Еркеш Шәкеев: "Менің сиқыршым – Марат Бисенғалиев"

Бүгін, 19 мамыр, Алматы қаласындағы "Ассорти" мейрамханасында әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін алтын дискіге ие болған жалғыз қазақстандық скрипкашы-музыкант Марат Бисенғалиев пен "А-Студио", Анита Цой, Батырхан Шүкенов т.б. әншілер орындайтын танымал әндердің авторы, "ЕМА–2013" байқауында "Үздік сазгер" атағын алған Еркеш Шакеевтің "Inception" атты классикалық музыка альбомының жазыла бастауына орай баспасөз мәслихаты болып өтті.  

Баспасөз мәслихатына аталған жобаның продюсері Райхан Ескендірова, жобаның әкімшілік директоры Болат Амансүгіров пен жобаның авторы Еркеш Шәкеев қатысты. Ал жобаның екінші авторы Марат Бисенғалиев жеке себептерімен Лондоннан ұшып келе алмаса да, видео арқылы Еркеш Шәкеевтің шығармашылығына жылы лебізін білдіріп, сәлем жолдады. 

Альбом біздің музыкаға әлі таңсық неоклассика жанрында жазылған. Музыкатанушы әрі аталған жобаның продюсері Райхан Ескендірованың сөзінше, "Неоклассика жанрында қазақстандық сазгерлердің бірде-біреуі мұндай биіктікке көтеріліп көрмеген". 

Лондонның өзін болмаса да, музыка әлемінің мықтыларын жаулап үлгерген Еркеш Шәкеев бүгінгі пресс-конференцияда бұл деңгейге жету жолын ерекше тебіреніспен айтып берді: 

"Марат Бисенғалиев екеуміз бар-жоғы 4 ай бұрын таныстық. Ол маған керек барлық есікті айқара ашып берді. "А-Студио" концертінің алдында Маратқа хабарласып, оған өз шығармашылығымды жібердім. Ол кісі лезде менің шығармашылығымды тыңдап, өзінің жоғары бағасын берді. "Барлық композицияны рахаттанып тыңдап шықтым" деді ол. Одан кейін тағы да композицияларымды жолдадым. Марат бұл шығармаларға "таңғаларлықтай сұлу музыка" деп және оң бағасын берді. Бүгінде кім-кім де өз ісімен басы қатып, ешкімде шаруасы жоқ заман болды. Ал Марат барлық жағынан ғажап адам екен. Осылайша, қолға алған жобамыз көз ілеспес жылдамдықпен іске аса бастады. Маратты әлем мойындаған. Оның сөздері ұсыныс ретінде емес, атқарылуы керек іс ретінде қабылданады. Ол айтты, бітті. 

"ТМД елдерінің ішінен мынадай ғаламат музыканың шығуы таңғалдырарлық жағдай". Бұл – Лондонның симфониялық оркестрі берген баға. 

Мен шын мәнінде бақыттымын. Өйткені Марат менің композицияларымды қуана-қуана орындауда. Әйгілі әлемдік опера әншілерімен бірге альбом жазу да жоспарымызда бар. 

Менің тарихым Золушканың тарихы сияқты. Сиқыршым – Марат Бисенғалиев. Өйткені шығармашылығымды бард әндерін жазудан бастадым. Сосын "А-Студиоға" ән жаздым. Одан кейін Батырхан Шүкеновке ән жаздым. Бұл эволюция болатын. Музыканың ғана емес, жан-дүниемнің эволюциясы болатын. Жан-дүнием өзі қаламайтын шығарма тудырғанда арпалысқа түсетін. Алматыда өткен "Еркештің 50 хиті" концертінен кейін жан-дүнием тапсырыспен дүниеге келетін музыкадан үзілді-кесілді бас тартты. Сондықтан 2 жыл бойы тапсырыспен ән жазбай, тек өз шығармашылығыммен айналыстым. Әйтеуір бұл күні өз арманымды тапқаным үшін өте бақыттымын. Осыған дейін Франция, Англияға жол табу үшін біраз еңбектендім. Бірақ онымнан ештеңе шықпай, қатты қиналдым. Музыкам әлемге жете алмағаны үшін қиналдым. Осы арманымның продюсері – Мараттың өзі болды. 

Классика туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ бір нәрсе түсіндім. Қазір классика әлемінде бүкіл дүниежүзі бойынша ештеңе жазылып жатқан жоқ. Бұл маңызды емес те шығар. Бастысы біздің туындымыз оны орындайтын мамандардың көңілінен шығып, жандарына рахат сыйласа болғаны. 

Классика саласы – өнер. Ал попса – базар. Өйткені попса – сауда-саттық нарығы. Әлбетте бәрі бірдей дей алмаймын. Олардың ішінде де талантты адамдар бар. Бұл салаға әзірге қайта оралмайтын шығармын.  

Тәжірибем тек мелодия жазу керектігімді көрсетті. Сондықтан басқа мәселелерді өз ісінің мамандарына қалдырдым... Консерваторияда оқымағаным жақсы болыпты, олар миымды шаршы тәрізді етіп тастар еді (Күлді)".

Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 12-сі күні "AIR studios" (London)" британдық студиясында Марат Бисенғалиев пен Лондонның симфониялық оркестрінің орындауында Еркеш Шәкеевтің шығармалары жазыла бастады. Альбомға Марат Бисенғалиевтің жеке орындауындағы және симфониялық оркестрге арналған 11 композиция енді. Бұл пост-продакшн альбом екі ай бойы жазылады. Альбомның саундпродюсері – англиялық продюсер Александр Ван Инген. Атқарушы продюсер – DECA Сlassics. Аранжировкасын Ұлыбритания, Канада, Италия елдерінің мамандары жасауда. 


Автор: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: yerkesh-shakeyev.kz, soundbox.co.in, elarna.com