1 қыркүйек күні «Қазақстан» телеарнасының Нұрлан Қоянбаевпен «Түнгі студия» сауықтыру бағдарламасының жаңа маусымы басталады, деп хабарлады «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Баспасөз қызметі.
Жаңа маусымда белгілі жүргізуші Нұрлан Қоянбаевтың қадірлі қонақтарының қатарынан танымал эстрада және кино жұлдыздарын, опера әншілерін, спортшыларды, режиссерлер мен продюсерлерді, ғарышкерлер мен мото байкерлерді де көре аласыздар.
Атап айтсақ, «Тунгі студия» бағдарламасына «Қазақстан барысы – 2014» жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, «Қазақстан дауысы» жобасының өткен маусымының жеңімпаздары, Вен балы және Опера балының ұйымдастырушысы Марат Омаров, көркем гимнасшы Әлия Юсупова, әртіс, сайқымазақ Мұрат Мұтырғанов және танымал байкер Дмитрий Петрухин қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, Зағипа Балиева, Бауыржан Байбек, Төлеген Мұхамеджанов, Талғат Мұсабаев және Ермек Аманшаев сынды қоғам қайраткерлері студия қонағы болуы әбден мүмкін.
Көрермендерді бұдан басқа да тосын сыйлар күтіп тұр. Нұрланның студиясында Филипп Киркоров, Николай Басков, Сергей Безруков, Вера Брежнева сынды танымал Ресей жұлдыздары қонақта болады.
Нұрлан Қоянбаев эфирдің жарты сағатының ішінде қонақтардың қыр-сырын біліп, бағдарламаның қызықты өтуіне өз септігін тигізбек.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Баспасөз қызметі, pro-goroda.ru