Бүгін қазақтың аяулы ақыны, көптеген ән сөздерінің авторы Ибрагим Иса дүниеден өтті. Ақын сөздеріне жазылған әндер халық арасында кеңінен танымал. Әсіресе композитор Қадырғали Көбентайдың орындауындағы "Елге сәлем" әні қазақ жастарының сүйікті әніне айналды.
Елге сәлем
Алматыда бір ұлың сәлем деді дегейсің,
Сәтін салса құдайым келем деді дегейсің,
Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай,
Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің.
Алматыда бұл күнде симай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің,
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша әйтеуір, қирамай жүр дегейсің.
Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің,
Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің,
Жылу іздеп іздерден, сағыныштай күз көрген,
Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің.
Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің,
Сыйласатын досының бәрі мықты дегейсің,
Жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармай,
Ағайынды, ауылын сағыныпты дегейсің.
Шашына да аз күнде ақ кіріпті дегейсің,
Көңілінің көліне қақ тұрыпты дегейсің,
Тойы болды керемет, шақырғанмын келер деп,
Ағайынды сол күні қатты күтті дегейсің.
Күрмеуге де қысқа жіп келмейді екен дегейсің,
Тірі жанға тіршілік, өлмейді екен дегейсің,
Айтқанының бәрі шын, жалғыз шыбын жан үшін,
Ешкімге де намысын бермейді екен дегейсің,
Байлық пенен мансапқа қызықпапты дегейсің,
Кейде ішпейтін ортада қызып қапты дегейсің,
Белгі болып бұл күннен күн сайынғы кірбіңнен,
Жүрегінде өшпейтін сызық қапты дегейсің.
Жаңалығын ел жақтың біліп жатыр дегейсің,
Қиындыққа сыналып кіріп жатыр дегейсің,
Өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып,
Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің.
Сурет: өңделген