Талай ғашықты махаббат бесігіне бөлеп, әсем әуенімен тербеген «Ғашықтар жыры» белгілі әншілер Мақпал Жүнісова мен Сембек Жұмағалиевтің бойтұмар әніне айналған. Бұл әнді ақын Шөмішбай Сариев пен сазгер Кеңес Дүйсекеев бірлесіп жазылған.
Қос өнер иесінің ұлы одағынан туған ән осыдан отыз жыл бұрын жарыққа шықты. Әйгілі «Гүлдер» ансамблінің сол кездегі директоры Қабиден Тұяқаев Кеңес Дүйсекеевті шақырып алып: «Кеңес, қос дауыста айтатын дуэт ән жазшы,» - деп қолқа салады. Бұл сөзден кейін сазгер «Ғашықтар жыры» әнін жазады. Кейін Шөмішбай Сариев сөз жазып береді. Ән сазгерді өзіне ғашық еткен аяулы жары Баянға арналған.
Сембек Жұмағалиев
1983-1984 жылдары "Гүлдер" ансамблінде әнші Сембек Жұмағалиев жұмыс істейді. Бір күні оған Кеңес Дүйсекеев жолығып: «Менің әндерімді бар әнші орындап жүр. Сен менің әндерімді қашан орындайсың?» - деп, «Ғашықтар жыры» әнін Нағима Есқалиевамен бірге айтуды ұсынады. Сембек «Қасың қандай, қарақат көзің қандай» деп басталатын ән мәтінін қарап: «Нағимамен айтсам, сөздерін «Бойың қандай» деп өзгертуге тура келеді,» - деп әзілдейді. Сол сәтте ол сазгерге ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісова туралы айтады. Осылай қос дауыста «Ғашықтар жыры» әні жазылады.
Мақпал Жүнісова
Ән жарыққа шыққан бойда елге кеңінен таралып, бірден танымал әнге айналады. «Ғашықтар жыры» әні талай тыңдарманның жүрегінің төрінен орын ала білді. Тіпті, бәзбіреулер әншілерді «ғашық етіп, үйлендіріп» жіберген. Біраз уақытқа дейін бұл сөздер халық арасында өршіп жүрді. Қалай болғанда да, ән бұл күнге дейін тыңдарман пейілін жоғалтқан жоқ.
«Ғашықтар жыры»
Сөзін жазған: Шөмішбай Сариев
Әнін жазған: Кеңес Дүйсекеев
Қасың қандай, қарақат көзің қандай,
Күлкің қандай, шарапат сезім қандай!
Қуанатын балаша кезің қандай,
Өзің қандай, жаныма сөзің балдай.
Қайырмасы:
Көңілге жыр тұнады сен дегенде,
Жүрекке сыр тұнады сен дегенде.
Кеудеме бір ғажайып шаттық орнап,
Өмір де құлпырады сен дегенде.
Таңың қандай, жұлдызды бағың қандай,
Арың қандай, жібектей жаның қандай.
Өзің қандай, шуаққа малынғандай,
Сезім қандай, тәңір де табынғандай!
Қайырмасы:
Көңілге жыр тұнады сен дегенде,
Жүрекке сыр тұнады сен дегенде.
Кеудеме бір ғажайып шаттық орнап,
Өмір де құлпырады сен дегенде.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: altaynews.kz, kazakzaman.kz, vk.com
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/cBB8xD1UP4o?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/plYvlyiXwrE?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});