Жүректен жүрекке жеткен әсем жыр (Видео)

Жүректен жүрекке жеткен әсем жыр (Видео)

Кеше, яғни, 24 қараша күні, ақын Мақпал Жұмабай Алматыдағы тыңдармандарымен шағын кездесу өткізді. Petrushka барында өткен жиынға Мақпалдың сезімге толы жырларына тәнті болып жүрген тыңдармандар жиналды.


Олардың ішінде Ізгілік Нағиев, Қанат Әбілқайыр, Қайсар Қауымбек, Әсия Бағдаулетқызы, Асылан Тілегенов, Манас Қайыртайұлы, Қарлығаш Досанова, Айнел Қайназарова, Сандуғаш Кенжебаева, Айсұлу Молдабекова, Мақпал Құлшынбаева секілді шығармашылық адамдары да болды.


Ақын жиылғандарға жүректен шыққан туындыларын ұсынбас бұрын шығармашылығы туралы аз-кем мәлімет берді.

"Өткен ғасырда Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Кенен Әзірбаев сынды әнші ақындар туындыларын шығарып қана қоймай, халықтың жүрегіне музыка арқылы жеткізе білді. Мен де дәл солай жеткізгім келеді, жүректен шыққан жырларыммен бөліскім келеді. Мені көбі бард әнші деп қабылдайды. Бұл пікір дұрыс емес", - деп Мақпал өзінің композитор да, орындаушы да емес, тек өлеңдерін мақамдатып айтатын ақын екендігін жеткізді.


Мақпалдың кездесу кештеріне әрдайым барып жүрген тыңдармандарының өтініші бойынша, ең бірінші ақынның "Қара жәшік" атты шығармасы ұсынылды. Бұдан өзге «Қарсылық», «Туған үй», «Бір тілім бақыт», «Білесің бе?», «Маска», «Ана», «Көңілім-ай», «Ұйқысыздық», сүйікті жарына арналған «Жолдың бәрі өзіңе апарады», «Өкініш» сынды әндерін шырқады.

Мақпал Жұмабай. "Бір адым"


Мұнымен қатар, кеште Мақпал ғана емес, жыр тыңдауға келген қонақтардың ішінен суырылып шыққан ақындар да жырларымен бөлісті. Мәселен көпшілікті туындыларымен баурап жүрген Қайсар Қауымбек, Асылан Тілегенов, айтыскер ақын Манас Қайыртайұлы өз өлеңдерін оқыды. Бұдан бөлек тәлімі мол тақырыптарда сөз қозғалып, арасында қалжың да айтылды.

Кеш соңында қонақтар келесі кештерді асыға күтетіндіктерін айтып, Асылан Тілегенов әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне тыңдармандармен кездесуге шақырды.

Бұдан соң жиылғандар ақынмен естелік суретке түсіп, оған алғыстарын айтты. Ақын Мақпал Жұмабай да тыңдармандарға алғысын айтып, ізгі пейілін білдірді. 

Дайындаған және суретке түсірген: Қарлыға Бүйенбай

Видео: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай