Хабар арнасынан аптаның әр жұмасында көрсетілетін «7 ән» сазды бағдарламасының 24 сәуір күнгі саны атақты әнші, халықтың көзайымына айналып үлгерген Музарт тобының мүшесі Мейрамбек Беспаевқа арналды.
Әншілердің орындауына мына өнер жұлдыздары төрешілік етті: халық әншісі Алтынбек Қоразбаев, Мейрембектің замандас әнші досы Тоқтар Серіков, классикалық әндердің орындаушысы Майра Мұхаммедқызы, дәстүрлі және халық әндерінің шебері Майра Ілиясова, Музарт тобының жетекшісі Ерлан Жүнісбай және атақты продюсер Сұлтана Қаражігітова.
Сахна төріне жайғасқан бағдарлама кейіпкері ең алдымен Лұқпан Жолдасовтың продюсерлігімен өнер шыңын бағындырғысы келіп жүрген Дауыс.kz тобын қарсы алды. Құрылғанына көп болмаған жігіттер Мейрамбектің «Аяулым» әнін орындап шықты. Олар әннің тарихынан да хабардар екендігін көрсетті. «Сахнаға енді шығып жатқандары көрініп тұр, тәжірибе аз. Сондықтан жігіттер қорқып тұр. Бірақ маған орындау шеберліктері ұнады» деп төрелік етті Майра Мұхаммедқызы. Әйткенмен жас жігіттердің бұл әнді орындауы Музарт продюсеріне аса ұнай қоймады. Ол өз сөзін «Дайындыққа аз уақыт жұмсағандарың көрініп тұр» деп аяқтады. Ал бағдарлама кейіпкері әнінің дуэттік дауыста шырқалғанына разы болып, жігіттерге рақметін айтты.
Одан соң сахнаға классикалық жанрда ән айтып жүрген жас әншілерден құралған Voice.kz тобы шықты. Олар Мейрамбектің «Қия алмадым, қимадым» әнін классикалық бағытта орындады. Әнді классикалық үлгіде есту Мейрамбек үшін де күтпеген жайт болды. Әйткенмен оларды аса ұнатпағанын байқадық. Мейрамбек квартеттің атын ағылшын тілінде атағанын да түсіне алмайтындығын өкінішпен жеткізді. Тоқтар Серіков жігіттерден өнерге деген махаббатты көре алмағандығын айтты. Ол өзі төрелігін: «Бұл ән – бір өмір. Бұл – жүректің әні» деп түйіндеді.
Үшінші нөмірде сахнаға дәстүрлі және эстрадалық рухты әндердің орындаушысы ретінде халықтың көзайымына айналып жүрген Өмірқұл Айниязов шықты. Ол Мейрамбек Бесбаевтің «Жүрек сыры» әнін орындады. Өмірқұл әнді жылдам айтатын қылып өңдеген екен. Мұнысы төрешілерге аса ұнай қоймады. Майра Мұхамедқызы «Мейрамбек жаймен ағызған өмірді, сен тез өткізіп жіберген секілдісің» деген көзқарасын білдірді. Ал Мейрамбектің ұстазы Алтынбек Қоразбаев бұл әнді домбыраның қос қылын шертіп отырып, ыңылдап айтатын туынды екендігін айтты.
Одан соң сахнаға жас әнші Әли Оқапов шықты. Әли Мейрамбетің «Сүйіктім» әнін көңілді ритмде орындады. Сонымен қатар сол сәтті тиімді пайдаланып, өзінің алғашқы махаббатына да сәлем жолдады. Пысықтығы мен дарындылығы бір бойынан табылатын Әли дәл сол жерде өзі орындап шыққан Мейрамбектің «Сүйіктім» әнін өз репертуарына қосу үшін ақкөңіл ағасынан рұқсат сұрады. Інісінің ән орындау шеберлігі мен әннің өзгерісіне риза болған Мейрамбек Әлимен бірге сол мезетте дуэт орындап, кештің әрін кіргізді. Лұқпан Жолдасовтың сөзінен жазылған бұл әнді Әлиге беру үшін Лұқаңа өтініш білдіретіндігін де жеткізді. Барлық әншілердің кемшілігін бетіне басып, атағы мен дәрежесіне қарамай шындықты шырылдатып отырған Тоқтардың бұл жолы көңілі жібіп сала берді. Ол Әлидің орындау шеберлігіне ырза болып, амандығын тіледі.
Бесінші нөмірде сахнаға танымал әнші Меруерт Түсіпбаева шығып, көрермендер мен төрешілерді бір серпілтіп тастады. Қашан да әртістік қылығынан арылмайтын Меруерт бұл жолы да солай етті. Ол Мейрамбектің «Сен үшін жаралғандаймын» әнін, Мейрамбектің дәл өзіне қарап тұрып, өзгеше «пластикамен» орындады. Сондағы пластикасы – аяғын талтайтып, көйлегін ұстай бергені. Меруерт сахнада мұнан да басқа еркеліктерінің тізгінін босатып, әріптесі Тоқтадың шамына тиді. Өзге төрешілер «Жақсы орындадың» деген пікірден шыға алмай отырғанда Серіков «Сізге Меруерттің орындауы ұнады ма?» деген сұраққа үзілді-кесілді «Жоқ» деп жауап берді. Ол қыз баланың, әсіресе қазақ қызының киелі сахнада аяғын талтайтып тұрып ән айтуын жақтырмайтынын айтты. Тоқтардың пікірін тыңдап болған соң Меруерт те «рақметін» айтты. Рақметін ғана айтпады, тағы да талтайып алып «Менің ұзын көйлегімнен аяғымды талтайтып тұрғаным көрініп те тұрған жоқ қой? Бастысы – жалаңаш емеспін» деп жауап берді. Ол сонымен қатар осы шығысын сәтті пайдаланып бірнеше көліктеріне, осы бағдарлама үшін арнайы тіктірген оюлы көйлегіне жарнама жасап та алды. Бұл оның мақтанғаны ма, әлде тағы да «актрисалыққа» салынғаны ма, қайдам... Ал ешкімнің көңіліне кірбің түсіргісі келмейтін Мейрамбек Меруерттің бұл (және басқа да) қылықтарын еркелік деп қана түсінетіндігін және Тоқтарға оның да солай түсінуіне өтініш білдірді. Мейрамбек: «Қазақ сахнасында біреу болса да осындай ерке қызымыздың жүргені дұрыс»,- деп қалжыңдады.
Меруерттің әнінен соң сахнаға қандасымыз Бибігүл Қилымханқызы шығып, Мейрамбектің репертуарындағы «Махаббатым» әнін жоғарғы деңгейде орындап шақты. Оған төрешілердің барлығы дерлік оң баға берді. Қыздың сахнадағы қылығына қынжылатын Тоқтардың көңілі бұл жолы орнына түсті. Ол Бибігүлге «Қазақтың қоңыр әні секілді, өзің де қоңыр екенсің» деп қандасымыздың ән айту барысында өзін-өзі басқару шеберлігіне риза болғандығын айтты. Мейрамбек те Бибігүлдің ән айту шеберлігі мен жеткізе алу шеберлігіне тәнті болып қалды.
Ең соңғы болып сахнаға жас әнші Димаш Құдайбергенов шығып, Мейрамбектің репертуарындағы «Кінәлама» әнін орындады. Төрешілер Димаштың бір әнде үш дауыспен шырқай алатын шеберлігіне тәнті болды. Дәл сол жерде опера бұлбұлы Майра Мұхамедқызы Димашпен дуэт айтқысы келетіндігін айтып, шабыттана кетті. Сөйтті де, екеуі халық әнін бірге шырқады. Майра ханым опера даусымен Димашты сүйемелдей кетті. Төрешілдердің көбінен мақтау сөз естіген Димаш сахна сыртында «Маған мақтау емес, сын керек еді» деп те айтып қалды.
Осылайша, «Жеті ән» бағдарламасының бұл саны да соңына жетті. Мейрамбек Беспаев өз әндерін өзге әріптестерінің орындауында тыңдағанына разы екендігін айтып, жетеудің ішінен Бибігүл Қилымханқызын таңдайтынын айтты. Демек келесі кезеңде біз Бибігүлдің өнерін тағы да тамашалайтын боламыз.
Аптаның жеті күнінен шаршап, тыныққыңыз келсе «Жеті ән» сазды бағдарламасын Хабар арнасынан әр жұманың кешінде күтіңіздер!
Сурет: khabar.kz
Ұқсас жазба:
Хабар арнасы "7 ән" сазды сауықтыру бағдарламасын ұсынбақ