Күні кеше төрт сағатқа жалғасқан жыр додасы өтті. Демеуші болып Қайнар университеті мен "Жастарға қолдау көрсету орталығы" ұйымдастырған кеште айтысты сағынған халық қошемет көрсетіп, бас жүлдеге пәтердің кілті табысталды.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының іші де, сырты да ығы-жығы адам. Айтыссүйер қауым залға лық толды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келген айтысты екінші қабатта түрегеп тұрып тамашалағандар да болды.
Айтысқа Қытайдан арнайы шақырылған қандастарымыз Нұрзия Асхабылқызы, Арзыгүл Қайынбекқызы, Анаргүл Беделханқызы, қазақстандық Сырым Әуезхан, Манас Қайыртайұлы, Амангелді Сейілхан, Алтынбек Ибрагимов, Айбек Бестенқұлов, Назгүл Ыдырысова сынды 10 жүйрік қатысты. Өрге шауып, төске өрлеген жыр сүлейлері бұл жолы үлкен дайындықпен келіпті. Жүйріктер күрделі де мәнді «Ел болам десең...» тақырыбында айтысты.
Жеребенің көмегімен ақындардың жұбын көрермендердің өзі таңдады. Ең алдымен сахнаға көтерілген алматылық Айбек Бестенқұлов пен семейлік Назгүл Ыдырысова халықтың қазіргі хал-ақуалын жырлап, жастардың тәрбиесі мен қоғамының көлеңкелі тұстарын көптің көкейіне қондыра білді.
Тілі – қанжар, сөзі майда жас Алтынбек Ибрагимов пен Нұрзия Асхабылқызы астарлы әзілден өрнек өріп, өнегелі ой танытты.
Өнерлі отбасында тәрбие алып, салмақты сөйлеп, тереңнен толғайтын Манас Қайыртайұлы мен Қытайдан келген қандасымыз Анаргүл Беделханқызы шындықтың шымыр жырын өріп, жастардың тілі жайында ақиқатты айтты.
Шорабек Айдаровтың ізін басқан ақын Амангелді Сейітхан мен сөзге шешен Арзыгүл Қайымбекқызы да халықты әзілге қарқ қылды. Көптен бері айтысты сағынған халықты, әсем жырларымен сусындатты.
Соңғы жұп Сырым Әуесхан мен Әсет Дүйсекеев болды.
Бір-бірімен сөз тістескен он ақыннан соңғы айналымға бірдей 70 ұпайларымен Сырым Әуесхан мен Анаргүл Беделханқызы, 69 ұпаймен Амангелді Сейітхан мен 64 ұпай жинаған Әсет Дүйсекеев өтті. Бүгін бабы жоғын мойындап, жігіттік танытып Әсет Дүйсекеев өз жолын Алтынбек Ибрагимовке берді.
Шырылдаған шындық, күні кеше өртенген базардан бастап көненің асылдары туралы да айтылды. Бұл реткі айтыстың өзгешелігі де осы болды.
Айтыскерлерден өзге дәстүрлі әнші Ақылбек Жаңабай ән орындап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті Айтбек Тұрсынбай «Ауылға сағыныш» өлеңін оқыды. Артынша жиналған қауым Әсет Дүйсебаевпен бірге Есенқұл Жақыпбек ағамыздың «Өзіңді аңсау» әнін орындады.
«Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков және Серік Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Бақыт Жағыпаров, Фархат Маратов, Ұлан Еркінбай сынды мәдениет пен әдебиет, айтыс саласында өзіндік із салып жүрген азаматтар қазылық еткен айтыстың қорытындысы бойынша қытайлық қандасымыз Анаргүл Беделханқызы бас жүлдені еншілеп, бір пәтердің кілтіне ие болды.
1-ші орынды 150 000 теңгемен Амангелді Сейітхан еншілесе, 2-ші орынды иеленген Алтынбек 100 000 теңгемен марапатталды. Бұдан бұрын жүлделі орындарымен көзге түсіп жүрген Сырым Әуесхан 3-ші орынға ие болып, 70 000 теңгені қанжығалады. Арзыгүл Қайымбекқызы мен Әсет Дүйсекеевке 25 000 теңге тарту етілсе, өзге Манас Қайыртайұлы, Айбек Бестенқұлов, Назгүл Ыдырысова, Нұрзия Асхабылқызы сынды айтыскерлер ынталандыру сыйлығына ие болып 20 000 теңгемен марапатталды.
Кеш соңында көрермендер қазақтың үкілі домбырасын арқалаған айтыскерлерге қошемет көрсетіп, көптен күткен айтысқа риза болысты.
Дайындаған және суретке түсірген: Қарлыға Бүйенбай