"Капитал" порталының журналистері қазақстандық әншілер жұлдыздық карьерасы үшін қанша қаржы жұмсайтынын есептеп шығарды.
Бірінші кезекте музыкантқа репертуар таңдау қажет. Бір әнге 500-ден 1000 АҚШ долларына дейін немесе одан да жоғары қаржы салу керек екен. "Танымал авторлар жоғары қаржы талап етеді", - дейді басылым. Композиция да сол бағамен бірдей тұрады. Алматының әуен жазу студияларындағы бір әуен жазу құны 500 доллар. Кәсіби бэк-вокалистердің жарты немесе бір сағат жұмысы 100-200 доллар тұрады. Сонымен бір дайын әннің толық құны үш мыңдай АҚШ долларына тең келеді.
Ең көп шығын бейнеклип түсіру жұмысына кетеді екен. Ең арзан клип 1000 долларды құрамақ. Бұл қаржыға тек операторлық және монтаждық жұмыстарға есеп жасай аласыз. Ешқандай эффектісіз қарапайым ғана клипке 3000 доллардай төлейсіз. Оған қоса, музыкантқа визажист көмегі беріледі.
"Жоғары дәрежеде кран, рельс және бірнеше бейнекамера қолданылған, стилист-гример-костюмерлердің көмегімен түсірілген клип құны 10,000 нан 30,000 долларға дейін жетеді" - дейді Капитал тілшісі. Анимация және компьютерлік графиканың әр секунды 50-ден бірнеше жүз долларға жетуі мүмкін.
Бейнеклиптің теледидар эфиріне бір рет шығуы 50-200 доллар болмақ. Ал радиостанция үшін бір реттік төлем 20-100 доллар болады. PR-менеджер қызметіне 400 доллар төлейсіз. PR-агенттігі өз қызметі үшін сізден айына 1000 доллар сұрайды.
сурет: photocentra.ru
Дайындаған: Болат Қосмағамбет