Өткен ғасырдың 70 жылдарының жастары «Жас қалам» әнін көшеде жиналып, гитара сүйемелдеуімен айтады екен. Уақыт өте келе ән күллі республикаға таралып, кеңінен танылады.
Бұл әннің сөзін де, әуенін де әнші-сазгер, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қорабай Есенов жазған. Алайда, көпшілік ән авторының кім екенін де білмей жатты. Уақыт өте келе ән авторының Қорабай Есенов екені мәлім болғанда, көпшілік «Жас қалам» әнін «Қорабай әні» деп атап кетті. Себебі, дәл сол сәтте Қорабай Есенов қолына гитара алып, әнді өзі шырқап жүрді. Сол кезде ән авторы ел арасында «Қоңыр үнді Қорабай, Қаз дауысты Қорабай» атанды. Көпшілік «Қорабай қазақ музыкасына жаңа леп, жаңаша сарын әкелді» деп өз қошеметін білдіріп жатты. Бірде ән авторы жайында Кәкімбек Салықов: «Қорабай әншілік әлемінде зор құбылыс, қазақ сахнасында гитарасымен қоса сан тармақты жаңа әуез сырын ашқан жаңа буын, заманға сәйкес туған ерекше дара тұлға» деген еді.
«Жас қалам» әні 1965 жылы жазылған. 17 жасар Қорабай Есенов Целиноград қаласындағы Ауылшаруашылық институтының агрономия факультетінде оқып жүріп, өнерге жақын болған ол «Жас қалам» әнін дүниеге әкеледі. Жастықтың лебімен ол кезде Қорабай Есенов «әнші едім, сазгер едім» деп өзгенің беделіне таласып, ән жайында тартысқа түскен емес.
«Жас қалам» әлі күнге дейін шырқалып келеді. Бүгінде жарты ғасырды артқа тастап, алпысты алқымдаған кез келген тыңдарман бұл әнді жастық шағын сағына еске алып тыңдайды. Ал жас буын әнді сынын бұзбай, нақышына келтіріп орындайды. Қанша уақыт өтсе де «Жас қалам» әні ұмытылмай, ел ішінде әлі күнге шейін айтылуда. Ән авторынан бөлек бұл әнді Дәрібаевтар ансамблі, «Жігіттер» квартеті т.с.с орындаушылар өз репертуарларына қосқан.
Жас қалам
Қорабай Есенов
Кездессем, нұрлана қараймын,
Асаудай тулайды жас жүрек.
Мен сені жаныма балаймын,
Сен үшін менде бар бір тілек.
Сені артық көремін басқадан,
Сүйем деп айтуға жасқанам.
Жеткізе алар ма жүректің,
Жан сырын, жас сырын жас қалам
Есімде алғашқы сауық кеш,
Ләззаттың тағдырын өзің шеш.
Ләйліден айрылған Мәжнүндей,
Дәл қазір менде жоқ ақыл-ес.
Әлде бір бар шығар сүйгенің,
Тәкаппар менсінбей жүргенің.
Оны – зор, мені – қор санасаң,
Мейрімсіз соққаны жүректің.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: azattyq.org, vk.com
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/E-73HUbL6qI?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});