Жетісу ән өнерін дамытушылардың көбін әнші-ақындар тобына жатқызуға болады. Алайда, олардың сал-сері болмағаны белгілі. Әнші-ақындарға тән қасиет – ақындық пен әншілігі, өнерпаздығы қатар келуінде. Олар ән мәтіні мен әуенін өздері шығарып қана қоймай, оны асқан шеберлікпен орындай білген. Әнші-ақындар өзі өмір сүрген заманына қарай халықтың әр түрлі тарихи-әлеуметтік мәселелеріне, тұрмыс-тіршілігіне қарай лирикалық әндер тудырған.
Солардың бір легі тақырып аясы жағынан халықтың тарихи қасіреттеріне, автордың өз тағдырына байланысты айтыла келіп, замананың сыры, елдің мұңы ретінде өнер туындысы болып шырқалады. Бұған Шалтабайдың «Менің атым Шалтабай», Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Бозторғай», «Бұлбұл», Қапездің «Дүние-ай», «Айхой», «Меркі», Таңжарықтың «Амандасу» сияқты әндерін жатқызуға болады.
Бұл әндер өзінің ішкі психологиялық иірімімен, филисофиялық ой өзегімен, өлең мәтіндерінің ән әуенімен қабысып, бірлік тауып, халық көңіліне жол табады.
Профессор А.Жұбанов «Көкшолақ» әнін Жетісудың дәстүрлі халықтық интонация негізінде шыққанын айтса, «Бұлбұлда» басқа бір қадам бар екеніне назар аударады да: «Басында Кенен бірнеше ұстамды, сабырлы, сазды ноталар арқылы іштегі шерін шығарып алғандай, тек содан кейін ғана сөзге бағынған. Қысқа әуендік музыкалық сөйлемдер арқылы ойын айтады. Сондай-ақ, «Алатау аңсадым-ау...» деп басталатын қайырмасында да үлкен дәлел бар. Кененнің ол бір кездегі творчестволық туындыларының ішінде «Бұлбұл» музыкалық тілінің анықтығынан, байсалдылығынан, ырғақтың жан-жақтылығынан ерекше орын алады десе болады», дейді. Шынында да, Кененнің «Бұлбұлы» өзі тақырыптас Жетісу ән өнеріндегі шоқтығы биік шығарма екендігінде дау жоқ.
Жетісу авторлық ән өнерінде лирикалық мотивтер де жеткілікті. Бұл тақырып аясында Пышан Жәлмендеұлының (1884-1921) «Қайша», Мошанұлы Сәдіқожаның (1917-1946) «Ахау, айым», Ұсаұлы Сауытбектің (1818-1931) «Ақбөпесін» жатқызуға болады. Бұл әндер жастық, махаббат мәселелерін сипаттайды, бәріне ортақ түп қазық – жігіттердің сүйген қыздарына деген сезімі, сағыныш сазы болып төгілетіндегі.
Жетісудың авторлық ән өнері мұрагерлерінің бәрінің шығармашылығын баяндау көп қиындық тудыратындықтан, біз солардың ішінен өз ғасырымыздың бедерінде өмір кешкен бірнешеуіне тоқталсақ.
Қапез Байғабылұлы 1896 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ өңіріндегі Ақтоғай бойында дүниеге келген. Әкесі Байғабыл орта шаруа, молдадан оқып қара таныған, көзі ашық адам болған. Қапез маңдайы кере қарыс, шаш қоймайтын, қыр мұрынды, орта бойлы, ашаң жүзді, арықтау, ат жақты және жұтқыншағы дөңкиіп сыртқа теуіп тұратын адам болған.
Ыстанбұлда оқып келгеннен кейін халық арасында қызмет істейді.
Қапез жастайынан өнерге құштар болып өседі. Жамбыл, Кенен, Бөлтірік, Жүсіпбекқожа, Албан Асан, Құланаяқ Құлмамбет, Шалтабай Алпарұлы, Әжек Мырзаұлы, күйшілерден Мейірман Қожеке Назарұлы, Меңдеке, Бекмұханбет баласы Омархандар шығармаларынан тәлім алады.
Көдек Маралбайұлы, Майлы Орманұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Кәрібоз Қақжарұлы Қапездің замандастары болса, Нұрақын Қасымбекұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Бейсенбай Ыртайұлы оның өнердегі, өлеңдегі шәкірттері.
Өмірінің көбі ағартушылықпен өткен Қапездің ел арасында көп тараған өлеңдері мен әндері сталиндік репрессия жылдарынан бастап айтылмай қалады да, көбі ұмытылады. Бүгіндері «халық әні» аталып жүрген кейбір әндері Қапездікі деген болжамдар бар.
Қапез әндерінің негізгі тақырыбы – халқымыздың 30-жылдар ішіндегі қасіреті мен тағдыры. Мысалы, «Айхайда» ашаршылық жылдарының болмысы шындық тұрғысынан көрініс табады. Ән сол бір жылдардағы жетім, жесір, жетімектің сабан арасы мен сұр тышқан інінен дән іздеген аянышты да мүшкіл халін көз алдыңа елестетіп, өткенге зер салдырады, ойға қалдырады, ел тағдырына деген алаңдаушылықты тудырады. Ал «Қапез әні» болса, әншінің өз тағдырын арқау еткен. Бұл – 1937 жылы айдалып бара жатқанда шыққан ән. Әнде әншінің елім деп соққан жүрек лүпілі, жазықсыз жабылған жала, өз ұрпағына деген әкенің ыстық ықыласы, туған жерге деген сүйіспеншілік – бәрі-бәрі айқын көрініс тапқан.
«Меркі» – Қапез Байғабылұлының өзін, ел мен жерін таныстырған ән. Тақырыбы жағынан бұл ән де жоғарыда айтылған әндермен мазмұндас.
Қапез әндерінің негізі дәстүрлі халық әндері мен авторлық әндердің арасын жалғастырып тұрған керемет бір алтын аралық сияқты әсер қалдырады. Себебі, бұл әндердің өлеңінде де, музыкалық әуенінен де жаңалықтың лебі есіп тұрады.
Қапез әндеріндегі жаңалықтың лебі неде?
Біріншіден, Қапез ел аралап, жұрт көріп, Ыстанбұлда оқыды. Екіншіден, ол – жаңаша сауатты әрі білімді адам. Үшіншіден, Кеңес өкіметінің қызметкері – білім мен мәдениет саласының білікті маманы.
Міне, осы жағдайлар Қапездің ән өнерін біздің қазіргі ән мәдениетімізге сөзсіз жалғастырады.
Жетісу ән өнері мұрагерлерінің елеулі өкілдерінің тағы бірі – Сәдіқожа Мошанұлы (1917-1946).
Сәдіқожа Мошанұлы – Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Кетпен тауының етегінде дүниеге келген. Ол – жасынан әнші атанған әрі суырып салма ақындығымен де, жыр-дастандарды жырлаған жыршылығымен де халық жадында қалған, аз ғұмыр кешсе де, соңына өшпес мұра қалдырған талант иесі.
Сәдіқожа қазақ өнерінің алтын қорына қосылған «Сары бидай», «Ей, ахау», «Ахау, айым», «Сағынсаң қалқа, өзің кел», «Ақ қаз едің», «Угәй-ай» секілді қайталанбас әндерді дүниеге әкелді.
Сәдіқожа 1931 жылы коллективтендіру саясатының ықпалынан еріксіз Қытайға ауған туған-туыстарымен бірге жат жерге қоныс аударып, сол жақта 1946 жылы сүзек ауруынан қайтыс болады. Сүйегі Құлжа қаласының солтүстігіндегі тау сілеміндегі Білікші деген жерде жатыр.
Баспа бетін көрген кейбір материалдарға қарағанда, Сәдіқожаның қайтыс болған жылы, жасы туралы біраз кереғар пікірлер баршылық.
Сәдіқожа әндерінің көбі – ғашықтық, сүйіспеншілік тақырыбына арналған лирикалық әндер.
«Ахау, айым», «Ахау, қалаулым-ай» әндерін бізге жеткізуші – әйгілі әнші Дәнеш Рақышев. Алғашқысы Қ.Алпысбаевтың айтуымен тұңғыш рет ноталық нұсқасы «Жетісу әуендері» (1998 ж.) жинағында берілген.
«Сары бидай» әнін жеткізуші – өзі де әнші, үлкен ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Қожахметұлы Алпысбаев. Енді соған аз-кем тоқтала кетейік.
«Жақында елу жылдан соң бас қосып, Алматыны әнге бөлеген қызықты сәтті қайыра бастан кештік. Құныпияны қолқалап, сәл сырқаттанып жүргеніне қарамастан, «Сары бидайды» салдырдық. Сағынып қалыппыз сағынышты әнді, қосыла шырқап, шуақтанып қалдық. Осынау нәзік иірімді әннің авторы әнші-композитор, Құныпияның туыстас атасы Садықожа Мошанұлы екенін де кейін біліп, талайлы тағдырына таныс болдық. Қазан айында Жетісу өңірі оның 100 жылдығын атап өтті. Көне Кетпеннің бойы әнмен әрленді.
...Әдебиеттің материалы – сөз өнері. Сөз өнерінің ғылыми майданы – әдебиеттің үш тегінің көркемдік-идеялық деңгейіне баға беру. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп абыз ақын жазғандай, әдебиетке қазақ баласының таласы бар. Бірақ олардың да таңдамалысы, танымдысы, әдеби жүгінің қарымдысы және бар. 1974 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін бітіріп, арман жолында жан-жаққа тарап кеткенде, соңғы кештегі қоштасу дастарқанында «Сары бидай» әнін соңғы рет шырқаған, қоңыр домбырасын құшақтап, көзінен жасы моншақтап, ресторанның алдында жалғыз қалған Құныпия дос ол кезде әдебиеттің ғылыми ортасына дендеп кететінін өзі де білмеген де болар. Құқаң оқу бітіргесін өзіне білім берген Университетінде қызметке қалды, осындағы кәсіподақ комитетінің белсендісі болып алғашқы еңбек жолын бастады. Туған елдің ғажайып әндері жас ғалымның рухани деңгейін көтеріп, көпке танытып, көркем әдебиеттің жолына салды. Кешегі нәубет жылдарда кеңестік зұлматтан бас сауғалап, тау асып, арманда қалған алыс жерге қоныс аударған Құныпияның ата-анасы 1956 жылғы жылымық кезінде атакүлдікке ат байлап, ошағын тұтатты. Жеті жасқа келіп, білімнің ауылына аңсары ауған Құқаң туған елінің тұңғышындай болып мектепке барды. Ұлтымыздың талай зиялы да зерделі, талантты да талғамды түлектерін ұшырған Алматыдағы атақты №12 мектепті бітірген Құныпиямен біздің жолымыз 1969 жылы осылай тоғысқан болатын. Дұнғана даласындағы думанды күндерде ол бізге Жетісу ән мектебінің туындыларын жеткізіп, халық әндерінің қасиетін танытты. Соның ішінде өзінің өскен жері Кетпеннің аты аталатын «Сары бидай» әні оның ән өнеріндегі паспортындай болып, көңіл парағында мөрленді», деп жазады белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлы «Ән мен әдебиет немесе «Сары бидай» әнінің сағынышы туралы сыр мен сымбат» атты мақаласында («Bairaq.kz», 30 қазан 2019 ж.).
Ән мәтіні алғаш рет «Қазақ әндерінің антологиясына» енген. Сонымен қатар «Жетісу әуендері» атты жинақта тұңғыш рет жарияланған (1998 ж.).
Кейбір әншілеріміздің ән мәтінін бұра тартып, «Біздің ауыл Қазығұрттың етегінде» деген сияқты бұзып айтып жүргенін естіп қаламыз. Бұл дұрыс емес. Тіпті әнге, әншіге жасалған қиянат екені сөзсіз.
Әннің туу тарихы жайлы Қуанияз Бұқыжанұлы қария былай дейді: «Сары бидайды» Сәдіқожа бауырым Әбзелханға, тек соған арнап шығарған. Басқа ешкімге арнамаған. Өйткені Сәдіқожа салт-санасы қалыптасқан, шыжым жібі үзілмейтін қазақ ауылының баласы. Бұл ән қос ғашықтың сүйіспеншілігін бейнелейтін сиқыр дүние емес пе?! Ендеше, оны айтпау, сағыныш сәттерін еске алмау мүмкін емес қой. Өз жерімізге, Кетпенге көшіп келгеннен кейін де Сәдіқожаның осы әнін ыңылдап айтатын едім», деп еске алады.
Әнді тыңдағанда сезімтал жүрек шіркін, бірде шалқып, бірде тылсым тұңғиыққа батқан сәттерде елжірей емінген әр ырғақтан сыр іздеп, көкке қалықтағандай күй кешіп, асып-тасып отырасыз. Жоғына ынты-зары ауып, сүйіктісін ынтыға іздеген жан ғана үзіліп түсіп, сондай бір жұмбақ күй, тосын хал кешсе керек.
Ән мәтініндегі алғашқы екі жол мен кейінгі екі жол әннің өлеңдік ойын тереңдетіп, әуеннің әсерін арттырып тұр. Оның адал ой, іңкәр сезім екеніне сенбей көріңіз.
Сазгер-әншінің «Ей, ахау» әнін жеткізуші де Қуанияз Бұқыжанұлы, орындаушы Құныпия Алпысбаев жетпісінші жылдары эфирге шығарған. Мәтіні қазақ әуендерінің анталогиясына енген (1990 ж). Нотасы Құныпия Алпысбаевтың орындауында «Жетісу әуендері» жинағында жарияланған.
Қуанияз Бұқыжанұлының естеліктеріне қарап әншінің сал-серілердің соңғы сарқыты ма деген ойға қаласың. Естелік былай айтылады: «Өң-түсі қара торы, ұзын бойлы, сылыңғыр жігіт еді... Шашын ұстарамен тып-тықыр қып алғызып тастайтын. Басына киетіні ақ қалпақ. Онысы өзіне сұлулық беріп, жақсы жарасар еді. Сымының (шалбарының) етегін жайып жіберіп, шашақтатып қоятын».
Ал Қапез бен Сәдіқожаның әндерін салыстырып қарасақ, екеуі бір-біріне қарама-қарсы болып келеді. Мұны жүрген ортасының да әсері болар деп ойлаймыз. Қапезді алып қарасақ, оның Ыстанбұлда оқығандығы, өте білімді халық ағартушысы, басқа ұлттармен көп араласқанының әсері болар, әндерінде, жоғарыда айтқанымыздай, жаңа бір леп бар – осы заманғы ән-өнеріміздің бастауы секілді. Қапез әндеріне тән қасиет – лирика. Сәдіқожаны алып қарасақ, нағыз қазақи ортада жүргенін әндерінен-ақ байқауға болады.
Сәдіқожа әндерін халық әндерімен байланысты дедік. Ән иірімдерінен ақындықтың лебі еседі. Қуанияз қарияның айтуына қарағанда, Сәдіқожа шалбарының етегін кесіп, шашақтап жайып жіберуінің өзі сал-серіліктің белгісі емей, немене?!
Сәдіқожаның соңына қалдырған мұрасы аталған әнмен шектеліп қалмайды. Тума дарын, талант иесі тағы да бірнеше әндер мен айтыс өлеңдерін қалдырған.