- Негізгі бет
- Музыка
- "Жас жұбайлар" -...
"Жас жұбайлар" - пойызда дүниеге келген тойға тарту
Атақты «Жар-жар» әнінен кейін кез келген шаңырақ көтеру тойында «Жас жұбайлар» әні шырқалады. Қосылған екі жастың бақытына ортақтасып, игі тілектер айтылатын бұл әннің туу тарихын, сірә, көпшілік қауым біле бермейді. «Жас жұбайлар» әні темір жол үстінде келе жатқан пойыз купесінде дүниеге келген.
Сазгер Бекжігіт Сердәлі студенттік жылдары досы Құлтөлеудің үйлену тойына бару үшін, курстас жолдастарымен бірге пойызбен Жезқазған қаласына қарай жол тартып кетеді. Купе ішінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетін дастархан етіп жайып қояды. Газет бетінің бір бұрышында бір-біріне мейірлене қараған қыз-жігіттің фотоэтюді жарияланып, астында ізгі лебіздерге толы екі шумақ өлең басылған. Бір-бірін толықтырған өлең мен фотосурет Бекжігіт Сердәлінің көңілінен шығатыны соншалықты, сазгер лезде өлең жолдарын жаттап алады.
Сол сәтте тойға бара жатқан студенттердің бірі «Тойға апарар сыйымыз қандай болмақ?» деп сұрақ қоя жөнеледі. Бұл сұраққа жауап таба алмай, жас қыз-жігіттер әбден ойланады. Дәл сол кезде Бекжігіт Серәлі жаңағы өлең жолдарын еске түсіріп, әуенге салады. «Дайын болды-ау» деген сәтте, жанындағы достарына айтып береді. Ән барлығының көңілінен шығып, Жезқазған қаласына жеткенше барлығы айтып, сөздерін жаттап алады.
Алғашқы орындаушылары жас қыз-жігіттерден кейін бұл ән тойда шырқалып, кейін күллі ауыл, қала, аймаққа таралып үлгереді. Алайда, ән авторы өлең жолдарын жазған ақынды іздеп таба алмайды.
Бірде ҚазМУ қалашығындағы №5-жатақханада «Журналистика» факультеттерінің студенттері «Лениншіл жас» газетінің ұжымымен кездесу кешін ұйымдастырады. Кеште болашақ журналистер газет тілішлерімен жүздесіп, дидарласады. Кездесу соңында жиналған қауым келген қонақтардың құрметіне «Жас жұбайлар» әнін орындап береді. Ән соңында қонақтардың арасында отырған «Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын Өтеген Оралбаев «Бұл менің өлеңім ғой!» деп айқай салады. Осылай араға екі жыл уақыт салып, тамаша әннің қос авторы бір-бірін табады.
Тойға тарту ретінде шырқалатын әсем ән бұл күнде халық құлағына әбден сіңісіп кеткен. Кездейсоқ жолда дүниеге келген ән талай жастың қуанышында әлі де әуелей беретіні хақ.
Сурет: elgazeti.kz
Ғ. Ұзақ