The Spirit of Tengri фестивалінің қатысушысы, қырғызстандық әнші Гүлзада Алматыда «Жұлдызды әуендер» аталатын концерттің арнайы қонағы болды. Бұл концерт - «СТВ» телеарнасының жаңа музыкалық жобасы.
Қырғыз фольклорын заманауи музыкалық ырғақтармен байланыстырушы Гүлзада алматылықтарды биыл жазда өткен The Spirit of Tengri гала-концертінің әсеріне қайта бөледі. «Жаз», «Құрманбек», «Мен қырғыздың қызымын», «Толғонуу» атты әндерін орындаған музыкантқа көрермендер ерекше қошемет көрсетті. Әншінің айтуынша, The Spirit of Tengri фестивалі оған ерекше рухани серпіліс сыйлады. Фестивальден кейін ол Бішкекте «Табиғаттың үні» атты медитациялық перформанс өткізді. Мұнда қазіргі заманғы этникалық музыканың танымал өкілдері бас қосты, олардың өнері жергілікті жұртшылыққа тегіс ұнады. «Сөйтіп, The Spirit of Tengri-дің арқасында Қырғызстанда этникалық музыкаға қызығушылық арта түсті», - дейді Гүлзада.
Бұл жолы әнші тұңғыш рет Қазақстанның эстрадалық орындаушыларымен бір концертте өнер көрсетті. Екі бөлімді кеште Бағдат Сәмединова, Ақбота Керімбекова, Гүлбаршын Тергеубекова, Өмірқұл Айниязов, Нұрлан Әлімжан, Дана мен Әділ, «Достар», «Денар», «Сарын», «Бастау» топтары және басқалар да ән шырқады.
Гүлзада, қырғыз әншісі:
- Әдетте рок-музыканттардың, диджейлердің және, әрине, этникалық-архаикалық музыка өкілдерінің ортасында жүремін, қазақ эстрадасы сахнасына бірінші рет шықтым. Қазір «Толғонуу» аталатын әніме бейнебаян түсіріп жатырмын, ол заманауи тың идеялардан тұрады. Бұйырса, осы бейнебаян «СТВ» телеарнасынан көрсетілетін болады. The Spirit of Tengri фестивалі маған өзгеше әсер қалдырды. Қайсыбір замандарда жоғалтып алған дүниелермен қайта қауыштым, сонымен бірге бұл қазіргі заман адамына арналған фестиваль бола білді. Мұнда көзқарасы ортақ шығармашыл адамдармен етене таныстым. Композицияларымызбен алмастық, сахалық Юлияна мен таулышориялық Чылтыс менің бірқатар әндерімді орындайтын болды.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: Шерхан Талап