Гүлзада: "Қомыздың электр нұсқасын шығаруға қарсымын"

Қазіргі заман этникалық музыкасының The Spirit of Tengri атты тұңғыш халықаралық фестивалі маусымның 8-і күні Алматыда Mega Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығы алаңында сағат 19.00-де басталады. Оған Еуразия аймағындағы ұлттық-архаикалық музыка майталмандары шақырылған. Қырғыз эпостары мақамын этно-рок жанрымен ұштастыра орындайтын әнші Гүлзада солардың бірі.

Ол Қырғызстандағы «Ордо-Сахна» фольклорлық-этнографиялық тобының солисі. Кәсіби шығармашылығына 10 жыл болған әнші орындайтын композицияларының денін өзі жазады. Ош мемлекеттік педагогикалық музыкалық институтының түлегі қомыз, баян аспаптарында шебер ойнайды. The Spirit of Tengri фестивалінде ол «Жаз», «Толғонуу» және тағы да басқа танымал шығармаларын орындайды.

Гүлзада фестивальге үш ішекті аспап қомыздың үнін әкеліп отыр. Ол ұлттық музыкалық аспаптардың электронды нұсқасын шығаруға қарсы. Сол себепті қазақстандық «Алдаспан» тобының әуендеріне сәл күмәнмен қарайды. «Біз қомыздың электр түрін шығармас едік. Өйткені болмайды! Ондайды ешкім жасап көрген жоқ және жасамайды да. Түркияда маған электронды қомыз жасау туралы ұсыныс айтылған. Бірақ одан ұлттық аспаптың үні бұзылады екен», - дейді ол.

Гүлзада, Қырғыз Республикасының әншісі:
- Мен фестивальге қатысушылардың көбін танимын. Шетелдерге шыққан кезде біразымен кездесіп тұрамын. Келешекте кейбірімен бірігіп, композициялар жазу мақсатым бар. Егер олардан ұсыныс түсіп жатса, мен қуана қабылдар едім. Өзім эксперимент жасағанды жақсы көремін. Этникалық музыка үлгілерінен бір тың дүние жасап жатсақ, ол тамаша болар еді. Қазақстаннан қобызшы Ерлан Сәбитовпен Американың Хьюстон қаласында бірге өнер көрсеткенбіз. Юлианамен Түркияда, басқа да елдерде болған фестивальдерде кездесіп жүрміз. Қырғызстанға көп келетін алтайлық Болот Байрышевпен байланысым жақсы. Таулы Шорияның әншісі Чылтысты да танимын. Енді бәріміз Алматыда бас қосамыз, қуаныштымын.

Халықаралық фестивальде 12 музыкалық ұжым өнер көрсетеді. Олардың көбі ұлттық әуендерімен әлемге танымал болғандар. Айталық, Қытайдың Ішкі Моңғолиясынан Hanggai, тывалық әнші Саинхо Намчылак, бурятиялық «Намгар», башқұртстандық «Арғымақ», сахалық Юлиана, қырғыз әншісі Гүлзада, Таулы Шориядан Чылтыс, Алтай Республикасының әйгілі қайшысы Болот Байрышев, ресейлік Alpha & Go және «Анатомия домбры» топтары және басқалар.

 

Жолдаған: Болатбек Мұхтар

Суреттер: tengrifm.kz