Интернет құтқарып қалған тағдырлар

Интернет құтқарып қалған тағдырлар

Интернеттің, әлеуметтік желілер мен YouTube-тің арқасында бір ғана сәтте танымал блогер, әнші, музыкант атануға болады. Әдетте интернеттің жұлдызы болатындар бұған саналы түрде келмейді.

Олардың бар ісі тек қажетті уақытта қажетті жерде камера обьективіне түсіп қалуы ғана. Ал осы сәт олардың өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Үйсіз-күйсіз қалған, мына өмірден жерініп кеткен, қиын-қыстау тағдырларға дәл осы ғаламдық тор несімен көмектесе алмақ? Furfur.me бұған керемет дәлел келтіріпті. Дарынын далаға тастамағандар жайлы біз де жазғымыз келді.

Бір тілім нан үшін көшеде қайыр сұрап, ән орындайтын дарындардың көтерілу жолын қабыл алыңыздар:

Кавер орындаушы


Нью-Йорктың үйсіз тұрғыны Дэниел Мастарданың өмірі оның Radiohead тобының «Creep» композициясын орындағанынан кейін түбегейлі өзгерді. Сары шашты дарынның саябақта ән орындап отырғанын көріп қалған радио журналисі одан айналып өте алмайды. Оның тоз-тозы шыққан түр-әлпеті әлеуметтік жарнама ролигіне дәл келетін болғандықтан шақырту алады. Нәтижесінде радио студиясына келген Мастардтың әлемдік хит әндерді орындай алатыны белгілі болады. Рок-балладаларды керемет орындайтын қабілетін көрсеткен видео бір-ақ сәтте 14 миллион көрілім жинайды. Сол сәттен бастап Мастард ішімдік ішуді қойып, кәсіби музыкамен айналысады.

Ойда жоқта табылған аккардеоншы

 

Манчестер қаласының бейшарасы Стив Риммерді ойда жоқта жергілікті радиостанциялардың біріне күшпен итеріп кіргізіп жібергенде ол аузын ашып, дымға да түсінбей қалады. Сөйтсе жергілікті Key 103 деп аталатын радиоға рок-тобы белгісіз бір себептермен кешігіп жатқандықтан, олардың орнына тез арада адам керек болыпты. Ал дәл сол сәтте Стив сол радио орналасқан ғимараттың түбінде сыраға қайыр сұрап, ән орындап тұрған. Радио өкілдері эфирге амалсыздан дала кезгенге микрофон ұстатады. Оның бірнеше рет орындап берген композициясын естігендер кешігіп жатқан қонақты сол мезетте ұмытып, бар назарлары Стивке түседі. Бұл уақытта радио тыңдармандары станция телефоны келіп түскен қоңыраулардан безектеп, көптеген жылы тілектер мен қызығушылықтарын жеткізіп жатқан еді.

Key 103 станциясының басшылығы оның тықыр таянған сәтте көмектескеніне алғыс айтып, оны жуындырып, сақал-мұртын алып, сәнді шаш үлгісін қойып, өз қатарларына жұмысқа алады. Бүгінде Стив бұл радиода жүргізуші әрі халық көзайымы.

«Алтын дауысты» бейшара


Тед Уильямс есімді дала кезген Колумбус автожолында қайыр сұрап жүріп жергілікті телеарна журналисінің көзіне түседі. Үйіне қайтып бара жатқан журналист Тедтің мойнына асылып тұрған қатырма қағаздағы мәтінді оқиды: «Маған құдай берген сый бар – ол менің дауысым! Мен бұрынғы радиожүргізушісімін! Құтқарыңдар!». Журналист оның қолына 1 доллар ұстатып жатып, әлдене айтуын сұрайды. Оның нық-нық, шегелеп тұрып, кереметтей даусымен сөйлеген бірнеше сөйлемі журналисті де, кейін интернет қолданушыларын да таңғалдырады. Радионың ішімдікке салынып кеткен бұрынғы жүргізушісі мансабынан да, отбасынан да айырылған еді. Дәл осы роликтен кейін оған «Кливленд Калаьерс» баскетбол командасының ресми дауысы болуға шақырту келеді. Ол бұдан басқа да көптеген жарнама агенттіктерінен келісім шарт жасасуға ұсыныс алады.   

Компьютерді «шағатын» кедей

Жұмысынан айырылып, үйсіз қалған Лео Гранд бар ұятын жыйып қойып көшеге қайыр сұрауға шығады. Құдай айдап барған Патрик Мак Конло есімді бағдарламашы оған сынақ жасап көреді. Не қазір беретін 100 доллар, не бағдарламашы болуға үйрету. Лео ақшаға құнықпай, екіншісін таңдайды. Жеке зерттеу жүргізіп жүрген бағдарламашы өз шәкіртіне бағдарламалау бойынша білімнің қыр-сырын беріп, үйретеді. Нәтижесінде 4 айдан кейін-ақ олардың бірігіп шығарған Trees for Cars бағдарламасы дайын болады. Бұл бағдарлама адамдарды қоршаған ортаны аман сақтап қалуға үндейді. Ақылы бағдарлама оған ақша әкелсе, алған білімім оның өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді.

Көшенің сәнқойы

Бұл сәнқой жігітті біздің сайтымыздан көрген де боларсыз. Оны ең бірінші суретке кімнің түсіргені белгісіз, бірақ Қытайдың тар көшелерімен азық іздеп жүрген қытайлықтың сәніне бүкіл әлемнің назары ауады. Оны көрген адамдары талғамының жоғары екенін бірден ұғады. Себебі үстіндегі ескірген киім арнайы сондай сәнде тігілгендей көрінеді. Ал ұйпа-тұйпасы шыққан шашын кәсіби стилист жасағандай. Ол әртүрлі жарнамаларға түсіп, сән әлеміне қатысты басқа да істермен айналысып, қазірде жұрт көзайымына айналып үлгерді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: dobriiden.ru

А. Құлтай