"Жалғыз досым" - сарғайған сағыныштан туған ән

"Жалғыз досым" - сарғайған сағыныштан туған ән

Адаммен бірге жасасып келе жатқан достық ұғымы туралы жыр төкпеген ақын, әуен жазбаған сазгер кемде-кем шығар. Мәңгілік тақырыпқа арналып жазылған әсем әндердің бірі – «Жалғыз досым». Ән мәтінін қазақтың ақын қыздарының бірі Күләш Ахметова, ал әуенін ақын-сазгер Айгүл Бажанова жазған.

1975 жылы Күләш Ахметова бала кезінен егіз қозыдай бірге өсіп, бірге бой түзеген ең жақын құрбысы Ізімгүлге арнап «Жалғыз досым» өлеңін шығарады. Ізімгүл екеуі мектеп қабырғасында оқып, бір оқу ордасында білімдерін жалғастырады. Кейін ақын Қайырбек Асановқа тұрмысқа шығып, Алматыда қалады. Ал Ізімгүл құрбысы Жамбыл облысына барып, ұстаздық қызметке орналасады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, отбасылық өмірдің қиындығына төтеп беріп, жас баламен отырған Күләш ақын досын сағынып, оны іздеп, өлең жазады. Бұл өлең арқылы ақын бар ішкі толғанысын, айта алмай жүрген сырын жеткізеді.

Ақын Күләш Ахметова

Бірде ақын-сазгер Айгүл Бажанова қойын дәптерін ақтарып отырып, құрбысы жазып кеткен тілектерге көзі түседі. Парақтың бір шетіне құрбысы Күләш Ахметованың «Жалғыз досым» өлеңін жазып қойған екен. Сазгер бірден өлең жолдарын оқып, ұнатып қалады. Бойын әлдебір сезім билей бастайды. Осы кезде әннің алғашқы әуендері санасында орала бастайды. Көп ұзамай «Жалғыз досым» әні дүниеге келеді.

Әнді сазгер, әуелгі баста, өзі шырқап жүрді. Кейін ол ел арасына таралып, біртіндеп таныла бастады. Бұл әнді өз әнқоржынына «МузАРТ» тобы мен Тамара Асар енгізіп, қалың көпшілікке жеткізеді.

«Жалғыз досым»

Сөзін жазған: Күләш Ахметова
Әнін жазған: Айгүл Бажанова

Жалғыз досым, алыстасың менен сен,
Жалғызсырап түсті бүгін өлең-сел.
Жас балаша қуанушы едім мен,
Көздеріңнің шуағына бөленсем.

Қайырмасы:

Қиналдым мен, бірақ сендей кім ұқсын,
Өзің ғана мейірбансың, тұнықсың.
Өмір - ащы, өне бойым,
Өне бойым сыздайды.
Өз жарасын жүрек қалай,
Жүрек қалай ұмытсын.

Ойлаймын мен, ой-мұң кейін шегінсе,
Иығыңа басым қойып егілсем.
Жұбатар ең, бір ақылды сөз тауып,
Тіршілікке талпындырар едің сен.

Қайырмасы:

Қиналдым мен, бірақ сендей кім ұқсын,
Өзің ғана мейірбансың, тұнықсың.
Өмір - ащы, өне бойым,
Өне бойым сыздайды.
Өз жарасын жүрек қалай,
Жүрек қалай ұмытсын.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: writers.kz, vk.com

Ғ. Ұзақ