Жетісу ән мектебінің мұрагерлері

Жетісу ән мектебінің мұрагерлері
Фото: anatili.kazgazeta.kz

Жетісу ән өнерін дамытушылардың көбін әнші-ақындар тобына жатқызуға болады. Алайда, олардың сал-сері болмағаны белгілі. Әнші-ақындарға тән қасиет – ақындық пен әншілігі, өнерпаздығы қатар келуінде. Олар ән мәтіні мен әуенін өздері шығарып қана қоймай, оны асқан шеберлікпен орындай білген. Әнші-ақындар өзі өмір сүрген заманына қарай халықтың әр түрлі тарихи-әлеуметтік мәселелеріне, тұрмыс-тіршілігіне қарай лирикалық әндер тудырған.

Солардың бір легі тақырып аясы жағынан халықтың тарихи қасіреттеріне, автордың өз тағдырына байланысты айтыла келіп, замананың сыры, елдің мұңы ретінде өнер туындысы болып шырқалады. Бұған Шалтабайдың «Менің атым Шалтабай», Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Боз­торғай», «Бұлбұл», Қапездің «Дү­ние-ай», «Айхой», «Меркі», Таң­жарықтың «Амандасу» сияқты әндерін жатқызуға болады.

Бұл әндер өзінің ішкі психо­логиялық иірімімен, филисо­фия­лық ой өзегімен, өлең мәтіндерінің ән әуенімен қабысып, бірлік та­уып, халық көңіліне жол табады.

Профессор А.Жұбанов «Көк­шолақ» әнін Жетісудың дәстүрлі халықтық интонация негізінде шық­қанын айтса, «Бұлбұлда» басқа бір қадам бар екеніне назар аударады да: «Басында Кенен бірнеше ұстамды, сабырлы, сазды ноталар арқылы іштегі шерін шығарып алғандай, тек содан кейін ғана сөзге бағынған. Қысқа әуендік музыкалық сөйлемдер ар­қылы ойын айтады. Сондай-ақ, «Алатау аңсадым-ау...» деп бас­талатын қайырмасында да үлкен дәлел бар. Кененнің ол бір кездегі творчестволық туындыларының ішінде «Бұлбұл» музыкалық тілі­нің анықтығынан, байсалдылығы­нан, ырғақтың жан-жақтылығы­нан ерекше орын алады десе болады», дейді. Шынында да, Кененнің «Бұл­бұлы» өзі тақырыптас Жетісу ән өне­ріндегі шоқтығы биік шы­ғар­ма екендігінде дау жоқ.

Жетісу авторлық ән өнерін­де лирикалық мотивтер де жеткі­лік­ті. Бұл тақырып аясында Пы­шан Жәлмендеұлының (1884-1921) «Қай­­ша», Мошанұлы Сәдіқо­жа­ның (1917-1946) «Ахау, айым», Ұсаұлы Сауытбектің (1818-1931) «Ақ­бөпесін» жатқызуға болады. Бұл әндер жастық, махаббат мә­селелерін сипаттайды, бәріне ортақ түп қазық – жігіттердің сүй­­ген қыздарына деген сезімі, сағы­ныш сазы болып төгілетіндегі.

Жетісудың авторлық ән өне­рі мұрагерлерінің бәрінің шығар­машылығын баяндау көп қиындық тудыратындықтан, біз солардың ішінен өз ғасырымыздың бедерін­де өмір кешкен бірнешеуіне тоқ­тал­сақ.

Қапез Байғабылұлы 1896 жы­лы Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ өңіріндегі Ақтоғай бойында дүниеге келген. Әкесі Байғабыл орта шаруа, молдадан оқып қара таныған, көзі ашық адам болған. Қапез маңдайы кере қарыс, шаш қоймайтын, қыр мұрынды, орта бойлы, ашаң жүзді, арықтау, ат жақты және жұтқыншағы дөңкиіп сыртқа теуіп тұратын адам болған.

Ыстанбұлда оқып келгеннен ке­­йін халық арасында қызмет істейді.

Қапез жастайынан өнерге құш­­тар болып өседі. Жамбыл, Ке­нен, Бөлтірік, Жүсіпбекқожа, Ал­бан Асан, Құланаяқ Құлмамбет, Шал­табай Алпарұлы, Әжек Мырзаұлы, күйшілерден Мейірман Қо­жеке На­зарұлы, Меңдеке, Бекмұ­хан­бет баласы Омархандар шығар­маларынан тәлім алады.

Көдек Маралбайұлы, Май­лы Орманұлы, Жүсіпбек Шайхыс­лам­­ұлы, Кәрібоз Қақжарұлы Қа­пездің замандастары болса, Нұр­ақын Қасымбекұлы, Сәді­қожа Мошанұлы, Бейсенбай Ыртай­ұлы оның өнердегі, өлеңдегі шәкірт­тері.

Өмірінің көбі ағартушылықпен өткен Қапездің ел арасында көп тараған өлеңдері мен әндері ста­линдік репрессия жылдарынан бас­­тап айтылмай қалады да, көбі ұмытылады. Бүгіндері «халық әні» аталып жүрген кейбір әндері Қа­пездікі деген болжамдар бар.

Қапез әндерінің негізгі тақы­рыбы – халқымыздың 30-жылдар ішіндегі қасіреті мен тағдыры. Мысалы, «Айхайда» ашаршылық жылдарының болмысы шындық тұрғысынан көрініс табады. Ән сол бір жылдардағы жетім, жесір, жетімектің сабан арасы мен сұр тышқан інінен дән іздеген аянышты да мүшкіл халін көз алдыңа елестетіп, өткенге зер салдырады, ойға қалдырады, ел тағдырына деген алаңдаушылықты тудырады. Ал «Қапез әні» болса, әншінің өз тағдырын арқау еткен. Бұл – 1937 жылы айдалып бара жатқанда шыққан ән. Әнде әншінің елім деп соққан жүрек лүпілі, жазықсыз жабылған жала, өз ұрпағына деген әкенің ыстық ықыласы, туған жерге деген сүйіспеншілік – бәрі-бәрі айқын көрініс тапқан.

«Меркі» – Қапез Байғабыл­ұлы­ның өзін, ел мен жерін таныстырған ән. Тақырыбы жағынан бұл ән де жоғарыда айтылған әндермен маз­мұндас.

Қапез әндерінің негізі дәстүрлі халық әндері мен авторлық әндер­дің арасын жалғастырып тұрған ке­­ремет бір алтын аралық сияқты әсер қалдырады. Себебі, бұл ән­дер­­­­дің өлеңінде де, музыкалық әуе­­­­­ні­нен де жаңалықтың лебі есіп тұрады.

Қапез әндеріндегі жаңалықтың лебі неде?

Біріншіден, Қапез ел аралап, жұрт көріп, Ыстанбұлда оқыды. Екін­шіден, ол – жаңаша сауатты әрі білімді адам. Үшіншіден, Кеңес өкіметінің қызметкері – білім мен мәдениет саласының білікті маманы.

Міне, осы жағдайлар Қапез­дің ән өнерін біздің қазіргі ән мәде­ниетімізге сөзсіз жалғастырады.

Жетісу ән өнері мұрагерлерінің елеулі өкілдерінің тағы бірі – Сәді­қожа Мошанұлы (1917-1946).

Сәдіқожа Мошанұлы – Алма­ты облысы, Ұйғыр ауданындағы Кет­пен тауының етегінде дүниеге келген. Ол – жасынан әнші атан­ған әрі суырып салма ақындығы­мен де, жыр-дастандарды жырлаған жыршылығымен де халық жадын­да қалған, аз ғұмыр кешсе де, со­ңына өшпес мұра қалдырған талант иесі.

Сәдіқожа қазақ өнерінің алтын қорына қосылған «Сары бидай», «Ей, ахау», «Ахау, айым», «Са­ғынсаң қалқа, өзің кел», «Ақ қаз едің», «Угәй-ай» секілді қайта­ланбас әндерді дүниеге әкелді.

Сәдіқожа 1931 жылы кол­лек­тивтендіру саясатының ықпалы­нан еріксіз Қытайға ауған туған-туыстарымен бірге жат жерге қо­ныс аударып, сол жақта 1946 жы­лы сүзек ауруынан қайтыс болады. Сүйегі Құлжа қаласының солтүстігіндегі тау сілеміндегі Бі­лік­ші деген жерде жатыр.

Баспа бетін көрген кейбір мате­риалдарға қарағанда, Сәдіқожаның қайтыс болған жылы, жасы туралы біраз кереғар пікірлер баршылық.

Сәдіқожа әндерінің көбі – ға­шық­тық, сүйіспеншілік тақыры­бына арналған лирикалық әндер.

«Ахау, айым», «Ахау, қалау­лым-ай» әндерін бізге жеткізуші – әйгілі әнші Дәнеш Рақышев. Ал­ғашқысы Қ.Алпысбаевтың ай­туы­мен тұңғыш рет ноталық нұс­қасы «Жетісу әуендері» (1998 ж.) жинағында берілген.

«Сары бидай» әнін жеткізуші – өзі де әнші, үлкен ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Қожахметұлы Алпысбаев. Енді соған аз-кем тоқ­тала кетейік.

«Жақында елу жылдан соң бас қосып, Алматыны әнге бөлеген қы­­зықты сәтті қайыра бастан кеш­­тік. Құныпияны қолқалап, сәл сыр­қаттанып жүргеніне қа­ра­мастан, «Сары бидайды» сал­дыр­дық. Са­ғынып қалыппыз сағы­ныш­ты ән­ді, қосыла шырқап, шуақ­танып қал­дық. Осынау нә­зік иірімді ән­нің авторы әнші-композитор, Құ­ныпияның туыстас атасы Сады­қожа Мошанұлы екенін де кейін біліп, талайлы тағдырына таныс болдық. Қазан айында Жетісу өңірі оның 100 жылдығын атап өтті. Көне Кетпеннің бойы әнмен әр­ленді.

...Әдебиеттің материалы – сөз өнері. Сөз өнерінің ғылыми май­­­­даны – әдебиеттің үш тегінің көр­­кемдік-идеялық деңгейіне ба­ға беру. «Өлеңге әркімнің де бар та­­ласы» деп абыз ақын жазған­дай, әдебиетке қазақ баласы­ның та­­ласы бар. Бірақ олардың да таң­­дамалысы, танымдысы, әде­би жү­­гінің қарымдысы және бар. 1974 жылы Қазақ Ұлттық Уни­вер­­ситетінің филология фа­куль­те­тін бітіріп, арман жолында жан-жаққа тарап кеткенде, соңғы кеш­­­тегі қоштасу дастарқанында «Сары бидай» әнін соңғы рет шыр­­­­­қаған, қоңыр домбыра­сын құ­­шақтап, көзінен жасы мон­шақ­тап, рес­торанның алдында жал­ғыз қалған Құныпия дос ол кезде әде­биеттің ғылыми ортасына дендеп кететінін өзі де білмеген де болар. Құқаң оқу бітіргесін өзіне білім берген Университетінде қыз­­­метке қалды, осындағы кәсіп­одақ комитетінің белсендісі бо­­лып алғашқы еңбек жолын бас­­­тады. Туған елдің ғажайып ән­­­дері жас ғалымның рухани дең­гейін көтеріп, көпке танытып, көркем әдебиеттің жолына салды. Кешегі нәубет жылдарда кеңестік зұлматтан бас сауғалап, тау асып, арманда қалған алыс жерге қоныс аударған Құныпияның ата-анасы 1956 жылғы жылымық кезінде ата­­күлдікке ат байлап, ошағын тұ­татты. Жеті жасқа келіп, білімнің ауы­лына аңсары ауған Құқаң ту­ған елінің тұңғышындай болып мек­тепке барды. Ұлтымыздың та­­лай зиялы да зерделі, талантты да тал­ғамды түлектерін ұшырған Ал­матыдағы атақты №12 мек­теп­ті бітірген Құныпиямен біздің жо­лымыз 1969 жылы осылай то­ғысқан болатын. Дұнғана дала­сын­дағы думанды күндерде ол біз­ге Жетісу ән мектебінің туын­дыларын жеткі­зіп, халық ән­де­­рінің қасиетін та­ныт­ты. Со­ның ішінде өзінің өскен жері Кет­пеннің аты аталатын «Сары би­дай» әні оның ән өнеріндегі пас­портындай болып, көңіл па­ра­ғында мөрленді», деп жазады белгілі ақын, Мемлекет­тік сый­лықтың лауреаты Өтеген Орал­бай­ұлы «Ән мен әдебиет не­месе «Сары бидай» әнінің сағы­нышы ту­ралы сыр мен сымбат» атты ма­қа­ласында («Bairaq.kz», 30 қазан 2019 ж.).

Ән мәтіні алғаш рет «Қазақ ән­­дерінің антологиясына» енген. Сонымен қатар «Жетісу әуен­де­рі» атты жинақта тұңғыш рет жа­рия­ланған (1998 ж.).

Кейбір әншілеріміздің ән мә­тінін бұра тартып, «Біздің ауыл Қазы­ғұрттың етегінде» деген сияқ­ты бұзып айтып жүргенін естіп қаламыз. Бұл дұрыс емес. Тіпті әнге, әншіге жасалған қиянат екені сөзсіз.

Әннің туу тарихы жайлы Қуа­нияз Бұқыжанұлы қария былай дейді: «Сары бидайды» Сәдіқожа бауырым Әбзелханға, тек соған арнап шығарған. Басқа ешкімге ар­намаған. Өйткені Сәдіқожа салт-санасы қалыптасқан, шы­жым жібі үзілмейтін қазақ ауылы­ның ба­ласы. Бұл ән қос ғашық­тың сүйіс­­пеншілігін бейнелей­тін сиқыр дүние емес пе?! Ендеше, оны айтпау, сағыныш сәттерін ес­ке алмау мүмкін емес қой. Өз жері­мізге, Кетпенге көшіп келген­нен кейін де Сәдіқожаның осы әнін ыңылдап айтатын едім», деп еске алады.

Әнді тыңдағанда сезімтал жү­рек шіркін, бірде шалқып, бірде тылсым тұңғиыққа батқан сәттер­де елжірей емінген әр ырғақтан сыр іздеп, көкке қалықтағандай күй кешіп, асып-тасып отырасыз. Жоғына ынты-зары ауып, сүйік­тісін ынтыға іздеген жан ғана үзі­ліп түсіп, сондай бір жұмбақ күй, тосын хал кешсе керек.

Ән мәтініндегі алғашқы екі жол мен кейінгі екі жол әннің өлең­­дік ойын тереңдетіп, әуеннің әсе­­рін арттырып тұр. Оның адал ой, ің­кәр сезім екеніне сенбей кө­ріңіз.

Сазгер-әншінің «Ей, ахау» әнін жеткізуші де Қуанияз Бұқы­жанұлы, орындаушы Құныпия Алпысбаев жетпісінші жылдары эфирге шығарған. Мәтіні қазақ әуендерінің анталогиясына енген (1990 ж). Нотасы Құныпия Ал­пысбаевтың орындауында «Же­тісу әуендері» жинағында жария­ланған.

Қуанияз Бұқыжанұлының ес­те­ліктеріне қарап әншінің сал-сері­лердің соңғы сарқыты ма деген ойға қаласың. Естелік былай айтылады: «Өң-түсі қара торы, ұзын бойлы, сылыңғыр жігіт еді... Шашын ұстарамен тып-тықыр қып алғызып тастайтын. Басына киетіні ақ қалпақ. Онысы өзіне сұлулық беріп, жақсы жарасар еді. Сымының (шалбарының) етегін жайып жіберіп, шашақтатып қоятын».

Ал Қапез бен Сәдіқожаның әндерін салыстырып қарасақ, екеуі бір-біріне қарама-қарсы бо­лып келеді. Мұны жүрген орта­сының да әсері болар деп ойлай­мыз. Қапезді алып қарасақ, оның Ыстанбұлда оқығандығы, өте бі­лім­ді халық ағартушысы, басқа ұлт­тармен көп араласқанының әсе­рі болар, әндерінде, жоғарыда айт­қанымыздай, жаңа бір леп бар – осы заманғы ән-өнеріміздің бас­тауы секілді. Қапез әндеріне тән қасиет – лирика. Сәдіқожаны алып қарасақ, нағыз қазақи ортада жүр­генін әндерінен-ақ байқауға болады.

Сәдіқожа әндерін халық әнде­рі­мен байланысты дедік. Ән иірім­дерінен ақындықтың лебі есе­ді. Қуанияз қарияның айтуына қара­ғанда, Сәдіқожа шалбарының ете­гін кесіп, шашақтап жайып жібе­руінің өзі сал-серіліктің белгісі емей, немене?!

Сәдіқожаның соңына қал­дыр­ған мұрасы аталған әнмен шек­теліп қалмайды. Тума да­рын, талант иесі тағы да бірнеше әндер мен айтыс өлеңдерін қал­дырған.

Egemen.kz

Қ. Слямбек