- Негізгі бет
- Музыка
- Грэмми-2014: Шоу және...
Грэмми-2014: Шоу және жеңімпаздар
26 қаңтар күні Лос-Анджелесте «Грэмми» музыкалық жүлдесін салтанатты табыстау кеші 56-шы рет өтті.
АҚШ дыбыс жазу ұлттық академиясы музыкалық индустриядағы жетістіктері үшін жыл сайын жүлде табыстайды. Және жыл сайын жүлденің танымалдылығы артып келеді. Ал, негізі бұл жүлде 1958 жылдан бері табысталып келеді, ең алғаш рет салтанатты табыстау рәсімі экраннан тікелей эфирде 1971 жылдан көрсетіле бастады.
Әдетте «Грэмми» салтанаты ақпан айында өткізілетін, бірақ осы жылы Сочиде өтетін қысқы ойындар Олимпиадасына орай мерзімін бері жылжытты. Былтырғы жылдың 6 желтоқсанында Лос-Анджелесте номинанттардың есімдері белгілі болған еді. Ең көп жүлдеге Джей Зи, Джастин Тимберлейк, Фаррелл Уильямс және Macklemore & Ryan Lewis дуэті ілікті.
«Грэмми»-2014 салтанатын Джей Зи (17 «Грэмми» иегері, бұл жылы сегіз категория бойынша сарапқа түсті) мен Бейонс ашты. Олар Бейонстың соңғы «Beyonce» альбомынан «Drunk In Love» әнін орындады. Daft Punk өткен жылдың хиті «Get Lucky»-ді керемет орындап шықты.
Стив Уандер, Фарелл Уильямс пен Найл Роджерс әсерлі перформансты орындау үшін триоға біріккен екен, сонымен қатар Кэти Перридің шоуы ерекше болды.
Imagine Dragons тобы рэпер Кендрик Ламармен дуэт айтып шықты. Ал Пинк Нэайти Руэсспен «Just Give Me A Reason» хитін орындады.
Тэйлор Свифт те жанды дауыста «All Too Well» әнін айтып, көзге түсті.
Жанкүйерлерінің қуанышына орай, арнайы «Грэмми» үшін The Beatles тобының экс-мүшелері Пол МакКартни мен Ринго Стар дуэт болып бірікті. Онымен қоса, Стар мен МакКартниге бұл жолы музыкалық индустрияға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін «Грэмми» табысталды.
Metallica тобының (тоғыз дүркін «Грэмми» иегерлері) танымал қытай пианисі Лан Ланмен орындаған нөмірі салтанаттың ең есте қалған шоуы болды. Сонымен қатар кеште Маклемор және Райан Льюис, Джон Ледженд, Кит Урбан және Робин Тик өнер көрсетті.
Жүлде номинацияларының саны Академияның арнайы комитетінің шешіміне сай жыл сайын өзгеріп отырады. Ең алғашқы салтанатта 28 жүлде табысталған болатын. Бұл жылы «Грэмми» 82 категория бойынша табысталды. Сонымен, «Грэмми-2014-тің» жүлдегерлері:
«Жыл жаңалығы» - Macklemore & Ryan Lewis.
«Үздік R&B альбом» - Алиша Кис «Girl On Fire».
«Үздік рэп-альбом» - Macklemore & Ryan Lewis «The Heist».
«Үздік рок-альбом» - Led Zeppelin «Celebration Day».
«Үздік поп-альбом» - Бруно Марс «Unorthodox Jukebox»
«Жыл альбомы» - Daft Punk «Random Access Memories»
«Үздік соло орындау» - Лорде «Royals».
«Дуэт немесе топпен үздік орындау» - Daft Punk және Фаррелл Уилльямс «Get Lucky».
«Үздік рэп-дуэт» - Jay Z Feat. Justin Timberlake «Holy Grail».
«Үздік рок-ән» - Dave Grohl, Paul McCartney, Krist Novoselic, Pat Smear «Cut Me Some Slack».
«Үздік бейнеклип» - Джастин Тимберлейк және Джей Зи «Suit & Tie».
Сурет: spletnik.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina