Қазақ өнерсүйер қауымына жақсы таныс топтардың бірі - Жігіттер. 15 жыл бұрын жалынды лирикалық әндерімен жұрт жүрегін жаулаған жас таланттар бүгінде елімізге белгілі өнер жұлдыздарына айналды. Нәзік лирикаға толы әуендерімен тыңдармандар ортасын қалыптастырған квартеттің үлкен сахнаға қадам басқандарына 15 жылдың жүзі болыпты. Аз да, көп те уақыт емес. Бастысы, эстрадада өзіндік дара жолдарын салып, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болар кезеңге де қадам басып келеді. Жақында топ продюсері Ерғали Әбдірайымов мырзамен сұқбаттасудың сәті түскен еді. Өзара өрбіген әңгіменің өрнегі төмендегідей: - Ерғали аға, Жігіттер квартетінің қалыптасу тарихы, алғашқы адымдар жайлы талай сұхбаттарыңызда айтып жүрсіз. Сол 15 жыл бұрын қазіргі эстрада жұлдыздарының үлкен сахнаға шыққан сәті есіңізде ме? - Алғаш рет Мұңайма деген әнмен шыққан. Әсет Бейсеуовтің концертінде ең алғаш шыққаны есімде. Ол кезде екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Айна алдында тұрып алып, ары-бері дайындаламыз. Барлығы сол бір кездің қызықты сәттері. Сол кезде Ұят болмасын деген бағдарламалар болды. Ән мен әнші бар еді. Сол екі бағдарламаға қатысып шықсаң, әнші боласың. Әнші де аз болатын. Ал жаңа айта кеткен бағдарламалардың дәуірлеп тұрған кезі еді. Тәтті естелік. - Топтың құрылып, танылғанына да 15 жыл өте шықты. Осы 15 жыл ішінде квартет үшін қай кезең қиындау болды? - Ондай бір тоқырау кезеңі болды. Бірақ өнерді ысырып қойып, басқа іспен кетіп қалған кезіміз болған жоқ. Жігіттер үйленіп, шаңырақ көтерген жылдары сәл ауырлау соқты. Үйленген соң бөлек тұрады. Әрқайсысының жағдайын жасауың керек. Сол кезде 1-2 жыл сахнадан сәл алыстап қалғандай болдық. Жұрт сендерге не болды, көрінбей кеттіңдер деп жиі айтатын. Жігіттерден Еркін кеткенде де тосылып қалғанымыз бар. Ары қарай трио болып жалғастырамыз ба, әлде тағы бір жігіт табамыз ба деп ұзақ ақылдастық. Мырзахан секілді жігіттер бар ма деп іздедік. Сөйтсек бар екен (күлді). Қазір біз ағайын-туыстай болып кеттік. - Жігіттерді танытқан, бағын ашқан қай ән? - Мен Жігіттердің бағын ашқан ән деп Ерке қызды (әні мен сөзі Б.Алдиярдікі) айтамын. Не деген сөз, не деген лирика деп шетелден де осы әнге ақжарма тілектерін арнағандар көп болды. Бұл әнді есіту үшін қаншама қаржысын шығындап, арнайы келіп, қайта-қайта тыңдайтын жандар да болды. Клипіміз де осы әннен басталды. - Қазір отандық арналарда әншілердің араласуымен өтіп жатқан тележобалар жетерлік. Мысалға Музарт Live жобасын алуға болады. Осы секілді сіздер де жоба жасау ойларыңызда бар ма? - Екі-үш жыл бұрын Жігіттердің артынан еріп келе жатқан шәкірттері болса деген ой болып, бір-екі телеарнаға тапсырыс бергенбіз. Қаржыға байланысты ол жобалар жүзеге аспай қалды. КейінненМузарт Live шығып кетті. Дегенмен бұл жоспарымыз әлі де бар. 15 жыл ішінде Жігіттер де тыңдарман ортасын қалыптастырды. Шәкірттері әзір де болғанмен, ондай жобаларды қолға алу жоспарда бар. Бәрі болашақтың еншісінде. - Жігіттер өзі жан-жақты, әндері салмақты. Сіздердің тыңдармандарыңыз өздеріңізбен өсіп келе жатқандай көрінеді. Қазір көп жастардың таңдауы к-поп секілді жанрларға көңіл бөле бастағандай. Сіздер де осыны назарға ала отырып, бірді-екілі к-поп, рэп болмаса өзгеше стильде ән айтуды жоспарлап көрдіңіздер ме? - Қазіргі ерекшеліктер мен жаңалықтарға қатысты көзқарасымды сұрайтындар көп. 50-ге келгенде таңдайтын жол жоқ менде. Осы бағытпен жүре беремін. Сол сияқты Жігіттер де 15 жыл ішінде өздерінің тыңдармандарын қалыптастырды. Сол кездегі жастардың өзі осылармен бірге өсіп келеді. Енді келіп басқа бір бағытқа ауысып кетсе, қандай болмақ? Заман талабы деп, шетелге еліктеп, Кореяға қарап, қоғам қазір осыған қызығады деп біз солай бет бұрсақ, онда қазақилығымыз қайда қалады? Бәріміз бір бағытқа кетуге болмайды. Өзіміздің қазақи әндерімізді өзге елге өзіміз насихаттамасақ, өзге ешкім насихаттап бермейді. Біз осы бағытымызды өзгертпейміз. - Жігіттер жайлы біраз дүниемен қанықтық. Енді өзіңізге қатысты сұраққа ойыссам. Бала кезден өнер саласында жүремін деп ойладыңыз ба? Қандай маман иесі болуды армандадыңыз? - Өнер саласында жүру үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Ауылда өстік. Кино көріп, Брюс Ли, Чак Норрис секілді актерлардың өнеріне тәнті болдық, еліктеді. Алматыға арман қуып келдік. Теміржол техникумын бітірдім. Одан АГУ-дің заң факультетін бітірдім. Сол бағытта жұмыс жасаймын деп ойладым. Сөйтіп жүріп Жігіттерді көріп қалдым. Кейін өнерге білек сыбана араласып кеттім. Сұқбатта топ продюсері Жігіттердің жұрт біле бермейтін қырлары, алдағы жоспарлары мен концерт кезіндегі қызықтары жайлы да айта кетті. Оның барлығын бір сұқбатқа сыйдырмай жеке-дара бергенді жөн санадық. Себебі бір тақырыпқа азық болар дүниелер. Алдағы уақытта бұл жайында да жазатын боламыз. Айта кетейік, Жігіттер квартеті 2 желтоқсан күні Алматы қаласында (Алматы Арена) 15 жылдығына арнап ән кешін өткізеді.Концерт билеттерін республика, студенттер сарайының кассаларынан, онлайн тапсырыс беретін сайттардан (kassir.kz, ticketon.kz, zakazbiletov.kz) сатып алуға болады. Сондай-ақ билеттер бойынша +7 701 988 11 22 және +7 705 815 29 29 нөмірлеріне хабарласа аласыздар.