Астана күніне орай 5-7 шілде аралығында Астанадағы Бейбітшілік пен Келісім сарайында шаһар әкімдігінің қолдауымен «Астана - Арқау» түркі музыкасының фестивалі өтеді. «Астана - Арқау» - түркі мәдениетін жоғары бағалайтын жандар мен саф өнерді кеңінен насихаттайтын орындаушылардың басын қосатын музыка фестивалі. «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілетін өнер фестивалі биылғы жылы бесінші мәрте ұйымдастырылып жатыр.
Фестивальде Түркмения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей т.б. елдерден келген өнерпаздар мен Рамазан Стамғазиев, Ұлжан Байбосынова, Айгүл Елшібаева, Ерлан Рысқали, Жақсыкелді Маясаров, Шолпан Даржанова, Абылай Тілепбергенов, Нұрболат Әбілханов, Болат Долдашов, Зульфия Баймұрзаева, Айзат Қарабекова, кәсіби сыбызғышы Талғат Мұқыш, қобызшылар Раушан Оразбаева, Мақпал Манасбаева, күйші Сәрсенғали Жүзбаев, Ақтоты Дүйсебаева, Ардақ Елеусіз, сырнайшы Жанқожа Аяпов және т.с.с. қазақтың дәстүрлі музыкасының хас шеберлері ән-жырдан шашу шашса, театр әртістері түрік халқының қалыптасу тарихын бейнелейтін «Түрік әлемі» сахналық қойылымды көрсететін болады.
2008 жылы Астана қаласының он жылдық мерейтойында бастау алған музыка мерекесінің биылғы жылы өрісі кеңейіп, халықаралық деңгейде өткізілетін болады. Фестивальде қауым якут шамандары мен хакас, алтай, тувалықтардың көмей әндерін, Оңтүстік Сібір мен Орта Азия халықтарының эпикалық жырлары шырқалып, көнеден келе жатқан түркі аспаптарда күй-жырлар орындалады.
«Астана - Арқау» түркі музыкасының фестивалі - түркі халықтарының тамыры тереңде жатқан кәсіби дәстүрлі музыкасын дамытатын, мәдени байланыс орнататын игі шара. Басты мақсаты – түрік мәдениетін жаңғырту, ұлттық дәстүрді насихаттау, халық бірлігін нығайту. Ғасырлар тереңінен тамыр тартқан төл өнер дәріптелетін шара аясында «Астана тоғысындағы мыңжылдықтар» көшпелілер өркениеті жобасы ұйымдастырылады. Фестивальді тамашалауға келген көрермен қауым түрік мұрасының құнды қазыналарымен қауышса, шараға қатысатын өнерпаздар өзара тәжірибе алмасады.
Фестиваль ұйымдастырушысы әрі продюсері Айгүл Бейсенбаеваның айтуы бойынша, «Астана - Арқау» түркі музыкасының фестивалі қандас мәдениеттерді қайта біріктірер дәнекер болып табылады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: astanaday.kz