Регги сазгерлері мен орындаушыларына үңілетін болсаңыз, олардың музыкалық аспаптарының рок музыканттарының жабдықтарына ұқсас екенін байқайсыз. Айта кетейік, электрогитара мен бас-гитара ең басты дыбыстаушы аппараттар.
Мүмкін мұны рок жанрынан бөлініп шыққан жаңа бағыт деп ойларсыз. Дегенмен, олай емес екен. Қанша ұқсас келгенімен, олардың тарихы мен орындаушылық сарыны әлдеқайда өзгеше. Себебі, реггистер релаксациялық пайымды ұстанады екен. Нақтырақ айтқанда, регги – демалу үшін орындалатын әуендік сарын. Түбі 1960 жылдары Ямайкада пайда болған заманауи музыкалық жанрлардың бір түріне қызығушылық танытатындар Қазақстанда да жетерлік екен.
Бұл жанрдың еліміздегі орындаушыларының санын көбейтіп, шыңдау мақсатында Tengri FM ұлттық радиосы "Тенгри шыңында" атты байқау ұйымдастырып келеді. Күні кеше өткен байқаудың алтыншы маусымы Алматының Event City Hall түнгі клубында өтіп, оған әйгілі "Агата Кристи" тобының бұрынғы фронтмені Глеб Самойлов келіп жеке орындауындағы әндерімен жиналған қауымды қуантып кетті. Арнайы кешке кіру құны қымбат болса да, қызығушылық танытқандардың саны кем болмағаны бірден байқалды. Демек, Қазақстанда да регги жанрындағы музыканы сүйіп тыңдайтындар мен орындаушылардың саны артып келе жатқанын көреміз.
Реггидің тұңғыш орындаушылары Африка құрлығынан көшіп барған ямайкалықтар болған екен. Демек, музыканың стильдік бейнесінің Африка мәдениетіне жақындығы бар екенін пайымдау қиын емес. Тіпті, оны орындаушы әншілердің киім үлгісі мен шаш үлгілеріне қарап біле аласыз. Қазіргі реггистер электрогитара, бас-гитара, соқпалы және электроорган секілді музыкалық аспаптарды қолданып жүр.
Бір қызығы, Глеб Самойлов қатысқан кеште еш артық шу болған жоқ. Көрермендер тыныш қана белгілі реггистің орындауындағы әндерді тыңдап шықты. Тіпті, сұрақтың өзі жазбаша қойылды.
Музыка қоғамда белгілі бір таным немесе субмәдениеттің пайда болуына негізгі түрткі болушы факторлардың бірі екені белгілі. Бұл кеште біз киім үлгілеріне қарап рокерлердің, яппилер мен хиппилердің жүргенін байқадық. Тіпті, шашын регги музыкасының королі атағына лайық Боб Марлидің шаш үлгісіндей етіп алғандар да табылады.
Регги Қазақстанда енді ғана дамып келеді. Кешке қатысқан iFLY, Alatau Jam және Had'n Tea топтарының кәсіби біліктері жоғары. Қызығушылық танытқан оқырмандарымыз болса, жоғарыда айтылған орындаушылар мен қонақтар туралы ақпаратты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: massaget.kz