Ресейдегі “Голос дети” байқауының жеңімпазы, жас әнші Ержан Максим Польшаның Гливице қаласында өткен Junior Eurovision 2019 байқауында екінші орын алды.
Биыл музыкалық байқаудың финалына 19 жас әнші өнер көрсеткен. Оны “Хабар” телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Қазақстандық жас вокалист “Арманнан қалма” әнін орындады. Ереже бойынша, жеңімпазды телекөрермендердің дауыс беру нәтижесі мен құрамына үшеуі ересек және екеуі балалардан құралған 5 адам, байқауға қатысушы елдердің төрешілері анықтады. Ержан 227 ұпай жинады. Бірінші орынды поляк орындаушысы Виктория Габор алды - 278 ұпай. Үшінші орын Испания әншісінде. Жас дарын Ержан Максимді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
“Ержан Максим беделді Junior Eurovision ән байқауында жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл теңдесі жоқ, тамаша жетістік! Сені, ата-анаңды және ұстаздарыңды осындай маңызды жеңіспен құттықтаймын. Алар асуларың биік болсын! Алға!”, -деп жазды мемлекет басшысы twitter әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Қазақстан Junior Eurovision ән байқауына осымен екінші рет қатысты. 2018 жылы Минскіде өткен жарыста 12 жастағы Данелия Тулешова алтыншы орын алған еді.