2 желтоқсанда өтетін Алматыдағы тұңғыш рок-премияда электрогитара мен электродомбыраның жекпе-жегі ұйымдастырылатын болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz. «Алдаспан» тобының музыканты Мақсат Хасанов пен «Angry Ants» тобының соло-гитарисі Нодар Машуров сахнаға көтерілмек.
Электродомбыра – біршама жыл бұрын ғана пайда болған жаңа аспап. Сондықтан да тыңдарман қауымға оның дыбысы мен табиғаты жаңалық болады деп күтілуде.
Қазіргі таңда концертке бәсекелес топтар оркестрмен бірігіп қызу дайындалып жатыр. 18 адамнан құралған оркестр бірігіп 6 композициялық шығарма ойнайтын болады. Сонымен қатар, оркестрмен бірге "Nissa J" және "Motor-Roller" топтары да өнер көрсетпек ниетті.
Белгілі болғандай, концерт Республика сарайында өтпек. "Алаш Медиа Групп" холдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев бұл концертте ешқандай да фонограмма болмайтынын айтты. Екінші кезекте «Аквариум» тобы мен Борис Гребенщиков қайталанбас бағдарламасымен өнер көрсететін болды. «Аквариум» тобы 1970 жылдары жазылған шығармаларын да ойнамақ.
Тұңғыш ұлттық рок-музыка премиясында алдын ала «Тенгри шыңында» атты жобаның 4 кезеңінен өткен 20 музыкалық ұжым бәс тігеді.
Аталымдарды тізіп өтейік:
- «Ер адам вокалы»
- «Әйел адам вокалы»
- «Үздік топ»
- «Үздік трек»
- «Аранжировка»
- «Рокқа деген адалдығы үшін»
- «Поэзия»
- «Интернет таңдауы»
Жеңімпазды комиссия қатысушыларының даусы анықтайды. Қазылар алқасына Ресей мен Қазақстанның музыкатанушылары кірген.
Марапаттау рәсімі Алматы қаласында 2 желтоқсанда өтпек.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: tengrinews.kz