- Негізгі бет
- Музыка
- Эйнштейн скрипкада ойнаған...
Эйнштейн скрипкада ойнаған
Bonhams бәссауда үйінде Альберт Эйнштейннің скрипкасы сатылды. Музыкалық аспапты 1930 жылдары физикке сыйға тартқан.
Нью-Йорк қаласында өткен саудада скрипка 516 мың долларға өтті. Оскар Стэгер есімді шебер оны физик үшін арнайы жасағанынан хабар беретін "Ұлы ғалым әрі профессор Альберт Эйнштейнге арнап жасалған" деген жазуы бар.
Анасының қалауы бойынша, Эйнштейн 6 жасынан осы аспапта ойнай бастаған. "Ол өз скрипкасымен Бах, Гендель мен Моцарттың туындыларын орындап ғана қоймай, Тартинидің "Trille du diable" сонатасын бар жан-тәнімен сезіне ойнайтын" дейді ғалымның биографы Карл Зелинг. Эйнштейн аспапты үнемі өзімен бірге тасып жүрген, әр сәрсенбі сайын достарымен жиналған кештерде өнерін көрсететін.
Өздеріңіз білетіндей, бұл Эйнштейннің бәссаудаға қойылған жалғыз заты емес. Осыдан жарты жыл бұрын ғана оның қонақүйдегі шабарманға жазып қалдырған кішкене қағазы бәссаудада $1,56 миллионға өтті.
Оқиға 1922 жылы Эйнштейн Жапония астанасына лекция оқуға барғанда болған. 95 жыл бұрын Эйнштейннің Imperial Hotel Tokyo қонақүйіндегі шабарманға беретін тиын-тебені болмай қалады. Содан ол қызметкерге шайпұл (қызметі үшін беретін үстеме ақша) орнына бірқатар кеңестер жазылған парақша ұсынады.
Imperial Hotel Tokyo қонақүйінің бланкінде былай жазылған: "Тыныш әрі қарапайым өмір саған жетістікке деген талпыныстан гөрі әлдеқайда көбірек бақыт сыйлайды". Осы "бақыт рецептісі" жазылған қағазды ұсынып тұрып, оны сақтап қоюға кеңес береді. Нобель лауреаты оның құндылығы уақыт өткен сайын артады деген сенімде болды және қателеспеді.
Winner’s бәссауда үйінде бұл лотты беймәлім адам $1,56 миллионға сатып алды.
А. Оралқызы