- Негізгі бет
- Музыка
- "Жаңа Толқын-2013" байқауында...
"Жаңа Толқын-2013" байқауында Қазақстан намысын ADAM қорғайды
Жыл сайын Юрмала қаласында өтетін "Жаңа толқын-2013" жас таланттар байқауында Қазақстан намысын осы жылы ADAM қорғайды.
Осы жолы шет ел әншілерімен бақ сынасу Динара АДАМ бастаған ADAM Media Group орталығының түлегі, қарағандылық әнші ADAM-ға бұйырыпты. Байқаудың Мәскеуде өткен соңғы кезеңінде ADAM қазылар алқасын ерекше даусымен тәнті етті.
Болашағы айқын, бойында табиғи дарыны бар, өз ерекшелігі де жетерлік әнші Қазақстанда классикалық ритм-н-блюз жанры бойынша алғашқы орындаушы. Сонымен қатар джаз және этнорок бағытындағы өлеңдері бар. Орындаушының басты ерекшелігі – әнді таза, шынайы орындаумен қатар, драматургия мен жан тебірентер өмір тақырыбындағы әндерді тыңдармандардың жүрегіне жеткізуі.
«Сіздің санаңызға шынайылық, жүрегіңізге мейірімділік дәнін егіп, жаныңызды нағыз музыкамен сусындатамын. Мен сол үшін келдім. Қарсы алыңыздар!» – дейді ADAM.
Естеріңізде болса, ADAM-ның әнші ретінде тұсауы «Еуразиялық Muzzone EMA 2012» марапаттау кешінде кесілген еді. Ол «Muzzone EMA 2012» марапаттау рәсімінің шымылдығын «Жол» деп аталатын әнімен ашты. Әннің мәтінін жазған Перизат Жұмажан, сөз авторы – EL GATO. ADAM-ның орындауындағы аталған әннің негізгі мағынасы – өмірде өзіне тиесілі жолды адаспай табу.
Әу баста, Қазақстан үшін "Жаңа толқынға" шығу үшін 6 қазақстандық әнші сайысқан. Олар: Луиза Каринбаева (Луина), "Дауыс International" қыздар тобы, жас әнші Гүлнара Дамаева, X-factor-ға қатысқан Еркен Кенебаев, "Жұлдыздар фабрикасының" финалисі Оксана Устина.
25 жасар ADAM "Жаңа толқын" жартылай финалында халық әні "Япур-айды" ұсынды.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет әншінің жеке мұрағатынан алынған