- Негізгі бет
- Музыка
- Жапондық скрипкашы Астанаға...
Жапондық скрипкашы Астанаға арнап композиция шығарды
Жапониядан келетін атақты қонақ – скрипкашы Кен Айсо 15 қазанда, II «Жібек Жолы» халықаралық фестивалі аясында «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін концертте өнер көрсетеді.
Жапондық мектептің бірегей шығармалары – Койчи Кишидің «Айдаһар биі» және скрипканың жеке орындауына арналған Кен Айсоның «Kaze» композициясы елордалық тыңдарман назарына ұсынылады. Сонымен қатар, кеште өнер сүйер қауымға еуропалық классиктер туындылары –Сезар Франктың Ля мажор сонатасы, Фриц Крейслердің Кіріспесі мен Аллегросы, И.С. Бахтың №1 соль минор сонатасы орындалады. Асқан шебер музыкант, қазақтың аса көрнекті композиторы Мұқан Төлебаевтың «Поэма» аталатын камералық-аспаптық шығармасын ойнайды.
Композитор Койчи Киши 1920 жылдары Еуропаға барып, музыканың батысқа тән бағытын меңгеруге бет алған алғашқы жапондық музыканттардың бірі болғанын еске сала кетейік. Оның жеке туындылары өзі басқарған Берлиннің филармониялық оркестрімен орындалған. «Айдаһар биі» – бұл бір мезгілде екпінді әрі сарынды композиция. Ол ескі Жапонияның атмосферасын жеткізеді.
Кен Айсо – классикалық һәм барокколық скрипканы асқан шеберлікпен игерген әйгілі жапондық скрипкашы және альтист. Оның жеке концерттері Елизавета Королева, Лондондағы Вигмор-холл, Париждегі «Плейель» залы, Токиолық опера, Миландағы Верди залы, Карло Феличе театры, Амстердамдағы Концертгебау, Санкт-Петерборлық филармония және басқа көптеген беделді сахналарда орасан зор табысқа кенелген.
Аспапшы «Астана Опера» ғимаратының айбындылығынан және оның сахнасында өтетін қызықты концерттік бағдарламаларынан ерекше әсер алғанын айтты. «Мен бұған дейін Қазақстанда 2009 жылы болғанмын, бұл өте қызықты сапар еді. Бұл жолғы гастрольден жаңа әсер күтемін. Кеште жапондық музыкамен қатар қазақтың әуені де орындалады», - дейді Кен Айсо.
«Kaze» композициясы Жапония мен Қазақстанның дәстүрлі әндерінің сарыны негізінде туған менің қиялым. «Kaze» сөзі жапон тілінде «жел» дегенді білдіреді. Бұған дейінгі сапарымда Астананың қатты желі есімде қалыпты, осы орайда ауаның элементі байланыстырған қос мемлекет жайлы туынды шығарғым келді. Мен қазақстандық көрерменмен кездесетін күнді тағатсыздана күтемін, олар да менімен бірге музыканың рахатына бөленсе деймін».
Фортепиано партиясы – Александра Егорова (Қазақстан).
Екі бөлімнен тұратын концерт 19:00 басталады. Билет бағасы 1500 теңге.
Кен Айсо – лондондық Корольдіктің музыка академиясы, Оңтүстік Калифорния Университетінің Токиодағы әсем өнер мен музыка ұлттық университетінің түлегі және Лондондық университеттің магистрі. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, соның ішінде Токиодағы халықаралық музыкалық конкурсы, Париждегі М.Лонг және Ж.Тибо атындағы конкурсы, Токиодағы «Страдивариус» және басқалары бар. Талантты музыкант Ұлыбритания мен Еуропаның әйгілі оркестрлерімен жиі өнер көрсетеді, солардың ішінен Лондонның филармониялық, Шотланияның камералық, Эдинбургтің, Кельннің академиялық, Англияның камералық, Ағарту заманының оркестрлерін және басқасын атап өтуге болады.
@. @assel_assanova