Фредди Меркьюри – британиялық әнші, "Queen" рок-тобының көшбасшысы, заманауи музыканың аңызы және миллиондаған адамның кумирі. Фредди Меркьюри бүгін, 5 қыркүйек күні, 73 жасқа толар еді. Аңыз тұлғаның туған күніне орай оның өмірі мен шығармашылығы жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.
Фаррух Булсара 1946 жылы Танзанияда дүниеге келген. Оның ата-анасы Боми мен Джер – Зороастра ілімін ұстанатын парсылықтар. Фаррух мектепке баратын кезде бұл отбасы Үндістанға көшіп, Мумбайда тұрақтайды. Фаррух барған мектеп Мумбайдан өте алыс жерде болғандықтан, ол ата-әжесінің үйінде тұрады. Мектепте Фаррухты ағылшын тілді сыныптастары Фредди деп атап кетеді.
Фредди оқуға өте ынталы оқушы болады. Ол хоккей, теннис және бокс сынды спорт түрлерімен айналыса бастайды. Ол музыкамен және сурет салумен де әуестенеді. Бірақ оған бәрінен де ән айтқан қатты ұнайды. Мектеп хоры оның көп уақытын алады. Оқушының талантын мектеп директоры байқап, оның ата-анасына бала қабілетін дамытуды ұсынып, аз қаражатқа фортепиано курсына жіберуге кеңес береді. Содан кейін Фредди Меркьюри музыка сабағына бара бастайды. 12 жасында Фредди достарымен бірге "Жындылар" (The Hectics) деп аталатын рок топ құрады. Балалар мектеп дискотекаларына шығып жүреді.
1962 жылы Фредди 16 жасында мектепті аяқтап, отбасымен бірге Занзибарға қайта көшіп келеді. 2 жылдан соң аралдағы өкімет өзгеріске ұшырайды: Занзибар Англиядан тәуелсіздік беруін талап етіп, қақтығыстар басталады. Сол себепті Булсара отбасы Лондонға көшіп келеді.
Жас жігіт беделді Илинг колледжінің студенті атанып, сурет өнері мен дизайнға бет бұрады. Сонымен қатар, музыка мен балет биімен айналысуды жалғастырады. Илингте оқып жүрген кезінде Фредди ата-анасының үйінен кетіп, Кенсингтон ауданынан пәтер жалдайды. Ол колледжде "Smile" музыкалық тобының лидері Тим Стаффелмен танысады. Топтың дайындықтарына барып жүріп, соқпалы аспапта ойнаушы Роджер Тейлормен жақын достасып кетеді.
Ол 1969 жылы колледжді аяқтап, 23-жасар Фредди графика дизайнерінің дипломын алып шығады. Ол көп сурет салуды сүйетін. Фредди Роджермен бірігіп, өзінің туындыларымен қоса басқа да тауарлар сататын шағын дүкен ашады. Сол жылы Фредди "Ibex" тобымен танысады, бірнеше күн өткен соң ол сол топтың барлық әнін жаттап алады, оның үстіне оған өз әндерін де қосады. "Ibex" тобы тараған соң Фредди өз өмірін музыкасыз елестете алмай, газеттегі хабарлама арқылы жаңа топ табады. Ол топ "Sour Milk Sea" деп аталады. Бұл музыканттар Фреддидің мүмкіндіктерін көрген бойда оны топқа қабылдайды. Фредди жақсы қозғалатын, дене мүсіні сымбатты жігіт болды және дауысы 4 октаваны құрады.
Бұл ұжымнан бір музыкант кеткен кезде топ тарап кетеді. Бірақ оның орнына "Queen" деп аталатын жаңа топ құрылады. Ол бұрынғы екі топтың жігіттерінен тұрды. 1971 жылы "Queen" тобының құрамы тұрақталады. Фредди ұжымның таңбасын салады: ортасында Q әріпі және жанында музыканттардың жұлдыз жорамал белгілері бар.
1972 жылы ұжым алғашқы альбомын жазған кезде Фредди Булсара тегін Меркьюри деген шығармашылық лақап атқа өзгертеді. Көп ұзамай Фредди Меркьюридің "Seven Seas of Rhye" әні британиялық чартқа тап болады. 1974 жылы "Queen" тобының алғашқы хиті – "Killer Queen" әні жарық көрді. Содан соң бірден одан да сәтті "Bohemian Rhapsody" әні шығады. Бұл әннің музыкалық формасы күрделі болғандықтан, оны 3 апта бойы жазады, ал басшылық болса 5-минуттық бұл туындыны шығаруға қарсы болады. Бірақ актер және радиожүргізуші Кенни Эвереттің арқасында ән радиодан ойнайды. Бұл ән рок-музыканы ұнататындардың арасында нағыз серпіліс туғызып, пластинка сатылымға шығады. Бұл туынды "The Official Charts Company" нұсқасы бойынша ғасырдың ең үздік әні атанады. Бұл топтың екінші хиті "We Are The Champions" спорттық жарыстар мен олимпиадалардың бейресми әнұранына айналады.
1980 жылы Фредди имиджін өзгертеді: шашын қысқартып қияды және мұрт өсіреді. Ал оның әнінен диско-фанк стилінің белгілері біліне бастайды.
1985 жылдың 13 шілдесінде өткен концерт Фредди мен "Queen" тобының музыкалық мансабының шыңы болды. Топ "Уэмбли" стадионындағы жұлдыздар шоуына қатысты. Бұл жерде Элтон Джон, Пол Маккартни, Дэвид Боуи, Стинг және басқа да жұлдыздар өнер көрсетті. Бірақ Фредди Меркьюридің орындауы бағдарламаның басты көрсетіліміне айналды. Дәл осы концерттен соң Фредди рок аңызына айналды. 75 мың адам "Queen" тобының әніне еліте тыңдап, қол соқты. Бір жылдан соң ұжым соңғы турын жасады: бұл жолы "Уэмбли" стадионына 120 мың тыңдарман жиналды.
Рок патшасы жазған соңғы ән "Ана махаббаты" деп аталды. Бұл әннің соңғы шумағын досы үшін Брайан Мэй жазып береді.
Фреддидің ауруы туралы сөздер 1986 жылы пайда болды. Бірақ ол оны жоққа шығарып жүрді. Фреддидің қатты жүдеп кеткенін білдірмес үшін оның соңғы клипі ақ-қара етіп түсірілді. Фредди сонда да ән шығаруды тоқтатқан жоқ. Оның соңғы альбомына кірген "The Show Must Go On" хиті " XX ғасырдың ең үздік 100 әні" қатарына енді.
1991 жылы 23 қарашада Меркьюридің ЖИТС-пен ауыратыны туралы ресми хабарлама шықты. Ол келесі күні, 24 қарашада қайтыс болды.
2018 жылы "Queen" тобы солистінің өміріне арналған "Богемалық рапсодия" драмасы шықты. Басты рөлді голливудтық актер Рами Малек ойнады.