- Негізгі бет
- Музыка
- "Жаңа толқын –...
"Жаңа толқын – 2014" байқауында ел намысын Әлішер Кәрімов қорғайды
Жыл сайын Латвияның Юрмала қаласында дәстүрлі түрде өтетін «Жаңа толқын – 2014» халықаралық ән байқауына Қазақстан атынан Әлішер Кәрімов қатысатын болады. Бұл туралы ол Алматыда өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Аталған байқауға қатысуға әнші екінші мүмкіндіктен қол жеткізген. Осыған дейін Әлішер 2008 жылы іріктеуге қатысып, сыннан өте алмаған екен.
22-27 шілде аралығында өтетін байқауға іріктеу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнен Әлішерден басқа қазақстандық әншілерден Анастасия Россошанская және жас әнші Зейнаб өткен. Ал іріктеудің екінші кезеңінен кейін «Жаңа толқын – 2014» байқауында Қазақстанның атынан Әлішер Кәрімов өнер көрсететіні белгілі болған.
Әлішер Игорь Крутой, Филипп Киркоров, Ирина Дубцова, Александр Ревзин сынды әділқазылардың алдында «Әлемдік хит» тақырыбында «Памяти Карузо» әнін, «Авторлық әндер» тақырыбында өз репертуарынан «Өмір» әнін, ал «Өз елінің хитінің» арасынан ол көптеген қазақстандық тыңдармандардың жүрегін жаулаған «В океане глаз» туындысын орындаған.
Алайда іріктеу аяқталған соң байқаудың режиссері Әлішер Кәрімовке «Репертуарға сәл өзгеріс қажет» деп, алдағы байқауға басқа әндерді тағайындауды ұсынған екен. Осыған байланысты әнші композиторлармен жұмысты бастап, әндерді іріктеуге кірісіп кеткен. Әнші байқауда нақты қандай әндермен елдің намысын қорғайтыны әзірге белгісіз, бірақ рұқсат етсе «Әлемдік хит» тақырыбында «Памяти Карузо» әнін орындауды жоспарлап отыр. Ал әншіге байқау костюмдерін нью-йорктық жас дизайнер Сиди Грин тігетін болады.
Әнші және оның командасы байқаудың қоятын талаптары мен ережелеріне дайын екенін және қандай қиындық болса да абыроймен өнер көрсетуге тырысатынын мәлімдеді.
«Менің мақсатым тек қатысу емес, барынша жоғары орындардан көріну. Жалпы болжам жасау дұрыс емес. Бірақ күресуге дайынмын. Іріктеу кезінде Ресей, Украинадан жоғары деңгейде өнер көрсеткен қатысушыларды байқап қалдым. Бірақ мен де тырысатын боламын. Бір айтарым, қазақстандықтар мен үшін ұялмайтындай өнер көрсетемін және қазақ халқы мені қолдайды деп сенемін», - дейді Әлішер Кәрімов.
Әлішер Кәрімов Тараз қаласында дүниеге келген. «Әнші балапан» республикалық байқауында «Чайхана» әнімен бес жасында алғаш рет сахнаға шығып, «Көрермендер сүйіспеншілігі үшін берілетін жүлденің» иегері атанды. Түркия, Болгария, Франция елдерінде өткен халықаралық байқаулар мен фестивальдердің қатысушысы.
Мектеп бітірген соң Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясындағы ҚР-на еңбегі сіңген әртіс Люция Түлешованың «эстрадалық вокал» сыныбына оқуға түседі. 2005 жылы «Superstar.Kz» жобасына қатысып, екінші орынды иеленеді. Дәл осы жобаның арқасында ол халыққа танылып, көрермендердің ықыласына бөленді.
2007 жылы Голливудта өткен «Орындаушылық өнердің дүниежүзілік чемпионатында» («WorldChampionships of Performing Arts») екі алтын және бір күміс медальді иеленеді. Ал 2011 жылы Витебсктегі «Славян базары» ХХ халықаралық өнер фестивалінде Қазақстанның атынан лайықты деңгейде өнер көрсетіп, үшінші орын және «Ресейдің БАҚ-ның арнайы жүлдесінің» иегері атанады.
Жақында әншінің «Шүкір» атты үшінші альбомы жарық көрді.
Автор және сурет: Анар Мұстафина
A. Mustafina