- Негізгі бет
- Музыка
- «Ханнан да қадірлімін...
«Ханнан да қадірлімін туған елге» атты дәстүрлі ән кешіне шақырамыз
3 маусым күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Алаш айнасы» республикалық газеті мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ұлтымыздың ұлы композиторы, тарлан ақын, жезтаңдай әнші Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ханнан да қадірлімін туған елге» атты концерт өтеді.
Кешке Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Төлеутай, Сәуле Жанпейісова, Еркін Нұрханов, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Ерлан Ырысқали, Ерлан Құжиманов, Жасұлан Базарбеков, Талғат Әбуғазы, Самат Исаев, Саят Нұрғазин, Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбаев және тағы басқа өнерпаздар қатысады. Астанадан Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ақын Кәкімбек Салықов, белгілі әнші Қайрат Байбосынов, Көкшетаудан өнер зерттеушісі, жыршы-жырау, ақын Жұмабай Есекеев кешке арнайы келеді деп күтілуде. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер Сағызбай Қарабалинның сахналауымен Үкілі Ыбырайдың өмірінен қойылымдық көріністер көрсетіліп, сыбызғы мен қобыз, домбыра аспаптарымен күйлер де ойналады. «Гәкку» әнінің шығу тарихынан шағын қойылым қойылып, Үкілі Ыбырайдың өміріне қатысты тың деректер көрермен қауымға ұсынылады. Талғат Абылбеков, Рахымжан Әбішов, Ермек Сапаров есімді суретші-шеберлер «Адырна» атауына байланысты ұлттың қорғаны ретінде садақтың бір бөлшегін, рухани байлық нышанындағы адырна аспабын және жер байлығы ұғымындағы адыр тәрізді элементтерді пайдаланып кештің сахнасын безендіріп отыр.
2010-шы жылдан бері «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса әндерінен концерттер ұйымдастырған болатын. Алда игі бастаманың жалғасы ретінде Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Мәди, Қапез, Кенен, Нартай, Жамбыл әндерінен концерт өткізу жоспарлануда. Концерт кешкі сағат 18.00-де басталады.
Жоламан ҚҰЖИМАНОВ, әнші, ұстаз:
– Қазақтың ұлттық өнері жас толқынға жат болып барады. Тіпті орыстілді ортадағылар ән мен күйдің не екенін білмейтіні жасырын емес. Әннің әуенін бұзып, қазақша сөзді бұрмалап, мұңлы әнге көңілді ырғақ қосып айту қалыпты жағдайға айналды. Нағыз әншілер нөпірдің тасасында қалып қойып отырған жайы бар. Елдің әні өтірік өнерге әбден үйреніп алған, қазақтың саф алтындай қазынасы – классикалық ән мен күйге біртүрлі тосырқай қарайды. Дегенмен, ел ішінде ұлттық өнерімізге сусап отырған ат төбеліндей ғана топ бар. Концерттеріміздің тұрақты көрермені – солар. «Адырнаның» «Дала дауылпаздары» жобасы – қазақтың жоғын түгендеп, барының мерейін асыратын сәтті жоба.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:
– Сал-серілердің мұрасын насихаттауға бағытталған «Адырнаның» «Дала дауылпаздары» жобасы қолға алынғалы белгілі дәрежеде дәстүрлі өнердің көрермені қалыптасып, әншілердің арасында да бәсекелестік орнай бастады. Тіпті артынша осы бағыттағы ұйымдар да құрылды. Осыған дейін Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса әндерінен концерт өтті. Журналистерден, әншілерден, тарихшылардан құрылған ұйымдастырушы топ кейінгі кезде барынша кештің сапасына мән беруде. Шағын демеушілердің қаржысымен, сатылатын билет құнымен-ақ қыруар тірлік тындылып жатыр. Енді Үкілі Ыбырайдың ән кеші де жоғары деңгейде болады деп үміт артамыз.
Арман Әубәкір, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының жетекшісі:
– Біз көбіне «тіл», «тіл» деп шырылдаймыз. Жөн-ақ. Бірақ, сол қазақтың тілің шебер игергендердің де өзге діннің, өзге ұлттың сойылын соғып жүргенін мына шығып кеткір құрғыр көз талай көрді. Шел басқан көздерінің кесірінен борсықтай бетінен, қампиған қарнынан алысқа барлауға қабілеті жетпейтін қалталыларымыз да тапқан-таянғанын казиноға, яғни өзгелердің «өңешіне» өткізіп жіберіп, бірдеңені қарық қылғандай-ақ «мәз-мейрам» жүр. Қаракөздеріміз көрінгеннің жетегінде кетіп, әркімнің қолжаулығы болып жүргені, төбесіне әңгір таяқ ойнатса да мыңқ етпейтін ұлдарымыздың ер мінезділігінен айырылып езге айналуының себебі не? Бәріне кім кінәлі? Енді не істеу керек? Бұл сауал әркімді-ақ ойлантса екен... Бойға қуат бітіретін ұлттық тағам, рухани байытатын ұлттық музыка (ән-күй, жыр-дастан, ауыз әдебиеті), жалпы ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухты қайта тірілтпесек, көп ұзамастан-ақ іштей «іріп-шірейтінімізді» болжау үшін көріпкел болып құмалақ ашудың қажеті шамалы. Ол үшін тек көшеге шықсаңыз жетіп жатыр...
Байланыс телефоны: 87713008479, 87751013001, 3888067
Электронды мекен-жай: adyrna@bk.ru
Суреттер: adyrna.kz
Ғ. Ұзақ