- Негізгі бет
- Музыка
- "Жетігенді көшпелі заманда...
"Жетігенді көшпелі заманда жігіттер көбірек ойнаған" – Сәуле Жұмабай
Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, жас өнерпаздар жетістігін жария ету – бүгінгі медианың бір мақсаты десек те болады. Cол мақсат жолындағы жазбамыздың келесі кейіпкері жетіген аспабының шебері – Сәуле Жұмабай.
Жетігенмен шет елдерді таңғалдырып жүрген нұр-сұлтандық Сәуле Жұмабай біршама республикалық конкурстарда топ жарып, домбырасымен де талайларға таңдай қақтырған.
Жетіген қазақтың көне аспаптарының бірі. Бір ғасырға жуық уақыт іздеусіз қалып кеткен аспапты 60-жылдары этнограф ғалым, академик Болат Сарыбаев жоғалтқанымызды тауып, қайта жаңғыртты. Содан бері жетіген аспабына қызығушылар күн санап көбейіп келеді. Сәуле Жұмабай да бұл аспапты аса қызығушылығының арқасында үйренгенін айтады.
Жетіген менің бала кездегі қиялым, арманым болды. Себебі, 6-7 сыныптарда оқып жүргенде ойыма осы аспап орала берді. Бірақ оның қандай аспап екенін, атын да затын да білмедім. Тек қана үкім желбіреп сол аспапты ойнап отырған болашақ Сәуле көз алдыма елестей беретін. Кейіннен осы Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түскен кезде ғана бұл аспаппен таныстым, қыр-сырын білдім, - дейді.
Ұлттық аспапты дәріптеуге қаншама адамдар тер төкті. Соның нәтижесінде қазір кең танымалдылыққа ие, көп адам үйренуге бейілді. Әйтсе де, Сәуле алғаш бұл аспаппен танысқан кезінде үйреніп кетуіне білімі мен біліктілігі жетпегенін алға тартады.
Бұл аспаптың ерекшелігі әрине үнінде. Әндермен керемет үйлеседі, әрі менің табиғатыма жақын. Жалпы өзімнің аспабым екенін мен сездім және осы аспапты әрі қарай дамытып, жетігенмен ән орындауға бел будым. Жетіген ойнап, жетігенмен ән айтып өзімнің бала күнімдегі арманымды орындадым десем де болады. Ол – менің арманыма жасалған ең үлкен қадам болды, - дейді Сәуле.
Жетігеннің репертуары бүгінгі күнге дейін жетпеген, шығармалары сақталмаған. Сол себепті жетігенге арналған репертуарды музыканттар өздері жаңа шығармалармен толықтырып жасап шығарды. Ал бұрынғы жетігеннен қазіргі жетігеннің құрылымы өзгеше. Себебі тек қана жеті ішек емес, үш октаваға дейін созылған жиырма бір немесе жиырма екі ішектен тұрады. Дыбысты пернелерді басу арқылы емес, әрбір ішекті шерту арқылы орындалады. Осы аспапты меңгере алған Сәуле, қазір қыз балалардың қызығушылығын оятқан жетігенді алғашында жігіттер қауымы көп ойнаған деген тың ақпаратпен бөлісті.
Жетігенді көшпелі заманда жігіттер көбірек ойнаған екен. Себебі жетігенде ойнаған жігіт өте жоғары бағаланған. Ақсүйек саналған. Ал қазір жетіген өте нәзік болғаны үшін қыз баланың үнімен жақсы үйлескендіктен тек қана қыздар ойнап жүр. Дегенмен бізде жетіген ойнайтын жігіттер де бар. «Тұран» тобының солисті Ержігіт Әлиев сынды біршама жігіттер осы аспапты меңгерген. Бірақ ауыз толтырып айтатындай көп емес.
Қазақтың кез келген аспабын бойында таланты болмаса еркін меңгеріп кете алатындай оңай шаруа емес. Әр аспаптың өзіндік ерекшелігімен қатар қиындығы мен шыдамдылықты талап ететін қыңырлығы бар. Жетіген, тіпті күрделі аспап. Соған қарамастан төзімділік танытқан Сәуле кез келген жерде жетігенін жанынан тастамай, әндерін шырқап жүреді екен.
Әрбір ішектің дыбысына мән беру, әрбір ішектен дыбыс шығару ол өзінше бір күрделі жұмыс. Сонда да жетігенге деген махаббат, үлкен табандылық болса оны алып ойнап кетудің ешқандай қиындығы жоқ. Тек әр істі бастап, оны әрі қарай жалғастыру үшін өте үлкен еңбек керек.
Болашағыңды болжап, мінезің арқылы қандай маман иесі болатыныңды дәл тауып, баға бере алатын жан, ол – ұстаз. Сәуле Жұмабайдың да мектептегі ұстазы Клара Иманғазиева «оқушы кезінен өткір, тілге шешен қыз болатын» - дейді.
Н. ҮсеноваСәуле оқушы кезінен өткір, тілге шешен қыз болатын. Домбырамен ән шырқағанда жүзі бал-бұл жайнап, жанары ойнақыланып сала беретін. Сол кездің өзінде-ақ болашақта өнер бәйгесінде топ жарып, өз орынын табатын талант болатынына көз жеткізіп қойған. Ата-ананың ғана емес, қазақтың аяулы қызына айналатынына сенім білдіремін, - дейді.