Дрейк — Spotify тарихында әні 50 миллиард рет ойнатылған (тыңдалған) алғашқы әнші. Бұл ақпарат танымал стриминг платформалар мен чарттардағы әншілердің рейтингін бақылайтын ChartData твиттер парақшасында жарияланған болатын. Ал ChartMasters дерегіне сүйенсек, Дрейктің жеке орындаған туындылары 35,72 миллиард рет қойылса, дуэт ретінде жазылған композициялары 14,3 миллиард рет тыңдалған.
Drake via his IG story pic.twitter.com/olaTZqwCHh
— Drake Direct (@DrakeDirect_) January 18, 2021
18 қаңтар күні Дрейк Instagram Stories платформасында жетістігінің жаңа белесін бөлісті, ал рэпер Future әріптесін құттықтады.
Оның композицияларының арасынан көш бастап тұрғандары — "One Dance" (1,964 млрд стрим), "God’s Plan" (1,674 млрд) және "In My Feelings" (1,094 млрд). Кейінгі орынға "Hotline Bling" (942 млн) және "Nice For What" (877 млн) жайғасқан. Дрейктің ескі әндері де жақсы нәтиже бергенін атап өтпеске болмайды: "Best I Ever Had" (2009) 286 миллион рет тыңдалса, "Take Care" (2012) — 344 миллион рет тыңдалған. Дәл қазіргі сәтте Дрейктің Spotify-парақшасына 51,4 миллион тыңдарман жазылған.
Осы айда Дрейк "Certified Lover Boy" атты алтыншы альбомын жарыққа шығаруы тиіс. Қазан айында ол музыкалық трейлермен бөліссе, тамыз айында басты әуен ретінде таңдалған әнді ұсынған болатын.
Дрейктің "Scorpion" атты соңғы альбомы 2018 жылы жарыққа шықты. Ал 2019 жылы ол жарыққа шықпай қалған әуендерінен тұратын "Care Package" атты жинағын ұсынса, 2020 жылы — "Dark Lane Demo Tapes" микстейппен қуантты. Одан бөлек, өткен жылы ол Future, Lil Yachty, Headie One, DJ Khaled, 21 Savage және Брайсон Тиллермен бірлесе жазылған тректерді ұсынған еді.