Қазақтың халық әндерімен пара-пар келетін «Дудар-ай» әнін естімеген жан кемде кем шығар. Әннің шығу тарихына терең үңілмесе де, алдыңғы әуенін естіген бойда ыңылдай кететіні хақ. Бұл әннің авторы Мариям Жагорқызы есімді орыс қызы.
Мария Егорқызы Рыкина (1887-1959) қазақ жеріне көш аударған қарапайым шаруаның қызы. Мария Ақмола облысында өскендіктен қазақ тілін жетік меңгерген, домбыра тартуды да білген екен. Ол Дудар (кейбір деректерде Дүйсен деп айтылады) есімді қазақ жігітін құлай сүйіп, ғашықтық ғаламатынан әсем әнді дүниеге әкелген. Ән жарыққа шыққан бойда кеңінен таралып кетті. Көбі ән авторын білмегендіктен оны халық әндерінің қатарына қосып жіберген. Кейін музыка зерттеушілері А.Затаевич пен Б.Ерзакович әнді тереңірек зерттеп, шығу тарихын анықтаған.
Мариям Жагорқызы
Бұл әнді алғашқылардың бірі болып көмейіне бұлбұл ұя салған қазақтың біртуар әншісі Әміре Қашаубаев орындаған. Ән негізінде поэма да, опера да жазылды. Қазіргі таңда әсем әнді өз репертуарына Сембек Жұмағалиев, Медеу Арынбаев, Жұбаныш Жексенұлы, «Арнау» дуэті т.с.с. бірқатар өнер жұлдыздары қосқан еді.
Мөлдір сезім мен шын ғашықтықтан туған әннің жарыққа шыққанына қаншама уақыт өтсе де, өз әсемдігін жоғалтпай, талай ұрпақтың санасына сезім дәнін еге алды.
Дудар-ай
Әні мен сөзін жазған: Мариям Жагорқызы
Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он алты, он жетіге келген кезі.
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі.
Қайырмасы:
Дудар-айым, Дудым,
Бір сен үшін тудым!
Шіркін-ай, Дудар-айым, Дудым!
Дудар-ай, ақ боз атты жемдедің бе,
Жеріңе уағда айтқан келмедің бе?
Жеріңе уағда айтқан келмей қалып
Мариям заты орыс деп сенбедің бе?
Қайырмасы:
Дудар-айым, Дудым,
Бір сен үшін тудым!
Шіркін-ай, Дудар-айым, Дудым!
Ащыкөл, Тұщыкөлдің арасы бар,
Басыңа кәмшат бөрік жарасып тұр.
Дудар-ай, келер болсаң, тезірек кел,
Орныңа талай жаман таласып жүр.
Қайырмасы:
Дудар-айым, Дудым,
Бір сен үшін тудым!
Шіркін-ай, Дудар-айым, Дудым!
Қолында Мариямның өткір қайшы,
Қағазға «Мариям» аты жазылсайшы.
Қор болып бір жаманға кеткенімше
Алдымнан қазулы көр табылсайшы!
Қайырмасы:
Дудар-айым, Дудым,
Бір сен үшін тудым!
Шіркін-ай, Дудар-айым, Дудым!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: vk.com, krugsveta.com
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/MoM95eKAnfo?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});