Голливуд продюсерлері Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсіреді

Қазақстандық Moviq кинокомпаниясы Кери Гранат және Эд Джонс есімді голливудтық продюсерлермен бірге Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсіреді.

Картинада белгілі әнші әрі актер Әміре Қашаубаевтың шығармашылығының шыңына шыққан кезеңі баяндалады. Ол − Еуропаны қазақ халқының ән өнерімен таныстырған Кеңес одағының тұңғыш әншісі. 1925 жылы Парижде өткен EXPO-1925 көрмесінде қазақтың "Ағаш аяқ", "Қанапия", "Жалғыз арша", "Үш дос" атты ұлттық әндерін орындап, күміс жүлде алған. Фильмге әншінің орындауындағы сегіз ән шырқалады.

Moviq кинокомпаниясының өкілі Андрей Распутиннің айтуынша, фильмнің түсірілім жұмыстары сәуір айында басталады. Түсірілім жұмыстарының көбі Еуропа қалаларында, кейбірі Алматыда өтеді. Картина қазақстандық, сонымен қатар, шетелдік прокатқа да шығады. Фильмді түсіруге "Қазақфильм" киностудиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірді.

Cast.kz орталығы 1 желтоқсаннан бастап басты рөлде ойнайтын актерге кастинг жариялады. Айта кетейік, "Әміре Қашаубаев" картинасы ағылшын тілінде шығады, сондықтан да басты рөлді ойнайтын актер ағылшын тілін жетік білуі тиіс.

Қашаубаевтың рөлін ойнайтын актерге қойылатын басты талаптар: жасы 25-40 аралығында болу керек, ағылшын тілін Upper Intermediate деңгейінде білу, актерлік шеберлігі жоғары, қазақ әндерін шебер орындау және домбырада ойнау.

Басты рөлдерге: ағылшын, қазақ тілдерін жақсы білетін 55-65 жас аралығындағы ер адам; Мұстафа Шоқайдың рөліне 30-40 жас аралығындағы, ағылшын тілін білу деңгейі Intermediate деңгейінен төмен болмауы тиіс; 25-35 жас аралығындағы, ағылшын тілін Intermediate деңгейінен кем білмейтін әйел; 55-65 жас аралығындағы актерлік қабілеті жоғары, ағылшын тілін білетін әйел адам және 13-16 жас аралығындағы ағылшын және қазақ тілдерін жақсы білетін ұл бала керек.

Дереккөз:Tengrinews.kz