Әртіс болуды, әнші болуды, сахнада жарқырап жүруді көп адам армандайды. Кейбірі беделді ата-аналарының арқасында шоу-бизнес әлеміне тап болса, басқалары «SuperstarKZ», «Х-Factor» сынды байқауларға үміттенеді. Мыңдаған үміткердің арасынан суырылып шығып, ерекше даусыңмен, дарыныңмен, беделіңмен халықтың ықыласына бөлену оңай емес көрінеді. Дегенмен, жеңіс биігіне көтеріліп, жанкүйерлердің ықыласын сақтап қалу, шоу-бизнес әлеміне сіңісіп кету бұдан да қиын сияқты.
Елімізде өткізілетін «Х-Factor» музыкалық байқауы жыл сайын өнерімен тәнті еткен жеңімпазды халыққа ұсынады. Бірақ байқау аяқталған соң жеңімпаздар кей-кейде экранда жылт еткені болмаса, ұшты-күйлі жоғалады. Қазақстанда өткізілген «Х-Factor» тарихындағы төрт жеңімпазды сұхбатқа тартып, көпті толғандырған төрт сұрақты қойып көрдік:
1. Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Туған жеріңіз, «Х-Factor»-ға дейін немен айналыстыңыз?
2. «Х-Factor» жобасы өміріңізді қалай өзгертті? Шығармашылыққа бет бұрдыңыз ба?
3. Қазір немен айналысып жүрсіз? Болашаққа жоспарыңыз қандай?
Дария Ғабдул, І маусым жеңімпазы
1. «Х-Factor» жобасына дейін алты ай бұрын жоғары оқу орынды аяқтап, креативті агенттікке менеджер болып жұмысқа орналастым. Әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырумен айналысып, болашаққа жоспарлар құрдым. «Х-Factor» жобасы үлкен жеңіс әкелетінін мүлдем күтпегенмін, себебі сол уақытта өз арманыма күмәнім болатын.
2. Жастайымнан музыкамен (нақтырақ бала-бақша кезінен) айналыстым, кейінірек вокалға көңіл бөліп, музыка мектебіне бардым.
Оны тәмәмдаған соң Еуразия университетінің «Музыка» факультетіне түстім. Оқу орнының әртүрлі іс-шараларына үздіксіз қатысып, жұмыс та жасап үлгердім. «X-factor» жобасының жеңісінен кейін сахнада өнер көрсету жиілеп, өмір серпіні жылдамдай түсті. Sony Music-пен шарт жасай отыра, өлең жаздырып және Мәскеуге де сапар шектім. Оған қоса музыкалық мастер класстарға қатысып, түрлі адамдармен таныстым. Осы жағдайлардан кейін сахна менің бір бөлшегім екенін сезіндім, ал музыка - өмірім.
3. Жеңіс сәтінен бері 3 жыл зулай өтті. Sony Music-пен жасаған шарт та аяқталды. Дәл қазір орындаушы және туындылардың авторы ретінде дебюттық үн таспа дайындау үстіндемін. Ал болашағым музыка мен журналистикаға тікелей байланысты деп білем. Қазіргі сәтте жан-жақты білім іздеудемін және алдағы уақытта көмегі боларына сенімдімін. Өмірімде қандай тосқауылдар болса да, күш жігерімді жоғалтпаймын. Алға қойған мақсатым — әр қадамымды түзу басып, маңдай термен адал еңбек ету.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/iG5xDbrYuMw","width":"450","height":"338"});
Андрей Тихонов, ІІ маусым жеңімпазы
1. Мен Теміртау қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Тоғыз жасымда ән-күй сабағының мұғалімі бойымдағы музыкалық дарынымды байқап, музыкаға баулыды. Осылайша мектеп жиындарында, кейін қалалық шараларда орыс және қазақ тілдерінде ән айтып жүрдім. Орта мектепті бітірген соң Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетіне «автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша оқуға түстім. Кейін Теміртау қаласындағы металлургиялық зауытта слесарь болып жұмыс атқардым. Сонымен қатар түрлі орындаушылар байқауларына қатысып, іс-шараларда ән айтып, би билеп, өнерімді жалғастыра бердім. Тіпті теміртаулық «Мой декабрь» тобында ән айттым.
2. Өмірім түбегейлі өзгерді. Мен тек музыкамен айналыса бастадым. Байқаудың іріктеу кезеңінен өткен сәттен бастап, мен істеп жүрген жұмысымнан шығып, жеңсем де, жеңілсем де Алматыда қалатынымды білдім. Жобаны жеңіп шыққан соң Sony Music-пен келісімшартқа отырып, бір қазақша және екі орысша ән жаздық. «С тобой вдовем» әніне бейнеклип түсірдік, бұл бейнеклип ресейлік «Музтв» арнасында және отандық «Муззон», «Хиттв» арналарында айналымда болды.
3. «Х-Factor» жобасы аяқталғаннан кейін біраз уақыт өткен соң тірі дыбыста ойнайтын «Айскрим» тобын құрдық. Топпен Алматының түрлі көңіл-көтеру орындарында өнер көрсетеміз. Sony Music-пен шартым да аяқталды. Енді сол топпен ән айтып, сонымен қатар жеке орындаушы ретінде де әндер жаздыру үстіндемін. Жазға қарай жақсы бір ән дайындап жатырмын.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/enltMLnb9yo","width":"450","height":"338"});
Евгения Барышева, ІІІ маусым жеңімпазы
1. Мен жастайымнан өнерге жақын болдым. Қарағандыда өткізілетін барлық ән байқауынан қалмайтынмын және барлық іс-шарада ән айтатынмын. Ең алғаш рет жиырма екі жасымда «SuperstarKZ» байқауына қатыстым. Сонда төрешілер маған ән айта алмайсың деген еді. Бұл сөздер мені қайрай түсті. Вокалмен айналысып, Қарағандының бір мейрамханасында он екі жыл ән айттым. Егер «Х-Factor» тағы да өткізілетін болса міндетті түрде қатысамын деп ойладым. Ештеңеге үміттенбесем де, жеңіп шықтым.
2. Жобадан кейін өмірім түбегейлі өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Өйткені, қанша жанкүйерлерім болса, сонша дұшпандарым да бар болып шықты. Тіпті байқаудағы жеңісім өмірімді жаман жаққа өзгерткендей. Менің атымды пайдаланып, қаржы тапқысы келетіндер көбейді, ақша көп сұрайтын болды. Менің атым аталған, бірақ қатысым жоқ әрекеттерге адамдар сеніп, мен жайлы жаман ойлап, пікірлерін білдіруде. Бәлкім мұның бәріне менің ақкөңілділігім мен ашықтығым себеп болған шығар.
Sony Music айтқан сөздерінде тұрды. Екі ән, бір бейнеклип түсірдік.
3. Қазір әндер жинақтап, жазға қарай Қазақстан бойынша тур жасасам деп отырмын. Құдай қаласа, іске асырсам жақсы болар еді.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/gis8EVcjibs","width":"450","height":"338"});
Қайрат Қапанов, IV маусым жеңімпазы
1. Мен Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану» факультетінің «Теориялық қолданбалы психология» мамандығы бойынша білім алдым. Жалпы мен мамандығым бойынша психологпын. «Х-Factor» жобасына дейін ақтөбелік түнгі клубтардың бірінде әнші әрі диджей болып жұмыс істедім.
2. «Х-Factor»-дан кейін өмірім түбегейлі өзгерді. Ең біріншіден, Қазақстан бойынша көптеген достар таптым. Олардың ішінде, жобаға қатысқан өзге де қатысушылармен жақын достасып кеттік. Жобада жүріп үлкен тәжірибе жинақтадым. Әрине, бұған менің жетекшім Нағима Есқалиеваның қосқан үлесі орасан. Шығармашылығыма деген көзқарасым айқындалды.
3. «Х-Factor» жобасының шеңберіндегі жұмыстар енді басталып жатыр. Әзірге бәрі құпия. Жақында атқарылған жұмыстарға өздеріңіз куә боласыздар деп үміттенемін.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/tbW52nosZ3c","width":"450","height":"338"});
Сурет: vk.com, gazeta.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина