Қазақстандық оқушы Нұрали Бектеміровтің мұз қатқан Каспий бетіндегі мәнерлеп сырғанаған видеосын фотограф Ади Бектеміров Instagram парақшасында жариялаған болатын. Жас өнерпаз өз видеосына америкалық әнші Зак Грейдің музыкалық туындысын пайдаланған. Кейін америкалық әнші бұл видеоны өз парақшасында бөлісіп, "Бар махаббаттарыңыз үшін рақмет, Қазақстан" деп жылы лебізін білдірген еді.
Бүгін "Жұлдыз FM" радиостанциясы америкалық әнші Зак Греймен тікелей байланысқа шықты. Олар сұхбат барысында әншінің Қазақстан туралы пікірін біліп, болашақтағы жоспарларымен танысты.
"Сіздермен тілдесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Қазір АҚШ-та тұрып жатқаныма қарамастан, кейінгі кезде менің әндерім Қазақстан, Ресей секілді мемлекеттерде танымал болғаны қатты таңқалдырды. Әсіресе, екі қазақстандық жігіттің жасаған видеоларына сөзім жетпейді",— деп бастады әңгімесін Зак.
Қазақстан туралы тек Америкадағы танымал фильм "Борат" арқылы ғана білетінін жеткізді. "2020 жыл бәріміз үшін бір қызық жыл болды. Өткен жылы менің бір-екі туындым жарыққа шыққан еді. Қазір 9-10 әнмен жұмыс істеп жатырмын, жақында аяқталуы тиіс. Олардың басым бөлігі электроник жанрындағы музыканттармен бірге жазылған еді. Одан бөлек, соло-әртіс ретінде өз әндерім де бар. Осы жылы 15–20-ға жуық әннің релизін жасаймын деп сенемін",— деп шығармашылығындағы жаңалықты бөлісті.
"Мен екі қазақстандық жігіт жасаған видеоны сондай ұнаттым. Көңілімнен шыққаны соншалық, өз парақшамда бөлістім. Келесі күні, қазақстандық әлеуметтік желі парақшалары менің парақшамнан бөлісе бастады. Бұл бір қызық болды. Мен оларға менің әнімді қолданғаны үшін шексіз алғысымды білдіремін," — деді. — "Олардың өзімен сөйлестім. Олар әнді YouTube желісінен тапқанын айтты. Маған тыңдарманның берген реакциясы қатты ұнады. Барлық тыңдарманға маған берген ыстық ілтипаты үшін алғысым зор. Жақында Қазақстанды өз көзіммен көруге барып та қалармын," — деп Зак Грей алғысын білдірді.