Электродомбыраға шетелдіктер қызығушылық білдірді

Электродомбыраға шетелдіктер қызығушылық білдірді

The Spirit of Tengri этнофестивалінің қатысушылары Алматыда баспасөз конференциясын өткізді. Айта кетелік, жиынға тек қазақстандық музыканттар келді. Нақтырақ айтқанда, журналистердің сұрақтарына жетігенші Қорлан Кәртенбаева, "Роксонаки" тобының жетекшісі Руслан Қара және "Алдаспан" тобының мүшелері жауап берді.

Бірінші сөз алған Қорлан Кәртенбаева фестивальден алған әсері туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, шараға қатысу оны үлкен қуанышқа бөлеген. "Маған ұсыныс жасағанда мен қуана-қуана қабылдадым. Себебі этномузыканы қазіргі заманның музыкасымен байланыстыру мен үшін өте қызық болды. Және Қазақстанның намысын да қорғағым келді", - деді Қорлан.

ва

Жетігенші Қорлан Кәртенбаева

Ол сонымен қатар, ежелгі музыканы қазіргі заман музыкасымен үйлестірудің оңай нәрсе еместігін және бұның көп еңбекті қажет ететіндігін айтып өтті. Қорлан бұл тұрғыда сәтті жұмыс істеп жүрген шетелдік фестиваль қатысушыларын тілге тиек етті. "Намгар тобындағы ятаган аспабында ойнайтын орындаушымен жақын таныстым. Екеуміз көп тәжірибе алмастық. Мен ол кісінің аспабында ойнап көрдім, ол менің аспабымда (жетіген - ред.) ойнап көрді. Бұрауларын сұрап жатты. Бұдан басқа Болайт Байрышев, Чылтыс атты музыканттармен таныстым. Бұл үлкен тәжірибе деп ойлаймын", - деді ол. Жетігенші сөз соңында алда дәл осындай фестивалдердердің жиі өткізіліп тұруын тіледі. Оның айтуынша, бұндай шаралар жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттаудың таптырмас құралы. 

Айта кетелік, Қорлан Кәртенбаева сахнаға фестиваль үшін арнайы дайындалған "Нөсер" композициясымен шыққан болатын.

"Роксонаки" тобының жетекшісі Руслан Қара концерттің басталуына 1 сағат қалғанда алаңға жұрттың лық толып қалғандығын айтып, таңданысын білдірді. Оның айтуынша, музыканттар 4 сағат бойы ешқандай үзіліссіз өнер көрсетсе де халық тарқамай композицияларды соңына дейін тыңдады. Музыкант бұдан басқа фестивальдің коммерциялық мақсаттарды көздемейтіндігін жұрттың біле жүргенін қалайтындығын жеткізді.

ва

"Роксонаки" тобының жетекшісі Руслан Қара

"Фестивалдің коммерциялық еместігі болашақта шараға қаржылай қолдаудың қажет болатындығын білдіреді. Мәдениет министрлігінің де тікелей қолдауы қажет болуы мүмкін. Естеріңізде болса, "Азия дауысы" атты керемет фестиваль қаржының жетіспеуінен жабылып қалған болатын. Елімізде бұндай фестивалдің болуы өте қажет нәрсе", - дед олі. Руслан Қара, сонымен қатар, The Spirit of Tengri-дің ұлттық дәстүрлі музыка фестивалі емес, ұлттық дәстүрлі музыка негізіндегі заманауи музыка фестивалі екендігін айтты. "Ұлттық дәстүрлі музыканың дамуының өз жолы бар. Ал жастарды бұған қызықтыру тұрғысында The Spirit of Tengri өте пайдалы шара", - деді ол.

Руслан Қара "Роксонаки" тобының шығармашылығы туралы да айтты. Музыкант шығармашылықта жүрген 23 жыл ішінде музыка саласына тереңірек үңіле бастағандықтарын айтты. "Музыкаларымызға бақсылардың сарындарын қосып жүрміз. Архивтардан бақсылардың сарындары туралы ақпараттарды алдық. Бұларды бізден басқа істейтін ешкім жоқ. Қалай болғанда да бұл халықтың құлағында жүргені жақсы", - деді музыкант.

ва

"Алдаспан" тобы

Ал "Алдаспан" тобының соло-домбырашысы Мақсат Хасанов электродомбыраға деген халықтың қарым-қатынасы туралы айтып берді. "Кейбір адамдар электродомбыраны жылы қабылдамай жатады. Себебі бұл уақытқа дейін домбыра айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған болатын. Ахмет Жұбанов біркелкі кәсіби домбыраны енгізгеннен кейін аспаптың құрылымына, формасына қол тигізілмеген болатын. Тек Асылбек Еңсепов, Ұлытау топтары ғана ішінде пьезо лентасы бар домбырамен шығып жүрді. Ал біздің домбыра түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Әлемдегі көптеген акустикалық аспаптың дәл осындай электронұсқасы бар. Сондықтан бұдан қорықпау керек. Осы арада айта кетейін, шетелдіктер электродомбыраға қатты қызығушылық танытты", - деді.

ва

"Алдаспан" тобының соло-домбырашысы Мақсат Хасанов

Мақсаттың айтуынша, "Алдаспан" тобының аспабы ғана емес, музыкасы да жаңалық болып есептеледі.

Осы топтың бас домбырашысы Шамшаддин Омар фестивальдің пайдасы туралы айтты. "Дәл мұндай түркі-моңғол музыкасына акцент беретін фестиваль әлемде жалғыз болуы мүмкін. Алғаш рет өткізіліп тұрса да жоғарғы деңгейде өтті. Этникалық музыка ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Орындаушылар өз ұлтының мәдениетін заманауи музыкамен үндестірсе еш ұтылмайды. Қайта мәдениеттің танылуына жақсы ықпал етеді", - деді.

ол

"Алдаспан" тобының бас домбырашысы Шамшадин Омар

Шамшадин, сонымен қатар, шарада электродомбыраның барлық мүмкіндіктерін көрсете алмағандықтарын айтты. "Төкпе күйді көрсеттік. Халық әндерін айттық. Бірақ Thrash metal (музыкалық бағыт - ред.) мен шертпе күйді көрсете алмадық", - деді ол.

Осы орайда топтың ритм-домбырашысы Бақытжан Желдербаев: "Фестиваль аясында біздің басты мақсатымыз этникалық бағыттағы музыканы ұсыну болды, рок дыбысымен қазақы музыканы тыңдату болды. Осы себепті сахнадағы бар-жоғы 20 минуттың ішінде көптеген композицияларымызды орындай алмадық", - деді.

ва

 "Алдаспан" тобының ритм-домбырашысы Бақытжан Желдербаев

Оның айтуынша, электродомбыраның мүмкіндіктері өте көп. Оның кейбір сырлары әлі күнге дейін ашылу үстінде.

"Алдаспан" тобының жетекшісі Нұржан Тойшы қазақ музыкасы туралы сөз қозғады. "Біз қонақшыл халықпыз ғой. Қонақтікін мақтаймыз. Мен де оларды мақтағым келеді. Барлығы да ұнады. Бірақ сізге сырымды ашайын. Бәрібір біздің қыпшақ еліндегі, қазақ еліндегі аспаптар ұтымды көрінетін сияқты. Шеберлігіміз де олардан асып түсетін сияқты", - деді музыкант.

про

"Алдаспан" тобының жетекшісі Нұржан Тойшы

Оның айтуынша, қазақ фольклорында үлкен шеберлікті қажет ететін шығармалар өте көп. "Бұл тұрғыда бізге жету қиын. Әрине өзге халықтар көмеймен ән айтудан озық тұр. Бірақ аспаптық орындау жағынан біз алда тұрмыз", - деп аяқтады сөзін Нұржан Тойшы.

Естеріңізге сала кетелік, The Spirit оf Tengri тұңғыш халықаралық  этникалық музыка фестивалі 8 маусым күні Алматыда өткен болатын. Музыка стилімен ерекшеленген фестивальға түрлі елден келген 12 танымал музыкалық ұжым қатысқан еді.

The Spirit оf Tengri Tengri FM радиосы мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы болып табылады. Жобаның мақсаты – Алтай мен Саяннан Сібірге, Оралдан Орталық Азияға дейінгі жерлердің этникалық музыка орындаушыларының шығармашылық байланысына жол ашып, осы саланың дамуына үлес қосу.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ©Еркебұлан Қайрахан