Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Қазақстанның Халық әртісі, әнші (тенор) Жүсіпбек Елебековтің өмірі мен шығармашылығы жайында жарық көрген «Жүсіпбек Елебеков» кітабының тұсаукесері болып өтті. Кітап авторы - өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай.
"Жүсіпбек Елебеков" ғұмырнамалық хикаяты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Өнер» баспасынан «Әйгілі адамдар» сериясымен жарыққа шығып отыр. Ғұмырнамалық хикаятта ұлы әншінің өмір сүрген дәуірі тұтас қамтыла зерттелген және Жүсіпбек Елебековтың замандастары, қазақ өнері мен мәдениетінің қайраткерлері, атап айтқанда: Қалибек Қуанышбаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Әбікен Хасенов, Құрманбек Жандарбеков, Рамазан Елебаев, Орынбек Беков, Тоқбай Жұмағұлов және т.б. өнер тарландары жайында да құнды деректер молынан берілген.
Баспасөз мәслихатына кітаптың авторы Ерлан Төлеутайдан басқа, Кеңес Одағының және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімов, музыкатанушы, зерттеуші Жарқын Шәкәрім, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының проректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ақтоты Райымқұлова, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург Дидар Амантай қатысты. Баспасөз мәслихатын Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахет жүргізді.
Алғаш болып сөз алған Мамай Ахмет мырза: «Бүгін біз шын мәніндегі тамаша бір туындының тұсауын кескелі отырмыз. Бүгінгі таңда адамдардың санасын сарсаң қылған неше түрлі жарқылдақтың арасынан мәні, мағынасы, салмағы бар кітапты табу қиын. Кешегі мұраларымызды, салт-дәстүрлерімізді түгелдейтін зерттеушілердің ізін жалғап, бүгін бір еңбек дүниеге келіп отыр. Біз бұл кітапты монаграфиялық еңбек десек қателеспейміз. Бұл өте бір құнды, салмақты кітап» дей келе Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовке сөз кезегін ұсынды.
Асанәлі Әшімов: «Мынау бір өнер адамы туралы әдемі кітап болған екен. Жүкеңнің ғұмырнамасы, әндерінің тарихы, бәрі жақсы жазылыпты. Мен өзім Жүкеңді көргенмін. Тік мінезді, өтірікке жаны қас, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп айтатын турашыл адам болатын. Ерлан, кітап құтты болсын, әлі де жазарың көп болсын» деп авторға тілектестік білдірді.
Музыкатанушы Жарқын Шәкәрім: «Біз жас ұрпаққа осындай адамдардың өмір жолын, еңбегін жеткізуге тиіспіз. Ерланның бір ерекшелігі әншіні өміріне, өнеріне байланысты жаңа деректермен байыта түскені. Өзінің әншілігінің арқасында әрбір әнге анализ жасай білген» деген ойын ортаға салды.
Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты Райымқұлова: «Бұл кітаптың атын автор ғұмырнамалық хикаят деп қойыпты, алайда бұл кітапты мен музыкатану ғылымындағы зерттеу еңбегі деп атар едім. Бұл – әдіснамалық, салыстырмалық үлкен ізденістің нәтижесі. Қазақ музыкасында Жүсіпбек Елебековтың орны бөлек. Әншінің бір өзі - үлкен бір мектеп. Мына кітаптың ішінде Жүсекеңнің 27 шәкіртінің аты енгізілген екен. Бұл да бір жақсы нәрсе деп ойлаймын» деді.
Осы кітаптың арнаулы редакторы, жазушы Дидар Амантай: «Ерлан Төлеутай –қазақ мәдениетіндегі үлкен құбылыс деп ойлаймын. Қазақтың дәстүрлі, яғни классикалық әнін зерттеп, оны дәйектеу өте қиын екенін білеміз. Бірақ соны жүзеге асырып отырған қадау-қадау адамдар бар. Соның бірі және бірегейі – Ерлан Төлеутай» деген пікірін білдірді.
Қорытынды сөзде кітап авторы Ерлан Төлеутай: «Бұл кітап – Жүсіпбек Елебековтің 97 жасқа келген жары Хабиба апамыздың аманаты. Жүсекеңнің өз дәуірін көзіммен көргім келді. Шамам келгенше туғаннан қайтыс болған кезіне дейін қамтуға тырыстым. «Дүние кітапқа кіруге ұмтылып тұрады» демекші, бір әнді талдауға 50 беттей кетіп қалып жатты. Сосын менің қатты бір қорыққаным, Хабиба апамыз аман болса екен, кітапты көріп кетсе екен деген ойым болды. Кітап биыл шықпай да қала жаздады. Негізі қаржы жоқ деп 2014 жылға қалдырылғалы жатқанда Мәдениет және ақпарат министірі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі мені жеке қабылдап, орынбасарына тапсырма берді. Сол кісінің де осындай демеуімен шығып отыр» деді.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: Шерхан Талапұлы