Қазақстандық көптеген аға буын өнерпаздардың өмірбаянын қарайтын болсақ, өнер әлеміндегі жолдары «Гүлдер» ансамблінің құрамына қабылданғаннан кейін ашыла бастағанын байқауға болады. Әлбетте, бір сахнада эстрадалық орындаушылар да, бишілер де, сонымен бірге ерекше жанр әртістері де өнер көрсеткен жалғыз құрамның әлемде теңдесі жоқ еді. 1969 жылы құрылған «Гүлдер» ансамблінің атағы сол кездері Қазақстанда ғана емес, бүткіл Кеңес Одағында дүркіреп тұрған. Оның құрамына қабылдану, өнер биігіне шығуды армандаған әрбір жастың басты мақсаты еді. «Гүлдер» ансамблінің сахнасында өнер көрсеткен өнерпаз ертеңінде жұлдыз болып оянатын.
Қазақ өнерінің қайраткері Гүлжихан Қалиқызы бастаған зиялылардың бастамасымен 44 жыл бұрын дүниеге келген «Гүлдер» ансамблін – қазақ эстрадасының жанр ретінде қалыптасып, дамуына кәсіби үлес қосқан, мәдениетіміздің тарихи бір бөлшегі деуге болады. Бүгінде аты аңызға айналған қазақ эстрадасының күллі маңдайалды дарындарына жолдама берген дәстүрлі өнер мектебіне айналған әйгілі «Гүлдердің» алғашқы қойылымы «Струны степей» Қазақстандық эстрадалық өнерге жаңа леп алып келді. Сол кезде алғаш рет отандық жас таланттарымыз ансамбльдің күні бүгінге дейінгі көркемдік бағыты болып табылатын алғашқы эстарадалық-музыкалық ревюін алып келді. Ансамбльге танымалдылық алып келген Кубаның астанасы Гаванада өткен 11-студент жастар фестивалінен кейін, бірінен соң бірі ілесе келген республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейлі жүлделер «Гүлдердің» жанкүйерлерінің қатарын көбейте түсті. Өзінің 44 жылдық шығармашылық жолында ансамбль өзінің репертуарын халықтық музыкамен және заманауи эстрадалық-би жобаларымен толықтыра отырып, үнемі өсу үстіндегі үлкен шығармашылық жолдан сәтті өтуде.
«Гүлдер» қазақи өнерді жаңғыртып, биін, күйін, әнін, тіпті ұлттық киімін де заманауиландырып, әр адамның ұлты мен тегіне қарамай қызығушылығын арттыра білді. Ансамбльдің концерттері аншлагпен, соңына жетсе де, жұрт тарағысы келмейтін дәрежеде өтетін болған.
Ансамбль гастрольдік сапармен әлемнің түкпір-түкпірін аралады. Мәскеу, Франция, Германияны былай қойғанда, әнші тұрмақ, саясаткерлердің жолы түсе бермейтін Бирма, Малайзия, Сингапур, Цейлон аралы, Бельгия, Греция сынды елдердің сахнасында өнер көрсету бұйырған. Әр елге барған сайын «Қазақ мюзиклі жасасын!» деген мадақ сөздер естіп қайтатын. Жұрттың бұлай асқақтататындай жөні бар еді. «Гүлдердің» әншілері бір концертте жанды дауыста 20 әнге дейін шырқайтын болса, бишілері 40 күн қатарынан аяқтарынан тік тұрып билеуге бар еңбекқор жастардан құралған. Көптеген халықаралық байқаулардан жүлделі орындармен қайтып, Франция, Германия сынды әлемнің жүздеген әйгілі сахналарында да жұлдыздары жарқырады.
Сонымен қатар, өнерпаздар шетелдік гастрольдерге масаттанып қана қоймай, еліміздің ауыл-аймақтарының барлығында өнер көрсететін. Олардың басты көрермені – қазақ халқы екенін жетік түсінген олар, ауыл мәдениет үйінің шұрық-тесік еденінде тұрып та талай өнерлерін паш еткен.
Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Қапаш Құлышева, Қаламқас Рахимова, ҚР Еңбек сіңірген әртістері Айжан Нұрмағамбетова, Бақтияр Тайлақбаев, сонымен қатар қазіргі эстрада жұлдыздары Мадина Сәдуақасова, Бейбіт Қорғандар осы өнер ордасының түлектері. Және олар мұны әрдайым мақтанышпен айтады. Бұлардан басқа талай өнерлі қыз-жігіттер өнер өлкесіне осы шаңырақта жүріп танылған-ды.
Тамырын тереңге жайған «Гүлдер» ансамбліне келесі жылы 45 жыл толады. Осы жылдар арасында ансамбль небір тоқырау замандарды басынан кешті. «Гүлдерді» таратып жібергісі келгендер, оны басқа ұжымға қосып, құтылғысы келгендер де кездесті. Алайда ансамбльде әр кездері басшылық жасаған азаматтардың бәрі өнер өз ортасынан шыққандықтан, «Гүлдердің» шаңырағын шайқалтпай ұстап қалды, ұстап та келеді. Солардың бірі, осы өнер ордасының түлегі, қазіргі басшы – Бақтияр Тайлақбаев.
Жаңа басшы келе салысымен ансамбль құрамын қайта жасақтау мақсатымен қыркүйек айында орындаушылар арасында кастинг жариялаған болатын. Оған 58 адам қатысып, 15-ке жуық өнерпаз таңдалып алынған. Бақтияр Тайлақбаев оларға вокалдан шеберлігімен бөлісіп, ән таңдауда, композиция жасақтауда бәрін басынан үйретіп жүргенін айтады. «Гүлдер» - әрқашан жас орындаушылар ұжымы болған. Мен осы дәстүрден таймаймын. Сондықтан, әрдайым жаңа буын өнерпаздарды қабылдап, жаңа буынды тәрбиелеуіміз керек. Өйткені күйзеліс, шығармашылықта тоқырау деген болмау керек. Әншілердің репертуары ансамбль репертуарына тән болуы тиіс, өйткені «Гүлдер» – бұл старт. Бұл оларға ертең толыққанды әртіс болып шығуларына көмектеседі» - дейді Бақтияр Тайлақбаев. Қазір ансамбль құрамында Айбек Мұхаметалиев, Бахтияр Аханов, "Сұңқар" тобы, Сымбат Мұнатай, Жанна Асанқұлова сынды өнерпаздар өнер көрсетеді.
«Гүлдер» ансамблі 45 жылдыққа орай жаңа әндер жаздырып, жаңа билердің қойылымын дайындауда. Халыққа ұсынар тосын сыйлары да көп екен. Келесі жылы Астана және Алматы қалаларында үлкен концерт өткізу мен болашақта Еуропа, Азия, Америкаға шығу да жоспарлануда. Мәдениетіміздің тарихының бір бөлшегі болып саналатын «Гүлдердің» ғұмыры ұзақ болып, аға буынның жетістігін қайталайды деп сенеміз.
Сурет: voxpopuli.kz, vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина