- Негізгі бет
- Музыка
- "Евровидение-2013" Мальмада өтетін...
"Евровидение-2013" Мальмада өтетін болды
"Евровидение-2013" конкурсы Швецияның оңтүстігіндегі Мальма қаласында өтетін болды. Бұл туралы шараны трансляциялауды жоспарлап отырған Sveriges Television AB (SVT) телеканалы хабарлады.
"Евровидение-2013" сайысы Мальмада бұдан бұрын 1992 жылы өткізілген болатын. Швецияның бұл мүмкіндікке Лорин атты әншісінің осы жылғы сайыста жеңімпаз атанғаннан соң ие болғандығын да айтып өтелік.
Билік келер жылғы доданы Стокгольм қаласында да өткізу туралы да ойланып көрген екен. Дегенмен Мальманың инфраструктурасының ыңғайлылығы таңдауды өзіне аудырыпты. Оның үстіне осы қалада жыл сайын Melodifestivalen конкурсы мен "Евровидениеге" іріктеу сайсыстары өткізіліп жүр екен.
14-18 мамырда өтетін бәйгеге 40 елдің өнерпаздары қатысады деп күтіліп отыр. Сайыс 2008 жылы салынған 15,5 мың адамды сиғыза алатын Malmoe Arena алаңында өтеді.
"Евровидение-2012". Loreen. Euphoria
Естеріңізге сала кетелік, Бакуде өткен "Евровидение-2012" конкурсында бас жүлдені швециялық әнші Лорин Euphoria әні үшін 372 ұпай жинап алған еді. Екінші орын Ресей атынан шыққан "Бурановские бабушки" тобына бұйырған болатын. Әжелер Party For Everybody әнімен жұртты біраз дүркіреткен еді. "Любовь не вещь" әнін орындап шыққан Сербиялық Желько Йоксимович үшінші орынды қанағат тұтқан болатын.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: flickr.com