. «Қазақстан дауысы» еліміздің жаңа таланттарын халыққа таныстыратын бағдарлама екені сөзсіз.
Жақында Медеу Арынбаевтың орнына тәлімгерлікке кім келеді деген дау туындаған болатын. Арынбаевтың орнына Рустем Нұржігіт атты дарынды музыкант, әнші келді.
Рүстем Нұржігіт: «Қазақстан дауысы» секілді ірі жобаға қатысып, өз үлесімді қосатыныма қуаныштымын. Жүздеген адамның ішінен мені таңдағандарына ризамын. Бұл халық жобасы, біз елдің бас дауысын таңдауымыз керек. Қателесуге болмайды. Бұл жобада тәлімгер болу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Үздік қатысушыны таңдау қиын. Мысалы, бүгін ағылшын тіліндегі әнді үздік орындаған қатысушы, ертең қазақ не орыс тілінде дәл солай әдемі айтып шыға алмауы мүмкін» деп өз пікірін білдірді.
Өзге ән байқауларынан айырмашылығы – қатысушылардың дауыстарына ғана қарап іріктеледі. Нұрлан Албан, Мадина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев пен Рүстем Нұржігіт үздік әншілерді таңдап, дайындайды.
The Voice of Holland (Нидерланд) жобасының қазақстандық алғашқы маусымы 2013 жылдың жазында басталды. «Universal» әлемдік дыбыс жазу компаниясымен келісімшарт және 5 млн теңге ұтыс – бас жүлде болып саналады.
Бұл жоба 50-ден аса елдерде танымал болып үлгерді. Қатысушылар жанды дауыспен айтып шығуы тиіс.
20 қыркүйектен бастап «Қазақстан» телеарнасынан «Қазақстан дауысы» жобасын тамашалаңыз.